Бюджет қаражаты – әлеуметтік салаға
Облыстық мәслихаттың алтыншы шақырылымының кезекті сессиясында 2016-2019 жылдарға арналған “Денсаулық” бағдарламасының өңірде іске асырылу барысы, Қостанай облысының 2017 жылғы облыстық бюджетінің атқарылуы мен облыстық мәслихаттың 8 желтоқсандағы №213-ші “Қостанай облысының 2018-2020 жылдарға арналған бюджеті туралы” шешіміне енгізілген өзгерістер туралы қаралды.Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Б.Есенғұловтың айтуынша, бұл өзгерістер жергілікті атқарушы органның бастамасымен жүзеге асырылды. Негізгі себеп – салық базасының өсуі және үнемделген қаражатты қайта бөлу. Әр салаға бағытталған 3,5 млрд. теңге сомасындағы бюджет қаражатын тарқатып айтар болсақ, ең негізгі басымдық денсаулық, спорт, мәдениет, білім, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы сияқты әлеуметтік салаларға бөлініп отыр. Мәселен, денсаулық сақтау басқармасына 574 млн теңге, оның ішінде медициналық ұйымдарға 5 цифрлық рентген аппаратын және облыстық ауруханаға бір хирургиялық рентген аппаратын сатып алуға 537,4 млн теңге, ал жедел жәрдем шақыруларын қабылдау және өңдеу бойынша облыстық кезек күттірмейтін жедел медициналық көмек станциясы құрамында облыстық Call- орталығын құруға және жедел-жәрдем шақыруларын қабылдау және өңдеу бойынша басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізуге 37 млн теңге бөлінбек.
Дене шынықтыру және спорт басқармасына деп қарастырылған 523 млн. теңгенің 98,6 млн теңгесі “Затоболец” стадионын, ал 19 млн теңге Заречное ауылындағы ипподромды ағымдағы жөндеуге, 338,5 млн теңге облыстық деңгейге берілген Рудный қаласындағы спорттық клубтарды қаржыландыруға және 19 млн теңге паралимпиада чемпионы А.Колядинге 3 бөлмелі пәтер сатып алуға бөлінген. Сондай-ақ, 841 млн теңге мәдениет басқармасына, соның ішінде Қостанай қаласында салынып жатқан ұлттық мәдени орталығының материалдық-техникалық жабдықтарына және Қарабалық ауданындағы мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстарына жұмсалмақ.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына республикалық бюджеттен 3,7 млрд теңге көлемінде қаражаттың бөлінуіне байланысты ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз етудің толық жобаларын бірлесіп қаржыландыруға 403 млн теңге, газды тарату жүйелерінің құрылысы бойынша жер-кадастрлық және оған байланысты техникалық жұмыстарына 6,3 млн теңге бөлінбек.
Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасына 373 млн теңге. Оның ішінде республикалық бюджеттен 466 млн теңге сомасында бөлінген несиеге байланысты нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберіндегі микронесиелерді бірігіп қаржыландыруға 51,8 млн теңге, облыс аймағында инновациялық жұмысты арттырудың және инновацияның дамуы күш-жігерін шоғырландыру мақсатында өңірлік инновациялар кеңсесін құру үшін 18,7 млн теңге, облыстың тауар өндірушілерін қолдау және мадақтау мақсатында “Қазақстанның ең үздік тауары” өңірлік байқау-көрмесіне 3 млн теңге бөлу жоспарланып отыр.
Бюджет қаражатынан құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы да қалыс қалдырылған жоқ. Бұл мақсатқа бөлінетін қаржыға Қостанай ауданының Заречный ауылындағы солтүстік шағын ауданында кәріз жүйесі салынып, медициналық, автомобиль көлігі және политехникалық колледждерінің студенттері үшін салынатын үш жатақхананың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленбек. Сонымен қатар, Федоров ауданындағы Копыченка ауылындағы өсімдік майын өндіретін зауытты газбен қамтамасыз етуге, Рудныйдың қала құрылыстық кадастрының кезекті топографиялық жоспарларын әзірлеуге, жалдамалы тұрғын үйді салу жөніндегі екі жобаны бірігіп қаржыландыруға да қаражат бөлінетін болады. Ал, білім басқармасына қарастырылған 148 млн теңге мектеп оқушыларына оқулықтар сатып алуға және компьютерлендіруге жұмсалмақ. Сондай-ақ, Корей көпірінің күрделі жөндеу жұмыстарына арналған жобалық-сметалық құжатты әзірлеуге, “Восток-Қарасу-Қостанай” және “Қарасу-Қостанай” сияқты әлеуметтік маңызы бар автомобиль маршрутттарын субсидиялауға, облыстық маңызы бар жолдарды паспортизациялауға да қаражат қарастырылған.
Қ.МАРАТҚЫЗЫ