Орнында бар оңалар

1974 жылдың 17-ші тамызы күні Аманкелді ауданынан алыстағы "Родник" (кейін Жыланшық болып өзгерді) кеңшары орталығы Рахмет ауылына осы ауылдың селолық Кеңес төрағасы Әлшораның Шіменбайының туған інісі Балғатай қайтыс болды деген суық хабар келді.
Отызға жаңа толған Балғатай ол кезде Аманкелді аудандық №154-кәсіптік техникалық училищенің белді ұстазы болатын. Халыққа танымал, аудан  жастары ісіне белсене араласатын, жас маман даярлауда үлгілі ісімен көзге түсіп, сол тәрбие ісін жетелдіру жолында тынымсыз іссапарда жүргенде жол апатынан қаза болды. Жайраңдап, жарқылдап жүрген ақкөңіл, ақжарқын азаматтан ойда жоқта айырылып қалдық. Мен ол кезде Родник жұмысшылар комитетінің төрағасы, әрі Шіменбай қариямен көрші болатынмын. Берісі Торғай-Қостанай, әрісі республика көлеміне танымал Шіменбай ағамыз ел азаматтарын жинап, аудан орталығында тұратын інісін соңғы сапарға аттандыруға дайындалды.
Сол кісілермен мен де ау-   данға бірге бардым.  Қазіргідей емес, ол кезде   жол апаты  сирек болатын. Жас болса да көп жақсылармен араласқан, әрі осы топырақта туып өскен құрбы-құрдасы көп, елге сыйлы азамат-қа көңіл айта келген халықта шек болмады.  Талай жоқшылық пен қиындықты көрген, талай от пен судан өткен, осы 60  жас ғұмырында үш рет жазалы болып, түрмеге отырып шыққан Шіменбай аға барша ұйымдастыру жұмысын қолға  алып, алдымен  Балғатайдың мұсылманша жаназасын шығарып рәсімдетті. Сол кездегі Кеңестік тәріп бойынша Аманкелді аудандық партия комитетінің хатшысы Кәрім Айтмағанбетов  басқа да көптеген аудан белсенділері қорымға бет алды. Менің қызметтік автомашинама қызыл матаға қара жолақ тартып, алдына үлкен фотосын қойып Балғатайды машинаға салды. Хатшы қаралы митинг өткізіп, арыстай азаматтың еңбек-қорлығын, азаматтығын, аудандық 154-ші кәсіптік техникалық училищесінің көркеюіне, оқу-тәрбие ісіне қосқан үлесіне, азаматтық қырларына тоқталды.  Балғатайды соңғы сапарға шығарып, бір уыс топырақ салуға барған адамда есеп болмады. Барлық кеңшарлардан, көрші аудандардан, мектептерден,  өзі қызмет атқарған училищеден арнайы қоштасуға келген делегаттар сөз сөйлеп, гүл шоқтарын қойып, қабіріне лента байлап  тағзым етті. Ең соңында Шіменбай ағамыз басындағы қалпағын қолына алып еңіреп тұрып сөйледі. "Соңымнан ерген қарам еді, жалғызым еді, жайсаңым еді, тарыққанда, зарыққанда көрген қуанышым, қызығым еді, 25 жыл-ға сотталып түрмеде отырғанда соңымда қалған жалғыз үмітім еді" деп саңқылдап бір сағаттан артық сөйлегенде егіліп жыламаған адам болмады.
Бірге туған бауыры өлгендей қабырғасы қайысып, ет-жүрегі   езіліп, Шікеңнің әр сөзін тыңдаған сайын сай-сүйегі  сырқырап бордай езілген көпшіліктің өксіп, қорсылдап жылағаны күні бүгінге дейін көкейімнен кетпейді. Көздің жасына ие болу мүмкін болмады. Талай зұлматты, жазықсыз жапа-жәбірді бастан өткізген азаматтың жан тебіренісі, бауырын, інісін, соңынан ерген тұяғын жоқтауы әрине, түсінген адамға көкейден шыққан ащы запыран болатын. Соңғы үшінші рет 25 жылға сотталғанда елде қалған әйелі, Бақытжамал атты қызы тұрмыстың ауырлығы мен қай-ғыдан көз жұмғанда үміті мен сүйеуі болған артында қалған қарасы, жалғыз бауыры ойда жоқта қаза болды.   Жиналған үлкен-кіші Шіменбайға тоқтау айтып, қой деуге дәттері бармады. Бауырын соңғы сапарға шығарып салып тұрғанда сөйлеген сөзі ел арасында көпке дейін айтылып, жұрт Шіменбайдың шешендігіне, көсемдігіне, сөз сөйлеу сұңғылалығына таң қалды. Қол бастаса көсем, сөз сөйлесе шешен азаматтың жан тебіренісі сол жерде болған азаматтарды есеңгіретіп тастап еді. Иә, ол Балғатайын жоқтады. Балғатай 30 жыл ғана ғұмыр кешті. Артында аяулы жары Роза 26 жасында, Дүйсені 6 жаста, Рамазаны 5 жаста, Салтанаты 3 жаста, Гүлжанаты  3 айлығында қалды.
Балғатай алғыр, көпшіл барша қазақты бауырым деп іш тартатын, кісіге жақын, менмендігі жоқ көпшіл азамат еді. Қолында қартайған әкесі, қарт  анасы болды. Көшеде кездесіп қалсаң, бірге туған бауырындай құшағын ашып, аман-саулығыңды сұрап, әзіл-қалжыңын айтып, қоярда-қоймай үйіне шақыратын. Адал асын шын ықыласпен алдыңа қойып, өткен тарихтан сыр шертетін, аталы сөз айтып әңгіме дүкен құруға өте шебер еді. Қазір, ойлап отырсам сол кезде отыздан асқан азаматтың ой-өрісінің кеңдігі, іскерлігі, ата-анадан ал-ған тәлім тәрбиесі, сөзге шешен ұстамдылығы бәрі-бәрі алдындағы ағасының ініге берген тәрбиесінің жемісі екені даусыз. Өзімізден аз ғана үлкен азаматтың өзінен үлкенге де, кішіге де үлгілі сөз айтып, ойының озықтығын көрсетуі қашанда таң қалдыратын. Әттең ғұмыры қысқа болды. Болмаса бұл күнде парасатты ел ағасы, қадірменді қария боларына дау жоқ еді. Ұлы Жаратушының шешіміне ешкім қарсы келе алмайды. Қарсы келуге құқығы да жоқ. Пенде бол-ған соң артық кем айтып, болжау жасай береміз. Пешенеге тағдыр қалай жазды, солай болады.
Иә, уақыт емші,   артында қалған жан-жары Роза балаларын мәпелеп бағып, тәрбиелеп, білім берді. Бәрі де бір-бір үй болып өсіп өркендеп келеді. Балғатай қайтқаннан кейін Шіменбай ағамыз  өзі өмірден озғанша қамқорлығын аяған жоқ. Шікеңнің балалары да ағасының балалары мен жеңгесіне барлық мүмкіндігінше қарасты. Бірін-бірі толықтырып, бірінің ісін бірі "бір әке, бір шешеден туғандай" ат-қарып, сыйласып келе жатқанын көзіміз көріп, бірлік-берекесіне іштей қуанып, жақсы істеріне сүйсініп отырамыз. "Орнында бар оңалар" деген, Аллаға шүкір, Әлшора әулеті қатарынан кем болмай өсіп өркендеп келеді. Текті әулеттің ұрпағы тектілігін сақтап, Шіменбай ағамыз салған сара жолды жалғап, халыққа адал қызметімен еңбек етіп келеді.
Шөптібай Байділдин.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓