Тіл ағатын түзетуге талпынған

           Жастарды кәсіпке үйретіп, идеяларын жүзеге асыруға қолдау көрсететін түрлі бағдарлама іске асып, алуан игі жоба қолға алынып жатыр. Солардың бірі – "Start up – 2018" жобалар байқауы. Ол Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінде өткен болатын. Байқауда ҚМПУ филология факультеті деканының орынбасары Шошақова Жанар жеңіске жетіп, 100 000 теңгенің сертификатын иеленді. Жеңімпазбен жүздесіп, жобасы жайлы танысып, сұхбаттасып қайттық.images
– Қаламыздағы жарнама баннерлерінің қатесін түзетуге бағытталған бұл жобаны жасау ойыңызға қашан және қалай келді?
– Қателеспесем, 2010 жылы, атын атамай-ақ қояйын, орталығымыздағы бір әмбебап дүкеннің бір бөлімінде "Туалетная вода" деген сөз "Дәретхана суы" деп аударылыпты. Бұл аударма көзіме түрпідей тиді де, кірпідей жиырылып, ішімнен "бұлар неге біздің тілімізді соншамалық қорлайды?" деп налыдым. Сосын дүкеншіге кіріп, осы қателік туралы айттым. Дүкенші болса оны арнайы агенттіктердегі мамандар жазып бергенін айтып құтылды. Сонда қаламыздағы көптеген тілдік қателіктерді жасап отырған "жарнама агенттіктері" екенін түсіндім. Міне, сол кезде қаладағы сауда орталықтары, тіпті мемлекеттік мекемелеріміздің өзінен көзіміз көріп жүрген қателіктерді түзететін, оларға керекті жазуды қатесіз жазып беретін "жарнама агенттігі" болғанын қаладым. Бұл ойымды жоба ретінде жазып, 2012 жылы қағазға түсірдім. Одан кейін 2013 жылы өзіміздің филология факультетінің сол кездегі      2-курс студенті Шамғанова Жансаяға қорғауға бердім. 2013 жылы өткен байқауда бұл жобамыз қаладағы "Тіл дамыту" орталығының қызығушылығын туғызды.
– ҚМПУ-да өткен "Start up – 2018" жобалар байқауында осы жоба бас жүлдені иеленді. Байқау кезінде әділқазылардың ішінде сіздерге қолдау көрсететінін айтып, өздеріне шақырған кісілер көп болды. Байқаудан кейін кімдер, қандай қолдау көрсетті?
-Бұл байқауда жобамыздың тақырыбын "Жарнама агенттігі" деп таныстырдық. Ал, қазір "Аударма агенттігі" деп өзгертіп отырмыз. Байқаудан кейін жобаны іске асыруға айтарлықтай атсалысу жұмыстары болған жоқ. "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы тарапынан "Бизнес план" жасап береміз деген кісілер болды. Бірақ та, бұл бизнес жоспарын жасау үшін біздерде арнайы сертификаттар болуы керек екен. Біздің университетіміздің "Білім-ғылымды жетілдіру" бөлімінің координаторы Наталья Анатольевна арнайы семинар-курстарға жіберіп отыр. Осы семинардан кейін берілетін сертификат бойынша студенттеріміз "Жеке кәсіпкер" болу мүмкіндігіне ие бола алады. Сертификатты алғаннан соң біздің жобамызды іске асыратын "IP" ашуымыз керек. Оны ашудың өзі бірталай қаражат пен жұмысты керек етеді екен.Без названия
– Қазір республика бойынша жастарымыз ойлап тапқан осындай кәсіпкерлік жобаларды жүзеге асыратын "Zhas project" байқауына ұсыныпкөрмедіңіздер ме?
– Сіз айтып отырған бұл байқауға да қатысып көрдік. Бірақ, біздің жобамыз жеңіске жете алмады.
– Ендеше, сертификатты алып, жеке шаруашылық ашқаннан кейін бұл жобаны қалай жүзеге асырмақсыздар?
– "Жеке кәсіпкер" атануға мүмкіндік беретін сертификатты алғаннан кейін бізге жобаны іске асыратын демеуші қажет қой деп ойлаймын. Себебі, бізге "Аударма агенттігінің" жұмысын жүргізетін арнайы мекеме тауып, керекті құрал-жабдықтарды алу керек. Кейіннен сонда қатені түзеу, аударма жасау жұмыстарын жасайтын студент-мамандарымызға жалақы төленуі керек. Жақында облысымызда қонақ болған прьемер-министр Бақытжан Сағынтаев жан-жақтан  жұмыс іздеп,бойкүйездікке ерік беріп, шылым шегіп, ішімді ішіп, кері жолда жүрген студенттеріміздің өзін дұрыс жұмыспен қамтамасыз ете білуді ойластыруымыз керек екенін айтты. Бұл агенттікті ашсақ, қаншама студенттерімізге жұмыс тауып берген болатын едік.
– Әліпбиімізді латын қарпіне ауыстырғаннан кейін "Аударма агенттігі" деп атаған осы жобаңыз нағыз табысты жоба болатын сияқты…
– Иә, қолдау табылса, бұл жобамыз сол кезде жақсы табысқа ие жоба болады деп сенеміз. Сондай-ақ, жалпы облысымыздағы мекемелер мен орталықтардағы  жазбаларды дұрыс аударып, ешқандай қатесіз жаза білетін нағыз шынайы тіл мамандарының жұмысы көрінеді. Әйтпегенде, дұрыс аударма жасап, қатесіз жазуды білмейтін агенттіктердің себебінен сырттан келген қонақтарымыз облыстағы тіл жағдайына күліп кетіп жүр. Бұл, жалпы, ұлттық деңгейде үлкен мәселе саналады. Сондықтан, өзге жұртқа күлкі болмау үшін өз өңірімізде осы жобаны жүзеге асырсақ деймін. Ол үшін бізге кәсіпкерлердің, мекемелердің демеуі қажет.
– Жобаның сәтті іске асуына шын тілектеспіз. "Қостанай таңы" облыстық газетінің бұл жобаның жүзеге асуы жолында серіктес, мүдделес болатынын жеткізгіміз келеді. Сұхбатыңыз үшін рахмет.
                             
Жұлдыз Қадірова,
ҚМПУ 4-курс студенті
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓