Біз неге азбыз?
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыс халқының саны 2014 жылдың 1 шілдедегі есебі бойынша 881,0 мың адам болды. Бұл былтырғы жылмен са-лыстырғанда сәл де болса өсудің барын байқатады. Ал тұтастай алғанда соңғы он-он бес жылдан бері облыста халық саны азайып келеді.
Ал көші-қонға келетін болсақ биылғы жылғы қаңтар-маусымда облыс халқының көші-қоны мынандай деректермен сипатталды: 2013 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда келгендер саны 27,0%, ал кеткендер саны 30,0%-ға артты. Бұл да көңілге рең кіргізер дәйек емес. Бірақ мұның табиғи себептері, айталық, көп ұлт өкілдері мекендейтін өңірге тән миграция бар. Десек те, бұл салдар тек бір осы фактордың нәтижесі ме?
Осы мәселенің астарына үңіліп көру мақсатымен біз мына сауалдармен әр саланың мамандарынан ой-пікір сұраған едік:
1.Неліктен облысымызда адам саны өспей жатыр деп ойлайсыз?
2. Өңірдегі көші-қонды өз пайдамызға шешудің қандай жолдары бар?
Балбөпе Ертаева,
Облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрайымы:
1. Ең біріншіден, халық саны көбею үшін жастарымызға жағдай туғызу керек. "Үйлену оңай, үй болу қиын" дейді ғой. Отбасын құрғаннан кейін ол отбасыны асырау үшін жұмыс қажет болады. Олар тұратын баспана керек. Егер тұрақты баспаналары, тұрақты жұмыстары болмаса, әрине, жастар әзірге балалы болу жоспарын шетке ысырып тастайды. Ал кейбіреулері мансап қуып, отбасын құру жөнінде тіптен ойламайды. Дегенмен де, әр жанұяда бір ішкі сезім болу керек. Мысалға, бұрынғы кезде бала саны ең кем дегенде 5-тен кем болмайтын. Сол уақытта жағдай қазіргідей жақсы болған жоқ. Бірақ, оларда бір қалыптасқан пікір болды. "Ұрпағымыз көбейсе екен, әулетіміз өссе екен" дегендей. Қазіргі уақытта сондай бір ұлттық сезім жетіспей тұрған сияқты. Бір жағынан ақ халатты абзал жандарымыздың өзі жас босанайын деп жатқан келіншектің жағдайына салғырт қарайды. Содан соң жас аналар, балалы болу ойларынан айниды.
2. Көші-қон мәселесіне келетін болсақ, енді әрқандай жағдайға байланысты қоныс аударып жатады ғой. Біреулер туыстарының жанына көшіп барғысы келеді, біреулері қызмет бабына байланысты. Ал мынау Оңтүстік жақтан көшіп келіп жатқандарға ауа-райы жақпайды. Енді біреулері жұмыстарынан шығып қалып, өзге қалаға жұмыс іздеп кетеді. Мына біздің кәсіподақтар ұйымы осы жұмыссыздықты қадағалайды. Егер жақсы істеп жүрген жұмысынан себепсізден шығарылса, біз оларды қорғаймыз. Егер тіптен жұмыссыз қалса, "сен мына мекемеге бар,анда бар" дегендей нұсқау береміз. Жалпы миграцияны тоқтату үшін, елге оралып жатқан оралмандарға көмек беруіміз керек, баспана, жұмыс ұсынып дегендей. Тездетіп ҚР-ның азаматтығын алып беруіміз керек. Міне, осындай көмектерден кейін олар ешқайда қоныс аудармайды.
Дариға Тұяққызы, мұғалім:
1.Елбасымыз Жолдауларының бірінде "2020 жылы халқымыз 20 миллионға жетуі тиіс" деген болатын. Бұл тақырып әр ортада қызу талқыланды. 20 миллиондық межеге жету жолдары қарастырылды. Халық санының көбеюіне кедергі келтіріп тұрған себептер көп қой. Елдегі әлеуметтік жағдайдың төмендігі сөз жоқ демографияға әсер ететіні рас. Екіншісі жастардың үйленбей жүріп алуы. Экология, Батыс-қа еліктеп бала санын шектеу. Қыз-келіншектердің жиі жасанды түсік жасатуы. Осының барлығы дерлік ұлтымыздың көбеюіне кері әсерін тигізеді. Әйтпесе, облыстағы жағдай жаман емес.
2. Әрине, халық көшпелі ғой. Адамдар өзіне қолайлы жерді іздейді, кейбірі қызмет бабына, ауа-райына байланысты ауылдан-қалаға, қаладан-қалаға көшіп жатады. Мұндай көші-қоннан өзім де өткем. Ең бірінші, Алматы қаласында тұрдым. Бірақ, жұбайымның қызмет бабына байланысты Астанаға көшіп бардық. Ол жерден менің мамандығым бойынша бос орын табылмаған соң, Арқалық қаласынан іздеп, сонда көшіп келдік. Қазір сол қалада тұрып жатырмыз. Екеуімізге де жақсы жұмыс табылған соң, баспана алып сонда тұрақтадық. Балаларымызға да бұл қала ұнайды. Бұны тоқтату мүмкін емес деп ойлаймын. Халқымыз атам заманнан бері көшумен келеді. Сондықтан бұл мен үшін қалыпты жағдай. Ешкім еріккеннен көшіп жатқан жоқ, әр нәрсенің өз себебі бар. Айталық, орыстар өзінің тарихи отанына, сондағы туған-туыстарына жақындауға пейілді. Ол да заңдылық.
Айман Бақытова, жас маман:
1.Өзіңіз айтқан статистикаға сүйенсек, шынында да облысымыздағы халық саны 1 миллионға да толмайды екен. Сондықтан да әр отбасы бала санын шектеуден аулақ болу керек. Жұмыс таба алмай,баспана таба алмай қиналып жатса, үкімет ұйымдастырып жатқан қаншама бағдарламалар бар. Тіптен, қазір бұрын білім алмағандарды мемлекеттің ақшасымен оқы-тып, жұмысқа да орналастырып жатыр. Жас аналарға көмек болсын деп, жаңа туған нәрестеге де ақша төлейді.Жұмыс істеп жүрген келіншек болса, декретке шыққанда да жұмыс орнынан ақы алып отырады. Бұның бәрі мүмкіндік. Соны жақсы пайдалана білу керек деп ойлаймын.
2. Қазір "Дипломмен – ауылға" бағдарламасы шыққаннан бері жастарда қоныс аудару көбейіп кетті ғой. Әрине, өзі оқыған оқу орны нұсқау берген соң сол ауылға барады. Мен өзім Арқалық қаласындағы медициналық колледжде фельдшер мамандығында білім алдым.. Сосын "Дипломмен – ауылға" бағдарламасы бойынша Торғай өлкесіндегі Қалам-Қарасу ауылына жіберген болатын. Бірақ, Аманкелді ауданына тұрмысқа шыққан соң, онда баруға мүмкіндік болмады. Сондықтан да Қалам-Қарасуға барудан бас тартып, Аманкелді ауданынан жұмыс қарастырдым. Меніңше, көші-қон тоқтамайды. Жұрт жайлы да қолайлы жерді іздеп жүреді. Жалпы, өзіміздің еліміздің ішінде қоныс аударуына мен қарсы емеспін. Бәрі бір Қазақстан ғой.Тек шет ел жаққа көшіп кетпесе болғаны.
Ақбота Сақұлова,
ҚМУ-дың студенті.