Тұмауға қарсы егу шаралары басталды
Елімізде 1 қазаннан тұмауға және өткір респираторлық инфекциялардан қорғау үшін жаппай вакцина егу науқаны басталды. Бұл туралы облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінде өткен брифингте айтылды.
Департамент басшысының орынбасары Ю.Севостьяновтың айтуынша, өткен эпидемиологиялық маусымда еліміз бойынша 600 мыңнан астам адам өткір респираторлық вирусты жұқпамен ауырса, соның жетпіс мыңнан астамы біздің өңірге тиесілі. Ал, өткен жылы елімізде тұмаудың зертханалық дәледенген екі мың жағдайы тіркелсе, біздің Қостанайда 13 жағдай тіркелген. Суық тиіп сырқаттанғандардың 70 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар көрінеді.
-Осы маусымда сарапшылар тұмаудың A (H1N1) – Мичиган, A (H3N2) – Сингапур және В – Колорадо сияқты үш түрін күтуде. Егер тұрғындар тұмаудың екі штаммымен былтырдан таныс болса, ал “Сингапур” штаммымен бірінші рет кездесеміз. Сондықтан тұмауға қарсы ең тиімді алдын алу шарасы вакцина болып табылады. Биыл облысқа 57 мың доза “Гриппол плюс”вакцинасы сатып алынды. Бұған бюджеттен 48 млн теңге бөлінді. Тағы да қосымша 5600 доза вакцина сатып аламыз, ол екі аптаның ішінде жеткізіледі. Ресейде шығарылған бұл вакцинаның құрамында жоғарыда айтылған тұмаудың үш түріне қарсы штамм антигендері бар. Мемлекет есебінен созылмалы өкпе, жүрек-қан тамыры ауруларымен ауыратындар, иммунитеті төмен балалар, медицина қызметкерлері, жүкті әйелдер сияқты халықтың ең әлсіз топтарына вакцина тегін беріледі. Облыс бойынша тұмауға қарсы вакцинациялауды жүргізу үшін 361 егу пункті ұйымдастырылған, – дейді Ю.Севостьянов.
Мамандардың айтуынша, жаппай тегін егу науқанынан бөлек, тұрғындардың жеке қаржысына да вакцина егіледі. Ақылы егу қаламыздағы “Мәриям ЛТД” және “Уромед” клиникаларында жүргізіледі. Әзірге, вакцинаның құны қанша екендігі белгісіз.