ҰҚШҰ әскері 2 күннен соң елден шығарылады
ҰҚШҰ-ның бітімгер күштерінің негізгі миссиясы сәтті аяқталды. Мұны бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жалпы, контртеррористік операцияның негізгі фазасы аяқталғанына тоқталған Президент, еліміздің барлық өңірінде ахуал тұрақты екенін жеткізді.
«Осыған байланысты ҰҚШҰ-ның бітімгер күштерінің негізгі миссиясы сәтті аяқталды деп мәлімдеймін. Екі күннен кейін ҰҚШҰ-ның бірлескен бітімгер контингентін кезең-кезеңмен шығару басталады. Контингентті шығару процесі 10 күннен аспайды», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Президент ҰҚШҰ туралы шетелде тарап жатқан жаңсақ пікірдің алдын алу керектігін атады.
«Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жеке тоқталғым келеді. Бұған қатысты түрлі қауессеттің, әсіресе, шетелде тарап жатқан жаңсақ пікірдің алдын алу қажет. Бұл ұйым ұжымдық қауіпсіздік мәселелерімен айналысады. Қазақстан оның толыққанды құрылтайшысының бірі. Осы ұйымның барлық мүшелерінен жасақталған бітімгершілік контингенті Қазақстанға уақытша мерзімге ғана келді», – деген Президент ұйымға жүктелген міндеттер нақты айқындалғанын баса айтты.
«Лаңкестерге қарсы операцияны толығымен Қазақстанның күштік құрылымдары жүзеге асыруда. Шын мәнінде солардың жанкешті іс-әрекетінің арқасында төңкеріске жол берілген жоқ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.