Тәуелсіздікке тарту! Бірнеше ауылға газ берілді
Бүгін Денисов ауданына қарасты Алчанов және Антонов ауылдары мен Қарабалық ауданының Тоғызақ елді мекеніне табиғи газ қосылды.
Құрылыс барысында 60 шақырым газ құбыры, 5 блокты және 1 шакфтық газ тарту пунктері салынды. 3 ауылдағы 1000 үйдің 110-ы көгілдір отынға қосылған, тағы жүз шақты үйдегі монтаж жұмыстары толығымен аяқталды. Аталған нысандар мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында іске асырылып отыр.
Газ құбырын іске қосуға арналған салтанатты рәсімге Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов пен «ҚазТрансГазАйақ» АҚ Қостанай өндірістік филиалының директоры Ескендір Қайыбжанов қатысты.
«Бұл бастама инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде қолға алынды. Міне, бүгін көптен күткен игі іске де қол жетті. Тәуелсіздік күніне тарту деп қабылдаңыздар. Жалпы, газ тарату желілерін салуға облыстық бюджеттен 169,3 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл қазіргідей ауыр кезеңде жасаған аса маңызды қадам. Осындай мүмкіндіктер үшін «ҚазТрансГаз» компаниясына алғысымыз шексіз», – деді облыс әкімі.
Мұқан Садуақасовтың айтуынша, екі жыл ішінде облыс бойынша 8 газ тарату пункті ашылған. Осылайша, табиғи газды пайдалану көрсеткіші өңірде 10 пайызға көтерілді.
Естеріңізге сала кетсек, 2015 жылы Мемлекет басшысының өндірістік процестерді тұрақтандыру жөніндегі тапсырмасы аясында, газ құбырларының қалыпты жағдайда жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ және Қостанай облысы әкімдігі арасында меморандумға қол қойылды. Меморандумға сәйкес, облыс әкімдігі жер телімдерін бөліп, газдандыру нысандарын салуға мүмкіндік беретін тиісті рұқсатнамалық құжаттарды әзірледі.
Суреттерді түсірген БағдатАХМЕТБЕКОВ.