Азаматтық форум өтті
Қостанайда облыстық 8-ші азаматтық форум өтті. Бұл басқосуда жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері өзара пікір алмасып, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерді ортаға салды. Отырыста айтылған маңызды ойлар мен ұтымды ұсыныстар алдағы қараша айында Астанада болатын республикалық форумда талқыланбақ.
Форумның қатысушылары таңертең пікірлесу алаңына жиналды. Ол жерде үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын нығайту, еріктілердің бастамаларын қолдау туралы сөз болды. Іс-шараға «Қазақстанның азаматтық Альянс» ЗТБ вице-президенті Мұсағали Дуамбеков, Азаматтық қоғам істері жөніндегі Комитеттің басқарма басшысы Қайрат Баймулдин арнайы келіпті. Елордалық меймандар республикалық 8-ші азаматтық форумына дайындық алдында аймақтардағы жиындарға қатысып, облыстардағы ҮЕҰ-дың жұмысымен танысып жүрген көрінеді.
-Мемлекет азаматтық қоғамның жұмысын қолдайды. Осы мақсатта Президенттің Жарлығымен 2016 жылы ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылды. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы азаматтық қоғамды қолдау мақсатында жасалған алғашқы қадам болатын. Бүгінде азаматтық қоғам институтына деген жұртшылықтың сенімі жоғары,-деді Қайрат Баймулдин.
Түс ауа басқосудың екінші бөлімі жалғасты. Оған облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев қатысып, қостанайлық белсенді ҮЕҰ-ды ҚР Қоғамдық даму министрлігінің және облыс әкімінің грамоталарымен марапаттады. Сонымен бірге «Жомарт жүрек» премиясын және «Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жомарт жан» төсбелісін тапсырды.
Қымбат Досжанова
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев