Өңірде өсім бар
Өзінің халыққа арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыспен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында Елбасы ел тұрғындарының өмір сүру деңгейін одан әрі жақсартудың негізгі алты бағытын айқындап берген болатын. Соның бірі – ауылшаруашылық саласын дамыту.
Кезекті баспасөз мәслихатында Меңдіқара ауданының әкімі Ерлан Теменов өңірдегі тоғыз ай ішінде атқарған жұмыстардың қорытындысын жариялады. Биыл аудан 291 мың гектар алқапқа түрлі дақылдар еккен. Сондай-ақ, өңірде ет(6,3%), сүт(6,8%) пен жұмыртқа (1,4%).өндірісі мейлінше артқан.
Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында ауданда жыл аяғына дейін бірқатар жаңа кәсіпорындар ашылмақ. Олардың ішінде наубайхана, дайын тамақ өнімдерін жасайтын цех,өнеркәсіп тауарларының дүкені тәрізді бірнеше нысан бар.
Жалпы, Меңдіқара ауданында 1118 шағын және орта бизнес ұжымы тіркелген. Солардың арқасында мұнда 167 сауда, 52 тұрмыстық қызмет көрсету, 19 қоғамдық тамақтану орыны тұрақты жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындарда 1083 адам (5,6% еңбек етеді.
Ауданда тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда заманауи сәулет құрылысы нормаларына сәйкес 12,9 млн теңгеге Боровской кентінің бас жоспарын әзірлеу жұмыстары қолға алынды. Осыған сәйкес он алты пәтерлі тұрғын үйдің жобалық-құндық құжаттары мен инженерлік- коммуникациялық желісі тартылмақ. 118 млн теңгеге бағаланған бұл жоба қазір қаралып жатыр.
Үстіміздегі жылы ауданда жалпы аумағы 1074 шаршы метр жеке тұрғын үйлер бой көтерді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 136%-ке артық. Сонымен қатар өңірде 1273 млн теңгеге бірқатар нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. 2017 жылға қарағанда бұл көрсеткіш те үш есеге өскен.
Аудан әкімінің айтуынша, Боровское және Первомай ауылдарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 1966,1 млн теңгеге бағаланған бюджеттік инвест.жоба қолға алыныпты. Ол келесі жылдың қазан айында ел игілігіне айналуы тиіс.
Әлібек ЫБЫРАЙ