Пластик те кәдеге асады
«ССКӨБ» АҚ Экология және жер қойнауын пайдалану департаментінің қолдауымен Рудныйдағы №19 орта мектепте пластикті жергілікті өңдеу шеберханасы ашылды.
Бұдан былай оқушылар тұрмысқа қажетті заттарды пластиктен өздері жасай алады. Бұл «Жастар» қоғамдық бірлестігі мен кен алыбының әріптестігі нәтижесінде мүмкін болып отыр. Оқу орнында өткен таныстырылымда эко-белсенділер мамандандырылған «Танымды экология және энергия үнемдеу орталығы» сыныбын көрсетті. Жобаның негізі ретінде голландиялық эколог-өнертапқыш Дейв Хаккенстің технологиясы алынған.
– 2019 жылдан бастап Қазақстанда пластик қалдықтарды полигонда көмуге тыйым салынады. Бүгінде Қазақстанда қоқыстарды сұрыптайтын екі зауыт қана бар, Астанада және таяуда Алматыда ашылған. Сол себепті қоқысты қайта өңдеу мәселесі өткір тұр. Оларды жинайтын және сұрыптайтын ұйымдардың көпшілігі пластик өнімдерін қайта өңдеумен айналыспайды. Тек Ресей мен Қытайға қайта сату үшін қайталама шикізатты шығарады. Біз, тым болмағанда, бастапқы деңгейде пластик қалдықтарды қайта өңдеп, одан жаңа өнім өндіруді үйренуіміз керек деп ойлаймын, – дейді «Жастар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Максим Фролов.
Жобаны жүзеге асыру үшін станоктар сатып алынды. Дейв Хаккенс ойлап тапқан технология балқытылған пластиктен жаңа формаларды құрастыруға болатын 3D-принтердің жұмыс принципіне ұқсайды. Өзінің жобасы Дейв Precious Plastic – «Құнды пластик» деп атады.
Сатып алынған жабдықтар гүл өсіретін құмыралар, шелектер, ыдыстар, плафондар, принтерге арналған жіп, интерьерлік плиткалар мен тағы да басқа қажетті заттарды шығаруға мүмкіндік береді.
– Рудныйдағы пластикті жергілікті өңдеу шеберханасы – Қазақстан аумағындағы «алғашқы қарлығаш». Қарашада Алматыда екіншісі пайда болады. Жүйе шредерден, шикізатты балқымаға айналдыратын экструдерден, қысыммен құю құрылғысы мен фрезерлік станоктан тұрады. Барлық жабдықтар қоқыстарды қайта өңдейтін өнеркәсіптік кәсіпорындарда жұмыс істеп тұрған станоктардың тұрмыстық көшірмесі болып табылады, – дейді «Rocket Plastik» шеберханасының негізін салушы Данияр Бакимов.
Пластикті қайта өңдеуді үйрететін шеберхана бұл мектепке кездейсоқ орнатылған жоқ. Мектептік экологиялық үгіт-насихат бригадасы биыл «ECO FEST» фестивалінің жеңімпазы атанды. Іс-шараны Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында қала құраушы кәсіпорын өткізген болатын. Сыйлық ретінде жеңімпазға Дейв жүйесін орнатуға сертификат табысталды. Енді балалар қоршаған ортаның жақсаруына өз үлестерін қоса алады.
Айта кетейік, Еуразиялық Топта қоршаған әлемнің тазалығы үшін күрес жыл сайын қарқындап келеді. Осындай арнайы сыныптар экологиялық жағдайға немқұрайлы қарамайтын ERG кәсіпорындарының болашақ мамандарын тәрбиелеуге мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ