Сапар Ысқақов: Мұнай іздеудің уақыты келді
Қостанай облысында мұнай бұрғылау жұмыстары 2019 жылы басталуы мүмкін. Бұл туралы танымал жиһанкез Сапар Ысқақов Жанкелдин ауданында өткен «Торғай – тұлғалар мекені» ғылыми-тәжірибелік конференциясында айтты.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын Астанада «Ақкөлден ұшқан аққулар» деген концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Сол концертте жерлестеріміз Қонысбай Әбіл мен Серік Тұрғынбекұлы тебіреніп тұрып өлең оқыды. Сонда марқұм Фариза Оңғарсынова ақын сахнаға шығып: «Торғайда түбі не алтын, не мұнай шығады, бәрі өзінің орнына келеді», – дегені есімізде. Ақынның сөзі ой салып, сол жылы Торғай аумағынан мұнай қорын іздедім, – дейді меценат Сапар Ысқақов.
Негізі 2014 жылы Торғайда геологиялық жұмыстар жүргізуге «ҚазМұнайГаз» компаниясы мен Энергетика министрлігі арасында келісімшартқа қол қойылды. Тіпті, шет елдерден инвесторлар тартылуы мүмкін екені айтылды. Дегенмен, жұмыс осы уақытқа дейін басталған жоқ.
– Шымкент қаласында Серікжан Сейтжанов есімді мұнайшы тұрады. 2013 жылы сол інімізді ертіп, Жанкелдин ауданы аумағын араладық. Кеңес одағы кезінде қазылған жерлер бар, бірақ аяқсыз қалған. Не де болса тәуекелге бел байлап, мұнай бұрғылау жұмыстарына кірісті. Құжат дайындауда қиындықтар туындап, оның үстіне сол уақытта мұнай бағасы түсіп кетіп, бұл іс кейінге шегерілген. Қазір қайта көтеріліп, 1 баррелі 82 доллардан асты. Енді мұнай іздеудің уақыты келді. Жақында Серікжан Сейтжанов қоңырау шалып, жұмыстар келесі жылдың көктемінде жалғасатынын айтты. Сондықтан, сүйінші жаңалықты сіздерге жеткізіп отырмын, – деді кәсіпкер Сапар Ысқақов конференция барысында.
Айта кетейік, осы жылы Қостанай облысында мұнай өнімдерінің заңсыз айналымынан 30 тоннаға жуық мұнай тәркіленді.