Маусымнан маусымға дейін…

27-ші маусымда Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры өздерінің он үшінші маусымын жабады. Он үшінші маусымын өткен жылдың бірінші қазанында Қазақстанның Халық әртісі, режиссер Ерсайын Төлеубайдың "Сергей Есенин" драмасымен ашқан болатын. Енді 27-ші маусымда Е.Төлеубайдың "Мәриям Ілияс" драмасымен жабылып, 1-ші қазанда қайтадан өз жұмысын бастайды. Маусымнан маусымға дейінгі театр өмірінде қандай жұмыстар атқарылып, спектакльдер қойылды? Алдағы уақытта қандай жоспарлар бар? Осындай сауалдармен біз театр директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Ерекешевпен әңгімелескен едік.
Диана Рахметова
– Нұрлан Ерікұлы, таяуда театр маусымының он үшінші жабылуы болады. Міне, сол он үшінші маусым ашылғалы бері қандай қойылымдар дүниеге келді?
– Бұл маусымда 14 спектакль 290 рет қойылды. Олардың жетеуі жаңа. Атап айтқанда, Е.Төлеубайдың "Боздаған бойдақтар" комедиясының, "Сергей Есенин", "Мәриям Ілияс" драмасының, балаларға арналған "Алтын мен ақыл", М.Машадуның "Бразилия байлығы", В. Илюховтың "Сиқырлы айна" ертегілерінің, жазушы, драматург Ж.Әлмашұлының "Мұңмен алыс-қан адам" драмасының премьералары өтті. Қазір репертуарымызда 71 спектакль бар. Олардың 53-і үлкендерге, яғни, жалпы көрермендерге арналған драмалар болса, 18-і балаларға арналған. Жақында гастрольдік сапармен Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрының сахнасында өнер көрсетіп қайттық. Көрермендер жылы қабылдап, қошеметін көрсетті. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова алғыс хатын тапсырды.
– Астанада қойылған спектакльдердің ішінде көрермендер қай спектакльге айрықша назар аударды?
– Барлық қойылымдар да көрермендер жүрегінен жылы орын алған сияқты. Дегенмен де Жолтай Әлмашұлының "Мұңмен алысқан адам" драмасы мен Ерсайын Төлеубайдың "Абай" трагедиясын көруге қызығушылар көп болды. Бұл қойылым жайында да "Егемен Қазақстан" газеті мақала беріп, жақсы пікір білдірді. Өзіміз қызыға оқитын облыстық "Қостанай таңы" газетінде де бұл жайында айтылды.
– Жаңа, жас кадрлар даярлау ісі қалай жүргізіліп келеді?
ТЕАТР ТИТУЛ
Театрға жаңадан алынған өнерпаз жастар жайында айтсаңыз. – Бізде театр актерларын даярлайтын курс ашылған еді. Алайда, қаржы тапшылығына байланысты жабылып қалды. Осы курсты бітіріп, қазір театрда қызмет істеп жүрген Қуаныш Қойшығұлов, Гүлмира Сәрсембаева, Асылан Кенжетай, Төленді Алғожин, Әсем Қозбақова, жақында ғана Челябі мемлекеттік өнер және мәдениет академиясын бітіріп, дипломдық жұмыстарын сәтті қорғады. Дипломдық жұмыстары М.Кәрімнің "Ай тұтылған түн" спектаклін Челябі мемлекеттік өнер және мәдениет академиясының ұстаздары Қостанайға арнайы келіп, біздің І.Омаров атындағы театрда тамашалады. Сынақ ойдағыдай өтті. Сондай-ақ, өзіміз-дің студияда оқыған Айым Бірмағамбетова Көкшетау мәдениет колледжін бітіріп келіп, қазір ролдерде ойнап жүр. Жаңадан келген актриса Диана Рахметованың өнері жайында айрықша айтуға болады. Жас өнерпаз Алматының Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі. Өзіміздің Жітіқара ауданында туып өскен. Ол Ерсайын Төлеубайдың "Мәриям Ілияс" драмасында Зияш Қалауованың, Марат Байжиевтің "Тіл табысқандар" комедиясында Дездемонаның (Дукош) ролін ойнап, сәтті шығарды. Болашағынан үлкен үміт күтеміз.
– Ұжымдарыңызда кино өнеріне із қалдырып, республикаға танымал болғандар бар ма?
– Әрине бар. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр актері Қонысбек Бегайдаров алғаш "Көшпенділер" фильміне қатысса, кейін "Жаужүрек мың бала" фильміне түсіп жаңа бір қырын танытты.
Сұхбаттасқан Нұрболат МЕШІТБАЕВ
. *Жас талант Диана Рахметова "Тіл табысқандар" қойылымында *Қонысбек Бегайдаров "Театр" журналының мұқабасында.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓