Бізге әр оқырман қымбат

«Қазпошта» АҚ Қостанай облыстық филиалы «Жазылушы күні» шарасын ұйымдастырды. Ғасырлық тарихы бар біздің басылым да өз оқырмандарымен қауышуға барды. Алдын ала хабарлағандай газетке жазылғысы келген алғашқы бес оқырманды сыйлық күтіп тұр еді. Олар басылымға жарты жылға тегін жазылып, викториналық сұрақтарға қатысып, жауап берген белсенді оқырмандар «Қостанай таңы» деген жазуы бар шоколад ұтып алды. Естеріңізге сала кетсек, «Қостанай таңының» алты айға жазылу бағасы бар болғаны – 3750 теңге.
Пошта қызметкерлері ұйымдастырған ашық есік күніне өңірдегі барша басылым өкілдері қатысты. Әр газеттің өз оқырманы бар. Кіреберіске дастарқан жайылып, келген қонақтарға тәттілермен шай беріліп жатыр. Бұрындары жазылушы күні кең көлемде, сән салтанатымен аталып өтетін. Бүгінгі шара оған қарағанда қарапайым болса да, келген оқырмандар дән риза.  
Алғашқы оқырман – Жасұлан
Он шоколадымызды, газетке жазылу түбіртегін алып, біз де осы жерге жеттік. Алғашқы оқырманымыз Жасұлан Қабжанов болды. Ол «Қостанай таңын» тұрақты алып тұрады екен.
«Жеке кәсіпкермін. Келіншегім – мұғалім. Газетті үзбей жаздырып аламыз. Биыл жаздырып үлгермеген едік, алғашқы жартыжылдыққа тегін жазылу тамаша сыйлық болды», – деп ағынан жарылды.
Қоржынға қол созып, викториналық сұрақтарға да барынша жауап беріп, тәтті сыйлықты да иеленді.
«Қазақ тілін дамытамыз десек, қазақ газетін оқиық»
Екінші келген оқырман Гүлнар Аймағамбетова бұл шара туралы таныстарынан естіп, арнайы «Юбилейный» шағын ауданынан келіпті. Газетіміздің тұрақты оқырманы. Басылымның бүгінгі ұстанымына дән риза.
«Қазақша көп оқығанымыз жөн, осындай іс-шараларды көбірек ұйымдастырған дұрыс»,- дейді ол. Гүлнар апамыз да газетке тегін жазылып, тәтті сыйлыққа ие болды.
            «Жақсы ырымға балап отырмын»
            Поштаға жұмыстарымен келіп, газетке жазылып кеткен Айсұлу Махамбетова да біздің оқырман. Ол пәтер алып, соның құжаттарын рәсімдеуге келіпті.
            -Осындай қуанышты жағдайға сіздердің сыйлықтарыңыз тамаша сәйкес келе кетті. Жақсы ырымға балап отырмын. Жаңа үйге қазақ газетін жаздырып жатырмын.  Бұрын Сарыкөл ауданында тұрғанмын. Қазір Қостанай қаласына көшіп келдік. Газетті бұрыннан бері оқимын. Тартымды қызықты дүниелер көп. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, – деді қуанышын жасыра алмай.
            «Мұндай шаралар жиі болуы керек»
            –Оқырмандарға арналған күнді жылына екі рет ұйымдастырса да артық болмайды екен. Бүгін көз жеткізіп отырмын. «Қостанай таңы» газетін оқимын, ұнайды. Дегенмен, қазақ газетіне жазылу төмендеп бара жатыр. Оған, әрине, интернеттің дамуы әсерін тигізбей қоймас. Сіздерге инстаграм желісін көбірек дамытып, балаларға арналған комикс сияқты дүниелер шықса деймін, – дейді «Қазпошта» АҚ Қостанай облыстық филиалы директорының орынбасары Дәурен Маграмов.
            «Қостанай таңы» – анамның сүйікті газеті
            Зәуре Тоғайбаева пошта қызметкері, бөлім басшысы. Газетті көріп, жанымызға келіп, басылым беттерін ақтарып, пікірін білдіріп, сәттілік тіледі.
-77 жастағы анам «Қостанай таңы» газетінің оқырманы. Үнемі жаздырып алып, оқиды. Газеттің безендірілуі, қызықты мақалалары ұнайды, – дейді ол.
            «Жастарға бағдар болар басылым»
            Ал, А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-нің оқытушысы Айсұлу Мұханбетова газетіміздің оқырманы, әрі жанашырымыз. Ашық есік күні туралы жарнаманы көріп, арнайы келді.
-Болашақ журналистерге білім беруде облыстық қазақ басылымының бізге берері мол. Мұндай шараға қалай келмеске. Газеттің оқырмандары көбейсін. Жазарларыңыз көп болсын, – деп тілегін айтып келіп, «тегін емес, мен ақша төлеп, жарты жылға жазылып, көпке үлгі болайын» деп газетке жазылып, тәтті сыйлықты ала кетті.
                       Құрметті оқырмандар, газетке жазылу науықанында сіздер де белсенділік танытып, жазылыңыздар. Бұл бір газетке ғана емес, тілдің дамуына, қазақ басылымының өркендеуіне қосқан үлесіңіз болмақ. Біз үшін әр оқырман қымбат. Редакцияға келіп, ой-пікір бөлісіп тұрыңыздар.
Айтолқын Айқадамова,
Шұға Қоңқабай.
Суреттерді түсірген Әсел Қибаш.  
 

 

 

 

 

 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓