Ауыл азаматтарына алғыс
Редакцияға Гүлмира Әлжанова есімді Семенов ауылының тұрғыны келді. Ол бірнеше жыл бұрын жолдасы Жанболат Адаевты жоғалтып алды. Қабырғаны қайыстырғаны да осы болатын.
– Күйеуім бар кезде ешкімнің есігіне елпеңдеп, жәрдем сұраған емеспін. Қазір көкірегімді қарс айыратын мәселелер жетерлік. Ең негізгісі – балаларымның қамы. Алла берген 6 баламның екеуі студент, төртеуі мектепте оқиды. Атаулы көмек, балаларға берілетін жеңілдік ақшаны алмаймын. Себебі, жолдасымның зейнетақысы ескеріледі екен. Оған қоса, «Күміс алқа» алған аналарға қосымша қаржы берілмейді. Шынымды айтсам, кейде шаршап кетемін. Бір жағынан, балаларымның әрқайсысын жерге қаратқым келмейді. Қатарынан қалдырмаймын. Бар тілегім сәбилерімнің далада қалып қоймауы ғой, – дейді жалғызбасты ана.
Шынымен де ана-жүректің сөздері сай-сүйекті сырқыратады. Бұл отбасының басты тірегі – жары Жанболаттың достары. Олардың көбі сонау Торғай ауылынан бастап, бұл отбасымен араласып келе жатыр. Сыйластықтары үзілген емес.
– Қазіргі уақытта жоғыңды айтып, әркімнің алдына бара бергің келмейді. Бірақ, жолдасымның достары кез келген сәтте көмектерін аямайды. Сағын, Санжар, Алмас, Нұрболат, Ернұр, Алмат, Айдос, Ғабдолла, Қайсар, Марқабай, Сүндет, Мұхтар есімді достарымыз әркез қоңырау шалып, қолқабыс етеді. Нағыз азаматтар! Сүйікті газетім арқылы осы жігіттерге алғыс айтқым келеді, – деді Гүлмира Арыстанқызы.
Отбасын жалғыз асырап келе жатқан ананың басты көздегені – мектептегі балаларын тегін тамақтандыруға іліктіру. Жесірін сыйлауды білетін, батыр аналардың қадірін түсінетіндердің барына шүкір дейді ол.
P.S. Гүлмира Арыстанқызының жағдайы туралы Семенов ауылының әкімдігіне қоңырау шалдық. Әкімдіктегілер жалғызбасты ананың мәселесін шешіп беруге уәде етті. Сондай-ақ, Қазтұтынуодағының Қостанай жоғары экономикалық колледжі басшылығы Гүлмира Әлжанованың балаларына оқу ақысын төлеуде жеңілдіктер қарастырылатынын айтты.