Қыран қанатты қаламгер

ғафуҚостанайдағы №9 қазақ орта мектебінде Ғафу Қайырбековтың 90 жылдығына арналған «Қыран қанатты қаламгер» атты әдеби-сазды кеш өтті. Шараға Ғафу ақынның көзін көріп, тағылымын алған Серікбай Оспанов, Нағашыбай Мұқатов сынды қаламгерлер, ұлағатты ұстаз Кәбира Кәкімжанова, т.б. көпшілікке есімдері таныс өнерпаздар қатысты. Кеш барысында Серікбай Оспанов шәкірттерге ақынның азаматтық тұлғасы жайлы әңгімелесе, Н. Мұқатов Ғафу өлеңдерінің жанрлық ерекшелігіне тоқталды. «Жуырда Татарстанға бардық. Сонда татарлар бізді Ғафу мен Шәмші аталарыңның «Ана туралы жырымен» қарсы алды. Тебіреніске толы керемет күй кештік. Барлығың Ғафу атындағы мектепте білім алып жатырсыңдар. Сондықтан Ғафудың ұрпақтары – сендерсіңдер. Жақсы оқып, сапалы білім алып, Ғафу аталарыңдай үлкен ақын болмасаңдар да, үлкен азамат болуға ұмтылыңдар» – деді С.Оспанов. Аталған білім ошағында Ғафу Қайырбековтың мұражайы жұмыс істейді. Кезінде бұл мәдениет ошағының ашылуына көп үлес қосқан зейнеткер ұстаз Кәбира Кәкімжанова оқушыларға ақын тұтынған  дүние-мүлік пен музейге қажет өзге бұйымдарды жинау, мұражайды ашу барысында көлденеңдеген қиыншылықтар жайында айта келіп: «Енді, міне, бүгінде Қостанайда Ғафаңның бір үйі бар. Сол үйде оқу, білім алу бақыты сендерге бұйырды. Ақын әруағы барлығыңды қолдап жүрсін» – деп батасын берді.
Шара барысында Астана қаласындағы Ғафу Қайырбеков  мұражайы туралы бейнебаян көрсетіліп, артынша мектеп шәкірттері ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Ғафу өлеңдерін оқу мұнымен біткен жоқ. «Еркін микрофон» ұйымдастырылып, Ғафу поэзиясын кеш қонақтары мен ұстаздар да білгенінше жатқа оқыды.
Кеш соңында бастауыш сынып оқушылары арасында өткен этногеографиялық зияткерлік ойын жеңімпаздары марапатталды. Ойын түрінде өткен қалалық білім байқауы Ғафу Қайырбековтың 90 жылдығына орай ұйымдастырылған. Байқау қорытындысы бойынша, М.Хәкімжанова атындағы №20 мектептің «Сұңқар» тобы үшінші орынды иеленсе, екінші орын №115-мектептің «Жұлдыз» тобына бұйырды. Ал С.Мәуленов атындағы №24 мектептің «Ұлы дала ұланы» тобы байқау жеңімпазы атанды.      
 
Нұрқанат Құлабаев

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓