«Әбдіғапар есімі елену керек»
Арқалық қаласының бір топ ардагері 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерлістің көсемі Әбдіғапар Жанбосынұлының есімін өзінің туған және жерленген жері – Қараторғай ауылына (қазіргі Жаңа қала ауылы) беру туралы ұсыныс жасады.
Ұсыныста тарихи тұлғаның өмірдерегі кеңірек қамтылған. Әбдіғапар Жанбосынұлы Торғай уезінің Қараторғай болысындағы «Үлкен қарасу» (қазіргі Алуа ауылы) деген жерде дүниеге келген. Атақты Нияз бидің шөпшегі, Тілеулі батырдың ұрпағы, қырық жыл болыс болған Жанбосын бидің бел баласы.Анасы Алуа Ақтасқызы (1840-1934) Ақкөлдегі ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының жақын апасы.
– Абылай хан Нияз биді ерлігімен халыққа жасаған жақсылығы үшін хан Нияз атаған. Әбдіғапар Жанбосынұлы көтеріліске дейін елге беделді болыс болған. Ел басына күн туған шақта да халық тағдырын осы кісіге аманаттаған. Ол көтеріліске шыққан елу мыңнан аса халықты әскери тәртіпке бағындырып, жазалаушы отрядтармен бет-бет соғыс кезінде жауынгерлерді артық шығыннан аман сақтап отырған. Халықтың асыл перзентін жайнамаз үстінде дұға оқып отырғанда желкесінен атып кеткен. Міне, осылай тергеусіз, тексерусіз қызылдардың қолынан жазықсыз оққа ұшты. Артынан туыстары келіп, асыл денесін өзінің туған жері Қараторғайдағы қорымға 12 адамның ортасына жерлеген. Қазір сыртынан қызыл кірпішпен салынған тамы бар. 2016 жылы Торғай жеріндегі Ұлт – азаттық көтерілістің 100 жылдығы қарсаңында «Өр Торғай – ерлік мекені» экспедициясы Әбдіғапардың басына ескерткіш тақта қойды. Көкөлеңдегі Жанбосын мешітіне барып, дұға бағыштады. Әбдіғапардың өмірден озған күні 1919 жылдың 24-ші желтоқсаны. Өмірден озғанына жүз жылдан асты. Осы мерзім арасында әмір Әбдіғапар жайлы көлемді зерттеулер, дастандар, мақалалар, естелік кітаптар жарық көрді. Бірақ, асыл азаматтың мәңгіге тұрақтаған өзінің туған жерінде, өзінің отанында күні бүгінге дейін не елді мекеннің, не көшенің, не мектептің ол кісіге аты берілген жоқ. Сондықтан, ер есімін ел есінде мәңгілікке сақтау мақсатында қала басшылығына, қалалық мәслихат депутаттарына ұсыныс жасап отырмыз,- дейді Арқалық қаласының құрметті азаматы, белгілі өлкетанушы, тарихшы Шөптібай Байділдин.
Мұрат Жүнісұлы