Экспорт – экономика тетігі

Қостанай экспорттаушылардың кеңесінде қазақстандық тауарлардың сыртқы нарыққа бейімделуі талқыланды. Тауарларды экспортқа шығару үшін оларды сақтандыру маңызды кезең саналады.
– Қостанай облысының әлеуетті компанияларының дені біздің тұтынушыларымыз. Кез келген компания экспорт нарығында әлдебір қиындықтарға тап болуы мүмкін. Сол уақытта біздің сақтандыру корпорациямыз көмекке дайын тұрады. Сондықтан да Қостанай компаниялары тауар дистрибьюторлары желісін ұлғайтты. Солардың бірі – «Бан Сұлу» кондитер фабрикасы. Оларға сақтандыру қызметімізді үнемі ұсынымыз келеміз, – дейді «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Руслан Ысқақов.
авто
Қостанай экономикасының негізгі тетігі – автоөндіріс. 2018 жылдың аяғына дейін қостанайлық автокөліктер Ресей мен Орта Азия елдеріне сатылмақ. Allur Group автомобиль компанияларының тобының Басқарма Төрағасы Андрей Лаврентьев айтқандай, «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы қазірдің өзінде 1,5 млрд теңгенің өнімін сақтандырып отыр.
– Біз өзара әріптестікті 2017 жылдан ғана бастадық. Allur Group автомобиль компанияларының тобы өз өнімдерін әлемнің бірнеше еліне экспортқа шығарады. Оның ішінде, 7,5 мың көлік Қытайға сатылады. Тек қана JAC маркалы көліктің 3 мыңнан астам данасын Ресейге жеткіземіз. Келесі жылы өнімдерімізлі Ресейдің Санкт Петербург, Мәскеу және Батыс Сібір аймақтарына ұсынамыз, – дейді басқарма төрағасы.
Ал облыс әкімі Архимед Мұхамбетов автокөліктерді шығаруда санға емес, сапаға назар аударуды тапсырды.
– 2016 жылы жылына 2-3 мың ғана көлік шықты. Былтыр 6 мыңға дейін жеткіздіңіздер. Осы жылдың соңында 11 мың көлік қолданысқа беріледі. Дегенмен, келесі жылғы көрсеткіштеріңіз ойландырады. 25 мың көлік шығару үшін де қомақты қаржы керек. Бастысы сапаға мән беріңіздер, – деді Архимед Мұхамбетов.
Сыртқы нарыққа шығуға қауқарлы тағы бір компания – Қарабалық ауданындағы «Астық индустриясы» агрохолдингі. Бүгінде бұл холдинг «Қазақстан ет одағы» және «Қостанай облысының ет кластері» жобаларының тұрақты қатысушысы.
«Агрохолдинг құрамына «Север-Агро Н» асыл тұқымды мал шаруашылығы комбинаты, «Терра» бордақылау алаңы, «Тоғызақ» астық өнімдері комбинаты және «Ақ-Бидай-Агро» фирмасы секілді бірқатар нысан кіреді.
– Осы жылдың маусым айында «KazakhExport» сақтандыру компаниясы мен «Аграрлы кредит корпорациясы» арасында үшжақты келісімге қол қойылды. Мұндағы мақсат – экспортқа шығаруға дайын өнімдердің сапасын арттырып, экономиканың дамуына атсалысу. Меморандум нәтижесінде үй жануарларын жем-шөппен асырау базасын кеңейтуге, ірі-қара малдарды көбейтуге мүмкіндік алдық, – деді жиында «Астық индустриясы» агрохолдингі бас директоры Дәулет Ахметқалиев.
егін
Айта кетейік, «Астық индустриясы» агрохолдингі құрамындағы «Терра» бордақылау алаңында 8 мың ірі қара жемделеді. Компания облыстағы ет кластерінің қалыптасуына үлес қосып отыр. «Север-Агро Н» шаруашылығы 3500 ет бағытындағы және 2800 сүт бағытындағы асыл тұқымды мал өсіреді. Ал «Ақ-Бидай-Агро» агрофирмасы 3-4 ауданда 85 мың гектар алқапқа бұршақ, майлы дақылдар өсірумен айналысады. Олардың ішкі және сыртқы нарықта жоғары сұранысқа ие өнімі Қарабалық ауданында өңделеді.
«Астық Индустриясы» ЖШС Ресей мен Өзбекстанға экспортқа шығады. Ендігі мақсат – қазақстандық өнімдерді сыртқы сұранысқа дайындау.
Жиынды облыс әкімі қорытындылады. Архимед Мұхамбетов экспорттаушылардың жұмыстарына жақсы бағасын берді. Дегенмен, алда бағындырар белес көп.
– Экспорт тек қана ұлғаюы тиіс. Сол себепті кәсіпкерлерге тынбай еңбектене беру қажет. Сыртқы нарық бағытында «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясының көмегі зор. 2017 жылы облыстың ішкі сауда-саттығы 2 млрд 31 млн долларды құрады. Ал осы жылдың 7 айында экспорт тауарлары 70 пайызға дейін өсіп, 947 млн долларға жетті, – деді аймақ басшысы.
Қостанай облысы әлемнің 90-нан астам елімен сауда-саттық байланысын орнатты. Экспорт тауарларының көбі Ресейге жөнелтіледі. Бүгінде аталмыш көрсеткіш 53 пайызға тең. Сондай-ақ, қостанайлықтардың өніміне Қытай, Тәжікстан, Өзбекстан, Иран сияқты елдер қызығушылық танытуда.
 
Сурет газет архивінен алынды

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓