“Қазақтану” – ұлт жобасы
І.Омаров атындағы қазақ драма театрында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасына арналған қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін насихаттау бойынша лекторий өтті.
Шара басталмастан бұрын халық қолөнер шеберлері бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге қатысқан шебер Таңатқан Бажақовтың айтуынша, «Қазақтану» жобасы халық құндылықтарын қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді.
– Сарыкөлден облыс орталығына 1999 жылы көшіп келдік. Содан бастап қымызға арналған ожау, тегене, саптыаяқ, зерен, күбі, табақ, астаулар жасап жүрдім. Кейін, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шыққан соң, түрлі көрмелерге қатысып, төл өнеріміздің жаңғыруына атсалыса бастадым. «Қазақтану» жобасы дер кезінде қолға алынды. Жақында Петропавлда өтетін халықаралық көрмеге барамыз, – дейді қолөнер шебері.
Сонымен, «Қазақтану» идеясы қайдан пайда болды? Лекторий модераторы, ҚХА төрағасының орынбасары Виталий Иононың айтуынша, жоба идеясы алғаш рет ҚХА XXVI сессиясында көтерілді.
– Біз қазақтың басын қосқан қасиетті Абылай хан алаңында ҚХА қолдауымен жүзеге асатын ғылыми-ағартушылық «Қазақтану» концепциясының тұсаукесер рәсімін өткіздік. Жобаның негізгі мақсаты – қазақстандықтардың ортақ мәдени кодының, біртұтас құндылықтарының және жалпыұлттық тарихи санасының негізінде халықтың бірлігін нығайту. Бұл бастама Қазақстан этностарының арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптеуге бағытталған. Жоба аясында әлі де көптеген іс-шаралар ұйымдастырылады, – деді Виталий Ионо.
Облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев елдің түкпір-түкпірінен келген меймандарға Қостанайда өтіп жатқан рухани іс-шаралар турады баяндама жасады. Ол өз сөзінде «Жаңғыру жолы» атты жастардың бірлескен жобасының басталғанын айтты.
Лекторий жұмысына ҚХА мүшелері, елдегі жетекші институттардың ғалымдары, қоғам қайраткерлері, атқарушы билік өкілдері, студенттер қатысты. Солардың бірі – белгілі тарихшы Жамбыл Артықбаев Қостанайға өзіндік брэндін қалыптастыру керек деп есептейді.
– Мен Қазақстанның бірнеше өңірінде болып жүрмін. Дегенмен, Қостанайдың сұлулығы өзгеше екені байқалады. Тобыл, Аят өзендерінің саласы жақсы таныс. Жалпы, Қостанайды «өзендер өрнектеген өлке» деп атауға болады. Осылай брэнд қалыптасады. Бұдан бөлек, шекарада тұрған облыс. Қазақыландыруға байланысты шаралар неғұрлым көп болған сайын, рухани, ұлттық тұрғыда көбірек ұтамыз. Осыны ойланайық, – дейді тарихшы.
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Еркін Әбіл ұлттық код туралы баяндама оқыды.Жазушы Камал Әлпейісова «Қазақтанудың» басты бағыттарын таныстырып, жоспарларымен бөлісті.
Лекторий шеңберінде дәрістер циклы өтеді. Жұмысшы топ Қоғамдық келісім кеңесі мүшелерінің қатысуымен Лисаков, Рудный қалаларына барады. Сондай-ақ, облыстағы мәдени нысандарға экскурсия ұйымдастырылмақ.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев