Азық-түлік жәрмеңкесі өтті
Бүгін Қостанай қаласында облысқа қарасты барлық аудан-қаланың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің қатысуымен жәрмеңке өтті.
140-тан астам кәсіпкерлік субъект сауда-саттыққа жалпы салмағы 138 тонна тауар әкелді. Оның ішінде, ет өнімдері – 30,5 тонна. Баға нарықтағыдан әлдеқайда арзандау. Мәселен, сиыр етінің келісі 1350-1400 теңгеден, жылқы еті 1500-1600, қой еті 1300-1400, шошқа еті 1150, құс еті 700-900 теңге аралығында сатылды. Тұрғындар 1-сұрыпты ұнның келісін 80, жоғары сорттысын 100 теңгеден алды. Сондай-ақ, сөреге барлығы 8,6 тонна жарма мен макарон өнімдері қойылған. Айталық, күріш 200, қарақұмық 120, макарон өнімдерінің келісі 140 теңгеден саудаланды. Бізге мәлім болғандай, жәрмеңкеге 126 000 дана жұмыртқа әкелініпті, оның ондығы 190-210 теңгеге бағаланған. Бұл жерде 1 келі қант 220 теңгеден, күнбағыс майының литрі 380-390 теңгеден өткізілді. Түс мезгіліне дейін 35 тонна картоптың келісі 50-60 теңгеден сатылғандықтан болар, тұрғындар таразы үстінен бөлісіп әкетті. Көкөністер құны да көңіл көншітеді: сәбіз бен қызылша 60, орамжапырақ 50 теңгеден ұсынылды.
Сатылған өнімдердің жалпы сомасы 60 млн теңгеге тең.
– Мен өңір тауар өндірушілеріне алыс айтқым келеді. Біз облыста бүгінге дейін ұзын саны 217 жәрмеңке өткізіппіз. Келесі сауда-саттық шарасын жаңа жылға қарсы, яғни мереке алдында ұйымдастыру жоспарланып отыр, – деді шараға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов.