Азамат еді-ау аяулы…
Өмір-дарияның толқындары сырғып аққан сайын, күні кеше ғана жаныңда жүрген жақсы аға-інінің бақи дүниеге мәңгі сапар шегіп, қатарының сиреуі – табиғи заңдылық тәрізді. Олардың арасында өзі өмірден өткенмен, тірлікте істеген жақсы істері жүрекке шуағын төгер мәңгі естелік болып қалатын асыл жандар болады. Солардың бірі – алпыстың асуына аяқ басқан шағында өмірден өткен замандас інім – Мақсұт Міркемелұлы Шәйкемелов еді. Кезінде үзеңгілес еңбек еткен ағаларының бірі ретінде 65-жылдық мерейтойының қарсаңында жақсы ісімен,білікті басшылығымен Торғай елінің жадында мәңгі сақталып қалған осы арыс азамат туралы естелігімді туған өлкемнің тұрғындарының назарына ұсынғанды жөн көрдім.
Қазақта "тектілік" деген ұғым бар. Кім туралы әңгіме қозғалса да, "тегі жақсының тұқымы да жақсы"деп жатамыз. Мақсұттың әкесі Міркемел аға соғыстан кейін Ибраим Ысқақов, Әбдуали Досанов тәрізді замандастарымен бірге Торғай өңірінде шаруа-шылық басқарған,елге танымал жандардың бірі еді. Міркемел аға еңбекқор,білімді жан болатын. Ол тізгінін ұстаған "Сталин" колхозы Қостанай облысының алдыңғы қатарлы ұжымдарының бірі болды. Міркемел аға білікті басшылығымен қатар қолынан келген жақсылығын ешкімнен аямайтын және оны бұлдамайтын жан еді…
Мақсұт – Міркемел ағамызды сағындырып, үш қыздан соң, 1949 жылы туған сәбиі болатын. Асыл азаматтың ісін жалғар ұлының туғанына ағайындары да қатты қуанып, үлкен той жасапты… Мақсұт бала кезінен ата- анасының қамқорлығына бөленсе де, айрықша киініп, қатарынан бөлініп көрген емес. Жастайынан ұлттық тәрбиенің тұнығынан сусындап өскен Мақсұт мектепте де әдепті, озат оқушы болды. Алматыда жоғарғы оқу орнынан мал дәрігерлік мамандық алып келген Мақсұт алғашында кеңшардың бас маманы болып еңбек етті. Өз жұмысын жете меңгеруі, халықпен түсінісе еңбек етуінің арқасында ол елге өзінің іскер маман екендігін таныта білді. Осы қасие-тінің арқасында ол аз ғана жылдың ішінде кеңшар директорынан аудандық атқару комитеті төрағасы, аудан әкіміне дейінгі қызмет сатыларынан өтті. "Болат пышақ қын түбінде жатпайды" дегендей, оның қызметі өскен сайын жүктелген жауапкершілігі де арта түсті. Менің есімде оның Жанкелдин ауданын басқарған жылдардағы ерен еңбегі ерекше сақталыпты. Өйткені, бұл кезең-"жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілуге тақаған" тұсымен қатарлас келген болатын… Ел тізгіні қолына тиісімен Мақсұт орын алған қиыншылықтан шығудың жолын тынбай іздеді. Бұған оның өмірден алған сабағы мен тәжі-рибесі, туған елінің тұрмысын терең зерделеуі көмегін тигізді. Алға қойған міндеттерін ойдағыдай жүзеге асыру үшін ол маңайы-на қолынан іс келетін азаматтарды жинауға тырысты. Оларға сенім артып, ақыл-кеңесін тыңдады, аудан шаруашылығын жолға қоя білді. Ол алдына келген жанның мәселесін шешіп, көңілін көтеріп, шығарып салатын. Ананың сүті, атаның қанымен бойына сіңген, өзін қоршаған ортадан алған тәлім-тәрбиесі, әдептілік, көргендік, мейірімділік, мінез байлығы, тектілік Мақсұт ініміздің бойында жетіп артылатын еді. Мақсұт биліктің биігіне білік-тілігімен, орнықты ойымен, жинаған беделімен жетті. Ол аз ғана уақытта ауданда біраз оң өзге-рістер жасай білді. Халықтың егін егіп, балық аулауына, өз тірлігін өзі жасауына жол ашты.
Бұл елдің еңсесін көтеріп,ертеңге деген сенімін артырды…
Мақсұт қай қызметте болса да, халықпен қоян-қолтық түсінісіп жұмыс істейтін, жұртқа көмек көрсетуді өзіне парыз санайтын. Осыдан болар ол "Шилі" кеңшарын басқарған жылдары елде домалақ арыз жазушылар азайды. Өмір болған соң кем-кетіксіз болмайтыны белгілі. Бірақ, соның өзінде ол адамды ретсіз жәбірелеуге жол бермейтін. Сондықтан да, оның ел басқарған уақытын адамдар "қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, мамыражай кезең" деп атайды. Кейбір орынсыз істерді көргенде қынжылса да, Алланың берген мінез байлығымен Мақсұт ініміз оны кешіре білетін. Оған алдына келген жанның көңіліндегісін тану қиынға түспейтін. Өйткені, ол үнемі адамды түсінуге тырысатын. Мұндай ықылас-пейіл Мақсұтқа туғаннан дарыған асыл қасиеттің бірі еді… Қара қылды қақ жарған әділдігі үшін жұрт та оны ерекше құрметтейтін. Қазір де Торғайда тоғыз аралап шықсаңыз да "Мақсұттан жәбір көрдім, не оның тілі тиіп еді" деген жанды көре алмайсыз. Біздің елдің үлкендері оны "Мақсұтжан" деп еркелетсе, кішілері "Мақсұт аға" деп қуана ортаға алатын.
Мақсұттың мінезі оның бауырларына да тән еді. Торғайда мен Мақсұттың інісі Жұмабекпен бірнеше жыл көрші болдым. Ол да ағасы тәрізді еліне құрметті азаматтың бірі еді. Мен Мақсұтпен біраз жыл қызметтес болдым. Сонда біздің ойымыз да, мақсатымыз да бір жерден шығып сабақтасып жататын. Кейін қызметі жоғарыласа,өзгелердей шіреніп, бұлдануды білмейтін, ол мені қашан көрсе де "ағалап" қарсы алатын. Маған Мақсұттың шамасы келсе, маңайына сәулесін молынан түсіруге тырысатын, қызметі жоғарыларға жалбақтауды білмейтін мінезі ұнайтын. Өзінен бірер саты төмен қызметтегілерге шекесінен қарап, мықтылық көрсету де оған жат қылық еді. Қызметтес болған кезде Мақсұттың ешкімді кейін итермейтін, керісінше өзіне тартып тұратын қасиетінің барлығын аңғаратын едім. Оның алдына келген жанның сөзіне де, ойына да еркіндік беретінін байқайтынмын.
Қазақта "азаматтың құдай қосқан жары – жарты бақыты" деген қанатты сөз бар. Кезінде Мәшһүр Жүсіп Абай атамызға: "Құдайдың тұрағы – жүрегіңде, ал жұмақ та, тозақ та – өз үйіңде, әйелің жақсы болса – жұмақ, жаман болса – тозақ" деген екен. Жары Дәметкеннің өзіне деген адал пейілі, ақыл-парасаты, Мақсұттың да ел тізгінін ұстаған азамат болып қалыптасуына оң әсерін тигізгені сөзсіз. Өзі де әкесі-ел ағасы Әбдуәли ақсақалдың тәлімін алып өскен Дәметкен ел билеген азаматтың жан-жары бола жүріп, оның шаршаған шағында тірегі бола білді, бауыр еті – балаларын тәрбиелеп, үйде де, түзде де алдын кесіп өткен емес. Мақсұт пен Дәметкен дүние жинауға құмартпады. Ел қатарлы тірлікті шүкіршілік етті. Жаратқанның бергенін қанағат еткен олар балаларына жоғары білім берді, оларды елінің саналы азаматтары етіп тәрбиелей біл-ді.
Талай арыстарын өмірдің көгіне қанаттандырған Торғай өлкесінің тағылымды тарихи жолында асыл азамат, білікті басшы – Мақсұт Шәйкемеловтің де өзіне тән ізін қалдырғандығы анық.
Кәрімжан Бекболатов,
еңбек ардагері.