Қара тасқа тіл бітірген

Какимжан наурызбаевБүгін қазақтың тұңғыш мүсіншісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлықтарының иегері, Қазақстанның халық суретшісі, жерлесіміз
Хакімжан Наурызбаевтың туғанына 89 жыл толды.
Асыл ағамыз туралы материалдарды газеттің
6-7 беттерінен оқисыздар
 

 

Мен шәкірттеріне сенемін

 

image description

Хакімжан Наурызбаевтың ең басты туындысы Алматыдағы Абай ескерткіші

"Тау алыстаған сайын биіктей береді" – деген дана халқымыз. Марқұм Хакімжан ағайдың еңбегін бағалап, қадір-қасиетін түсініп, сонау Алматыдан келген Тілеуберді Бинашев деген шәкіртіне риза болып жүрмін. Ағайдың өзі шағын болғанымен, үлкен жүректі, адамгершілігі мол, бекзатты жан екенін, талапты жастарды өнерге баулып, көмегін аямаған. Бірақ өмірдің бізге қандай сый әзірлегенін бір Алла біледі. Отбасы көптеген қайғы-қасіретке душар болған.
"Бүкіл Қазақстанға белгілі мүсінші, бар саналы ғұмырын атақты тұлғалардың ескерткішін жасауға арнаған Хакімжан ағаны неге тек шәкірттері іздейді?",  деген сауал ойымнан шықпай жүр.
1942 жылы Қостанай өңіріне келген Үкімет басшысы Н.Д.Оңдасынов жас талантты Хакімжан ағайды көріп, саздан жасаған мүсіндерін көріп, Алматыға шақырады. Алматыға барып, оқу оқып өнердің қыр-сырын үйренеді. Елге сирек келеді, ойына алған мүсіндерін жасайды.
Мен ағайды 1965 жылы Алматыға оқуға түсуге барғанда,  әкесі   Есімқан атайдың үйінде көрдім. Ағай келгенде Матақай- қарындасың болады деп таныстырды. Әкесіне ұқсаған шағын денелі, сабырлы, күлімсіреп, адамға өте мейірлі қарайтын жан екен. Менен мән-жайды сұрап білді.
Ағайды соңғы сапарға аттандыруға туыстарынан ешкім болмады депті.  Ауылдағы үлкендері бақилық болған еді. Қалғандары немере-шөбере болып келетін жас ұрпақ.
Туған жері – Ұзынкөл аудан орталығында. 2010 жылы наурыз айында, бір көшеге атын беріп, "Хакімжан Наурызбаев көшесі, 88" деген жазуы бар тақтайша орнатты. Бөркімізді аспанға атып "Қостанай таңы" газетіне (6.04.2010ж.) "Ұзынкөлде Хакімжан Наурызбаев көшесі бар" деген мақалам шықты. Ескерткіш орнату туралы айтылған ұсынысқа  5 жыл күту керек деп, жылы жауып қойды. Содан бері сең қозғалған жоқ. Біздің өңірдегі керейдің  матақайынан атақты тұлғалар шыққан. Айталық, Манаш Қозыбаев-ғалым, академик,  Хакімжан Наурызбаев- дарынды мүсінші, Талғатбек және Қайырбек Бекмұхамбетовтар – еңбегі сіңген  дәрігерлер. (Алматыда)
 Менің ұсынысым – Хакімжан ағаның ескерткішін Қостанай қаласы мен Ұзынкөл ауданында тұрса, кейінгі жас  ұрпақ біліп, қастерлеп  жүрер еді.
Мен шәкірттеріне сенемін.  "Адам мәңгі жасамайды, Мәңгі жасайтын – оның ісі"– деген  Елбасы.
Бұдан артық сөз айтуға болмас.
 Бәтима Құмажанова.
Ұзынкөл ауданы.
 
Ұлтық болсаң, кішік бол
image description

Хакімжан аға

Өткен ғасырда қазақтың екі зиялысының арасында мынадай әңгіме болған. Бірі – академик Манаш Қозыбаев, екіншісі – мүсінші Хакімжан Наурызбаев.
– Хаке, жетпіске ентікпей-шалдықпай жеттіңіз!
– Шүкір, денсаулыққа шағым жоқ әзірге.
– Жеті қырдан астыңыз. Оған жеткен де бар, жетпеген де бар.
– Тағдырға ризамын, тәңір қолдап жебесе бұйырғанын көре жатармыз тағы да.
–  Ел алдында есеп берер шақ қой бұл. Ауылға барып аунап-қунап қайтсаңыз да артық болмас еді.
– Тойлатайық дейсің ғой. Қайтеміз соны. Жетпіске келіп жатқан қазақтың қара шалдары аз ба?
– Дегенмен,  сіздің жөніңіз бөлек. Ел ішіндегі мәслихат сіз үшін ғана емес,  келер ұрпақ үшін, өсер өрімталдар үшін керек қой.
– Ауылдың ыңыршағы айналғалы тұрған шақта бөркімізді аспанға атып    алақайлауымыздың реті қалай болар екен, осы?  Көпшілік түсінсе жақсы. Ұрпақ туралы әңгіме айттың. Оның, әрине, дұрыс. Онан да мен көрме ұйымдастырсам. Көрермен сол көрмеден ғибрат алса. Тұшырқанып сүйсінсе. Соның өзі жетіп жатыр ғой. Үйренемін дейтін ұрпақ болса, менің мына шеберханамның өзі бір мұражай. Мүсінші әңгімесі ойға жетелейді. Ал Хакімжан Наурызбаев қазақтың анау-мынау қазақтың қара шалдарының бірі емес, бірегейі. Ол – қазақтың тұңғыш мүсіншісі. Бірақ тұңғыш мүсіншімін деп кеуде соғып, кергіп отырған ол жоқ. Әңгімені саралап, салмақтап бүгінгі тірліктің төңірегінен өрбітеді. Бұл да болса көргенді адамның, көшелі кісінің ұлағаты болар. Қараңыз, егер Наурызбаевтан басқа біреу болса: "Мен жетпіске келдім, мінеки. Сый-сияпаттарың қайда?" деп төбемізді оярдай тепсінер еді. Министрлер кабинетінің есігін тоздырып, атқа мінерлердің екі аяғын бір етікке тығып, маған анау керек, мынау керек деп зікірді салар еді ғой. Сөйтіп, мерейтой иесін марапаттаудан марафон басталар еді де, ұлықтың алдында жалпақтаудан жан салмайтын кейбіреулер өз "өнерлерін" көрсетіп-ақ бағар еді.  Егер жетпіс жылдығым аталмай қалды деп білек сыбана кіріссе Хакеңе ешкім қой демес еді. Ал бірақ үлкен жүрек иесі, тума талант, дархан дарын Ха- кімжан  Наурызбаев өзінің ұлылар көшіндегі көргенділігін, көшелілігін бұл жолы көрсетіп отыр. Ол ешкімнің алдына алақан жайып бар-ған емес. Би ағаның "Ұлық болсаң, кішік бол" деп айтылатын қанатты қағидасының мүсінші зердесінде жиі қайталануының мәні де осы шығар.
 
"Лениндік сыйлықтан неге бас тарттым?"
Хакімжан Наурызбаевтың атақ-абыройы бір басына жетіп жатыр. Қазақстанның Халық суретшісі, екі мәрте республика Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты. Ұлағатты ұстаз, профессор. Ал осының  бәрін жиыстырып қойғанда,    Хакеңнің атын әспеттейтін ерекше тұлғалайтын ел жүрегінде орныққан бір ұғым бар. Ол – тұңғыш қазақ мүсіншісі деген атақ. Хакең Алматымен тағдырлас. Бүкіл саналы ғұмырының басым бөлігі осында өтті. Ел астанасын рухани құндылықтарымыздың ошағы ету, Хакеңнің де мақсаттарының бірі болды. Бүгінде Алматы төрінде Абай мен Шоқан мүсіндері асқақтап тұрса, ол мүсінші мақсатының орындалғаны. Әңгімеден әңгіме туады.
– Абай ескерткішінің дәл бүгінгі қалпына орнатылуына оның композициялық шешімінің ойдағыдай шығуына Мұқаң –  Мұхтар Әуезов көп көмек көрсетіп еді,– дейді Хакең әңгіме жібін сабақтап. –  Ал ескеркішті салу жөніндегі тапсырма алуымның өзі бір оқиға. Бір күні Министрлер Кеңесіне шұғыл жетсін деген хабар алдым. Келсем, Д.Қонаев, В.Беляев, Т.Тәжібаев және М.Әуезов отыр екен. Әңгіме Алматыда Абай ескерткішін орнату туралы өрбіді. Сөз реті келгенде Т.Тәжібаев: "Мына Хакімжан әлі жас қой, ал Абай аға образын шығару үшін батылдық керек. Сондықтан осыны тәжірибесі мол Урманчеге берсек қайтеді" деп ұсыныс айтты. Арада екі-үш минуттық үнсіздік орнады. Сонан соң әдеттегідей биязы, әуезді қоңыр үнімен Мұқаң Төлегенге қарап: "Әй Төлеген-ай, қашан-ғы осы өзімізді-өзіміз олқысына береміз. – Біле білген жанға Хакімжан халқымыздың тұңғыш мүсіншісі ғой. Бұдан басқа қазақтың қай баласы саз балшықтан өнері өріп жүр. Ал енді сен қазақтың Абайдай алыбының мүсінін осы балаға беруге азырқанып отырсың. Абайды Хакімжан салуы керек". Әңгіменің шиыршақ ата бастаған райын байқаған Димаш аға басу айтып, жалпы қазақ мүсін өнерінің болашағы туралы өзінің толғаныстарын ортаға салды. Сөйтіп сол әңгіменің ақырында мен Абай ескерткішін салатын болып тапсырма алып шықтым.
Тапсырма алуын алғанмен, енді мұны қалай орындаймын деп уайым шектім. Бір-лі-екілі кездескенде менің осы қалпымды байқап қалған болу керек. Мұқаң: "Әй, Хакімжан, жасыма, жігерлен. Абай ағаңның аруағы қолдайды, батыл іске кіріс. Ойлануға уақыт жоқ" деп әңгімені шегеле айырды. Сонымен, ақын образын мүсіндеуге кірісіп те кеттім. Мүсін өнерінің, өнердің өзге түрінен көп өзгешелігі бар десек, соның бірі болашақ туындының жер жағдайымен, геокеңестікпен үндесіп жатуы. Ескерткіш салынатын ең алдымен оның болашақ тұратын орны мұқият еске алынуы керек. Осы шарт ойдағыдай орындалғанда ғана ескерткішке "жан бітеді". Осы ой тыным таптырмаған Хакең аяғынан тозып Алматының төрт бұрышын түгел шарлап шығады, қолайлы-ау дейтін тұсты келіп Мұқаңа айтады. Ол кісі жаратыңқырамайды. Сөйтіп, күн артынан күн өтіп жатады. Бір күні Хакімжан бозала таңнан Мұқаңның есігін қақты.
– Мұхтар аға, таптым, таптым. Ол кісі де мұның нені меңзеп тұрғанын түсінсе керек: – Қалай екен, қалай екен? – деп өзіне қарсы сұрақ қойды. Хакімжан бас бармағын шошайтты.
– Кеттік онда! Екеуі қазіргі Абай ескерткіші тұрған жерге келді. Мұнда құмырсқаның илеуіндей қайнап жат-қан қала базары бар болатын. Болашақ ескерткіштің сұлбасын, тау бөктерінен шығып келе жатқандай Абай бейнесін көз алдына бір сәт елестет Мұқаң ризашылық сезімін жасыра алмады.
–  Әй, Хакімжан-ай, тапқан екенсің. Бәрі ойдағыдай болады, болады, –  деп жас мүсіншінің арқасынан қақты. Болашақ ескерткіштің өрнегін қиялында орнықтырған Хакімжан аз-кем уақыттан соң Абай аға ескерткішіне зор шабытпен кірісіп кетті. Өзінің бас кеңесшісі Мұқаңмен әлсін-әлсін кеңесіп отырудың да зор пайдасы тиді. Араға уақыт түсіп, айтылған тұста ескерткіш те орнатылды, көңіл де жайланды. Сөйтіп Хакімжанның ұлы жазушы Мұқаңмен арадағы қарым қатынасы, ағалы-інілі сыйластығы ұлғая түсті. Абай образын сөз өнерінде сомдаған Мұхтар Әуезов болса, ал тас мүсінде ақын тұлғасын бедерлеген қазақтың тұңғыш мүсіншісі Хакімжан Наурызбаев. 1962 жылдың жазы еді. Сол жылдары бүкіл дақ көлемінде дүниеге келген ескерткіштердің қатарында Қазақстан астанасындағы Абай ескерткіші зор бағаға ие болды. Хакен еңбегі мамандардың тарапынан лайықты бағаланып жатты. Лениндік сыйлыққа ұсыну жөніндегі комитеттің арнайы мәжілісінде Хакімжан Наурызбаевтың Абай ескерткіші Лениндік сыйлыққа лайық деп танылды. Комитет мүшелері өздерінің дуалы пікірлерін айтып, жас қазақ мүсіншісінің еңбегіне зор баға берді. Алайда сөз реті өзіне келгенде Хакімжан Наурызбаев әдеттегі қарапайым мінезімен: "Лениндік сыйлық жөніндегі комитеттің мүшесі бола тұра өзгелерден бұрын өзіміздің осы атақты алып жатуымыз қалай болар екен… Жасаған дүниелеріміз халқымыздың көз қуанышына айналса, одан артық қандай сыйлық болмақ. Ал лауреаттық атақ ізденісіміздің бір өлшемі болар. Сондықтан оны келер күндердің еншісіне қалдырмайық" деп өз кандидатурасын өзі алып тастады. Хакімжанның бұл қылығына дегеп реніш жасыра алмаған Мұқаң: "Айналайын-ау, бұл саған ғана емес еліңнің мәртебесі үшін де керек дүние еді ғой. Уақыттың да өлшемі өзгерер. Ал бірақ әр нәрсе өз кезегінде, өз кезеңінде "базарлы ғой" –  деп сөзді қысқа қайырыпты. Кезінде ұлы адамның осы бір сөзі арқасына аяздай батып қаншама ойға жетеледі десеңізші. Мұқаң біліп айтқан екен. Қазақ деген халықтың тағы бір ұлы Лениндік сыйлық алып жатса одан ел мәртебесі асқақтамаса, ортаймасы анық. Ал бірақ мүсіншті зердесінде ерте келген атақ, астамшылыққа ұрындырып жатады дегенді көп естуші едім. Асудан, тасудап сақ, болайық деген ой да жылт етіп қылаң бермей қалған жоқ.
 
Көз  – жан айнасы
image description

Мүсінші шеберханада

Көз – адам жан сырының, жан жүйесінің айнасы.
– Менімен әңгімелесе қалған кісінің көкөйінде ерте ме,  кеш пе әйтеуір бір айтылатын сауалдың тұратынын білемін. Ол мына менің бір көзіме байланысты. Әлденеше журналист келген, әлденеше рет айтқанмын. Тағы да айтамын. – Мүсінші қолындағы қағаздарды аударыстырып қойды да әңгімені әріден бастады. Қостанай облысындағы Үшкөлдің төңірегіндегі Матақайлардың ауылында тудым. Біздің атамыз Наурызбайдың кіндігінен 7 ұл, 2 қыз тараған. Менің әкем Есімхан бабамыздың үшінші ұлы болыпты. Кішкентайынан еті тірі боп өскен әкеміз өнер атаулыдан да құралақан емес екен. Ағаштан түйін түйген шебер, ептеп мал сырқатын қарайтын дәрігерлігі де болған. Ал шешеміз Рақыш осы өңірге танымал Жиенбай деген кісінің қызы екен. Жиенбай әулетімен аңшылық, саятшылық дәстүрді берік ұстаныпты. Осындай ортадан шыққан шешеміз Рақыш та өнер десе ішкен асын жерге қойып өскен дейді. Әншілік ақындығы, ауыл аймақ құрметеген. Бір ақиқат өнер атаулы бірімен бірі қанаттас, сабақтас.
Демек, Хакеңнің бойындағы мүсін-шілік қасиет талант та мен ананың өнер атаулыға құштарлығынан ізгі-ілтипат ниетінен тараған.
–  Міне мынау    қоржын бөлмелі үйді көрдіңіз бе, –  деп мүсінші алдыма фотосуретті тастай берді. Мен ес білгенше осы үй ән мен күйдің, ойын сауықтың ордасы болды. Ал енді мына әрекілік әңгімеге өзек болатын кез оқиғасы да осы үйде болғанға ұқсайды.   Бесікте жатқан баланың көзіне үй төбесінің сылағы түсіп   кетеді. Оны дер кезінде    дәрігерге    көрсете алмаған   әке-шешеміз қатты өкініп, әңгіме айтып отыратыны әлі есімде. Бар оқиға осы ғана. Ал бірақ, менің бір көзімнің кемістігі бар екендігі өнер оқу орындарының қай қайсында жүрсем де естіген емеспін. Ауылда жүрдім.  Сухов, Кастюк деген кісілердің мейірім шуағына бөлендім. Солардың демеуі саз балшықтан түрлі ойыншық мүсін жасауыма түрткі болды. Ауданға келдім – астанадан арнайы іссапарлатып жүргенген Нұртас Оңдасынов ағаға кезіктім. Сол кісінің қолдауы-мен Алматыға жол тарттым. Алматыға келдім. Ольга Николаевна Кудрявцеваның ұстаздық шапағына бөлендім. Харьковте болдым – онда да кемсітуді көрмедім. Осының бәрі мені шабыттандырды, шығармашылық жеңістерге жігерлендірді. Ал бірақ осылайша өнер қанатына келе жатқан адамға оқыстан айтылған бір сөз оқыстан атылған оқтан бір кем болмайды екен. Ол былай еді. Хакімжан кезінде атақты Баукеңмен – Бауыржан Момышұлымен жақсы араласқан. Бір жылы арнайы шақыртумен Мәскеуден Евгений Вучетич келе қалады. Негізгі мақсаты Ленин ескерткішін салуға байланысты болса керек. Өзі пәленбай рет мемлекеттік сыйлық ал-ған кісі Социалистік Еңбек Ері. Қысқасы –  атағы дардай. Баукеңнің де Вучетичпен таныстығы бар екен. Ал Хакең атақты мүсіншіні бұрыннан біледі. Ал-ғашқы күндері сіз-біздесіп жүрген Евгений Викторович келе-келе өнер шығара бастады. Тек менің ғана айтқаным болады дегендей ыңғай танытады. Керенау сөйлесіп, марғау тілдеседі. Мұнысы: Баукеңе де ұнап тұрған жоқ. Бірде Вучетич: –  Сен білесің бе, Хакімжан, мүсінші болу үшін тек қана ынта-ықылас, өнерді сүю аздық етеді.    Мүсінші өз қолтумасының көлемін шеңберін екі көзімен бірдей көріп бағамдауы керек. Сонда ғана   сәтті дүниеге шығады. Ал осы талап, тұрғысынан келсек    сенің ендігі жерде графикамен айна-лысқаның дұрыс-ау. Бір көзің жоқ қой – деп қойып қалмасы бар ма? Не деріп білмей Хакімжан да қалшиды да қалды. Бір кезде Баукеңнің жанары Вучетичтің өңменінеи өтердей жарқ-жұрқ ете қалды.
– Оттапты бұл! –  деді. Сосын ойын нығарлап айтты: "Не культурный    вы    человек, дорогой    Вучетич" –  деп есікті тарс жауып аптығып кетті. Соңынан Хакең ілесті. Осы әңгіменің әсері ме, әлде, намыс отына май құйды ма, араға аз-кем уақыт түскеп соң Алматыда Абай ескерткіші асқақтап тұрды ғой. Рухың мьқты болса ешқашан алынбайтын қамал болмас. Бұл ақиқатқа Хакеңнің өнердегі бір соқпағы осылайша көз жеткізді.
Жұмабек Кенжалин,
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері.

 

Мәңгіліктің жыршысы

 

(Хакімжан Наурызбаев жетпіске толғанда)
Жетпіс жасың құтты болсын ардағым,
Осы күнді аман көрген бар бағың.
Бір өнерге өзін бас боп, жол салып,
Осы жолда ұлылықтан танбадын.
 
Көніп келдік барға, жоққа, бәріне,
Мұндай өнер болған жоқ еді әріде.
Қазақ елі Коненковы өзіңсің,
Сенен озған мүсінші жоқ әлі де!
 
Дарын рухы, қуаттымен көгердің,
Қатарына қостың ұлтты көп елдің,
Поэзияның әулиесі Абай болса,
Пірісің сен мүсіншілік өнердің!
 
Тағдыр ұлтқа танытқанда жаз қабақ,
Дала еліне жетер мұрат, аз ба бақ?!
Мәңгіліктің жыршысы деп бүгіндер,
Хакімжановпен мақтанады бар қазақ!
 
Ер елімен, ел де ерімен өседі,
Жетпіс жасын салқар ұзақ қош еді,
Жасай берші, жырлай берші өмірді,
Ұлттық мүсін өнерінің, көсемі!
 Жолбарыс Баязитұлы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓