САНДЫҚ ТЕЛЕВИЗИЯ – САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ
Баяғыда ауылда әр теледидардың үстінде бір кемпірауыз тұрушы еді. Айналдырған бір-екі арнаны ауыстыру сол жарықтықтың міндеті болатын. Ол кезде пульт деген жүк көтергіш кранның ішінде ғана тұратын дүние шығар деп ойлаушы ек. Бертін келе о неменің шалқайып диванның үстіне жатып алатынын қайдан білдік. Шатырға шығып антена бұрап, «Оңға! Тоқта! Сәл кері! Тоқанның үйіне қарай бұра! Өтіп кеттің!» – деп әлек боп, айқайлап тамақ жыртып қарлығып жататын заман ұмыт болды. Ол да бір қызық кездер еді. Қазіргінің теледидарын басқару – нағыз жалқаудың жұмысы. Игіліктің Интернет деген баласы көзімізді ашты. Ол антенасын айдың үстіне орнатып тастаған ба, әйтеуір, бұрынғыдай бұрап әуіре болмайсың. Теледидар экранының бояуы да қанық, жылдамдығы да жойқын. Телеарна дегенді тіпті санап тауысу қиын. Не қосам, не көрем демейсің. Көргенің де, көрмегенің де алдыңда. Жә, жауыр торы қисынды доғарып, бүгінгінің шын жетістігіне көшейік.
Қазір «Отау ТВ» ешкімге таңсық емес. Бүгінде ауылдық елді мекен тұрғындарының дені осы ұлттық оператордың қызметіне жүгінеді. Мамандардың айтуынша, өңірде 40 мыңнан астам отбасы «Отау ТВ-ны» пайдаланады екен. Олардың көбі ауылдық мекендерде. 22 мыңдай абонент телеарналарды тегін тамашаласа, 4 мыңға жуық көрермен стандартты пакетке қосылған. Облыс аумағында осы жерсерікті іске қосатын отыз үш делдал жұмыс істейді. Олар тапсырыс бойынша қалалар мен аудандарға телевизия құрылғысын орнатумен айналысады.
Жоғары сапалы бейнені қамтамасыз ететін отандық спутниктік телеарнаның нарыққа шыққанына көп болмаса да, «OTAU TV»-ның мүмкіндігіне көпшілік көз жеткізіп үлгерді.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының арқасында енді iD TV қанат жая бастады. Шалғай ауылға әлі жете қоймаған бұл ТВ қызметтің қызығын қалалықтар көріп отыр. Дегенмен iD TV келешекте барлық елді мекенді қамтитыны анық. Сандық ТВ жүйесі интернетке тәуелді. «Қазақтелеком» АҚ-ның мәліметінше, бүгінде Қостанай облысы ауылдық мекендерінің 80%-і, яғни 548 ауыл кең жолақты интернет желісімен қамтылған. Өңірдегі ауылдық елді мекендердің 116-сы ADSL желілік технологиясы, 76-сы талшықты-оптикалық байланыс желісі, ал 324-і CDMA EV-DO, LTE/3G сымсыз байланыс технологиясы арқылы интернет қызметін тұтынып отыр.
Елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желісімен толық қамту мақсатында мемлекет пен жекенің серіктестігі негізінде «Қазақстан Республикасы ауылдық елді мекендерін талшықты-оптикалық технология бойынша байланыс желісімен қамтамасыз ету» жобасы жоспарда бар. «Қазақтелеком» АҚ 2019-2020 жылдар аралығында өңірдің 40 ауылдық мекенінде талшықты-оптикалық технология бойынша 1089,5 шақырымнан астам байланыс желісін орнатуды көздеп отыр. Демек алдағы 4 жыл ішінде аталған 40 ауыл жоғарғы жылдамдықтағы интернет желісіне қол жеткізе алады. Аталған жоба бойынша 2020 жылы Торғай ауылына талшықты-оптикалық байланыс желісі орнатылады.
Экономиканы технологиялық жаңғырту, коммуникацияны дамыту, оптикалық-талшықты инфрақұрылымды көпшілікке қолжетімді ету және ауыл тұрғындарын заманауи телекоммуникация қызметімен қамту мақсатында бүгінде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдаралмасы жүзеге асырылуда. Ауқымды бағдарламаның 9 бағыты бойынша Қостанай облысында 77 жоба қолға алынған. «Қазақтелеком» АҚ бағдарламаның 8 бағытын қамтитын 38 жобаға қатысады. Осылайша компания білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, транспорт салалары мен шағын және орта бизнесті, экологиялық қауіпсіздікті цифрландыру, «SmartСity» технологиясын енгізу сияқты маңызды жобаларды жүзеге асыруға ат салысады.
Бүгінгі таңда желілерді жаңғырту және дамыту жұмыстарының нәтижесінде «Қазақтелеком» компаниясы тұрғындарға заманауи және сапалы телекоммуника-циялық қызметтің кең таңдауы жинақталған қызмет пакетін ұсынып отыр. Бұл қызмет пакеті абонентке интернет жүйесіне лимитсіз қосылуға, iD TV қызметіне, республика бойынша қалалық және ауылдық телефон нөмірлеріне тегін қоңырау шалуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ аталған қызметті пайдаланушы абонент Алтел және Теле2 (айына 1000 минут) операторлары мен Ресейге (айына 6000 минут) лимитсіз қоңырау соға алады.
iD TV қызметі өзге қолданушылармен ақпарат алмасу үшін кабелді және спутникті телевизия мен компьютер терминалын үйлестіре алады. Интерактивті телевизияда жоғарғы цифрлы форматты 120-дан астам телеарна бар. Бұл қызметті пайдаланушы «Amediatekaның» ең үздік сериалдары мен «Караоке» сервисіне, «Megogo+» онлайн-кинотеатрының таңдаулы фильмдер топтамасын тамашалауға мүмкіндік алады.
Бүгінде қала тұрғындары арасында аталған қызмет пакетін пайдаланушылар саны күн санап артып барады. Олардың дені жас отбасылар. Қазір отандық телекоммуникация жақсы дамып келеді. Оның жарқын көрінісі – жылдам өріс жайып, халықтың ақпараттық сұранысын лайықты өтеп келе жатқан цифрлы телевизия, – дейді олар.
Саят Көбеев, Қостанай қаласының тұрғыны: iD TV қызметін 3 жылдан бері пайдаланып келеді. «Сандық телевизия – шексіз мүмкіндікке жол ашады. Мен өзім анда-санда тарихи фильмдерді көргенді ұнатамын. Демалыс уақытымның мазмұнды өтуіне, әрине, iD TV көмектеседі. Мәселен, жүйелі түрде жаңарып отыратын «Megogo+» онлайн-кинотеатры арқылы кез келген уақытта өзім қалаған тарихи фильмге сұраныс бере аламын. Мұндағы фильмдердің сапасы лицензиялы DVD-дисктерге жазылған фильмдерден еш кем емес. Ең қолайлысы, егер шұғыл шаруа шығып жатса, қарап отырған фильміңіздің көрсетілім уақытын басқа уақытқа ауыстырып қоя аласыз. Күнделікті жаңалықтар тақырыптық телехабарларды да өзіңіз қалаған уақытта көре аласыз. Мысалы, мен күні бойы жұмыста жүремін. Ал соңғы 24 сағат ішінде болған соңғы жаңалықтармен «Хабар көрсетілімін кейінге қалдыру» қызметі арқылы танысамын. Осының барлығы цифрлы телевизияның жемісі.
Шерхан Талғатұлы, Қостанай қаласының тұрғыны: Қазіргі таңда қазақ жастары тек отандық ақпарат шеңберінде қалып қоймауы керек. Әрбір азамат әлемде болып жатқан оқиғалар мен жаңалықтардан хабардар болып отырғаны жөн. Бүгінгі уақыт осыны талап етеді. Ал төрткүл дүние тынысын қалт жібермей бағып, әлемдік жаңалықтарды уақтылы қадағалап отыру үшін, әрине, сандық телевидение тиімді. 2 жыл бұрын «Қазақтелеком» компаниясы iD TV қызметін акциямен тегін орнатып берген. Өте қолайлы. Интернет сапасы жоғары. Мұның сыртында, қосымша қызмет арқылы Қазақстанның кез келген нүктесіне тегін қоңырау шаламыз. Мен машина жасау зауытында жұмыс істеймін. Сондықтан техникалық дамудың озық үлгілерін көрсететін халықаралық деңгейдегі танымдық телеарналарды қарағанды ұнатамын. Оралда, Алматы мен Қарағандыда туыстарым, Өскемен, Ақтөбеде достарым тұрады. Бұл өңірлерде болып жатқан жақсы жаңалықтарды осы сандық телевизия арқылы көреміз. Бір сөзбен айтқанда, цифрлы телевизия сиқырлы әлем сияқты. Тетікті басып қалсаң болды, дүние дөңгелене жөнеледі. Бұл отандық телекоммуникацияны дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың игілігі деп түсінемін.