Қостанайдан – Астанаға, Астанадан – Қостанайға
Өңірлік коммуникация орталығында Елорданың 20 жылдығын мерекелеуге қатысты жиын өтті. Облыстық мәдениет, білім, ішкі саясат басқармаларының және қалалық мәдениет бөлімінің басшылары тілшілерге мерейлі жылдың негізгі мәдени бағдарламаларын таныстырды.
Әдетте еліміздегі үлкен шаралардың басым бөлігі Астанада өтіп, оған өңірлерден сауда-жәрмеңке, білім-мәдениет салаларының өкілдері барып қатысатын. Бұл жолы бас шаһарға аймақтардан баратын делегаттармен қатар, елордалық өнер майталмандары да республиканың облыстарына гастрольдік сапарларға шықпақ. Астаналық өнерпаздардың бір шоғыры Тобыл-Торғай аймағына табан тіремек. Бұл туралы облыстық мәдениет басқармасының басшысы мәлім етті:
– Бас шаһардың мерейтойын атап өтуді бірнеше кезеңге жоспарланып отыр. Оның алғашқысы ретінде Астананың біздің өңіріміздегі мәдени күндері 16 маусым күні сағат 15.00-де елордалық қылқалам шеберлерінің сурет галереясымен басталмақ. Көрме 20 маусымға дейін жұмыс істейді. Онда елуден астам суретшінің туындысы қойылады деп жоспарланған. 18 маусым күні сағат 17.00-де Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда Астана мемлекеттік филармониясы өнерпаздарының концерті өтпек. 19 маусымда 18.30-да қалалық «Мирас» мәдениет сарайы «Наз» мемлекеттік би ұжымының өнерін тамашалауға шақырады. Ал 20 маусымда елорданың мәдени күндері аталған өнер сарайында «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрдің концертімен аяқталады, – деді Ерлан Қалмақов.
Қостанайдағы бас шаһардың туған күні – 6 шілдедегі шаралардың басым бөлігі Тәуелсіздіктің 25 жылдығы саябағында аталып өтеді. Тобыл өзені жағалауы сағат 11.00-де этно-мәдени фестивальмен басталмақ. Қаз-қатар киіз үйлер бой көтерген этноауыл аумағында түрлі қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдар, ұлттық ас-сусындар қойылады. Сол жерде шеберлердің өздері байырғы қолданылған заттарды жасаудың қыр-сырын көпшілік алдында көрсетпек.
Айтпақшы, көрші Ресейдің танымал циркі де 6 шілде күні Елорда мерекесіне сый жасауды ұйғарған екен. Ал кинотеатр алдында бас шаһарымыздың іргетасы қаланғаннан бергі тарихын баяндайтын фильм көрерменге жол тартады. Ал кешкісін «Астана – арман қала» атауымен өтетін концерт белгілі эстрада әншісі Ерке Есмахан мен әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің қатысуымен өтпек.
Айтулы шара қала орталығы мен «Жастар» және «Қостанай-2» шағын аудандарында қатар өтіп отыратынын айта кету керек. Кешқұрым мерейтой Тәуелсіздіктің 25 жылдығы саябағында отшашуға ұласпақ.
Ал енді біздің өңірдің бас қаламызға жасағалы отырған тартуы қандай? 1 шілде күні «Ақжелең» фольклорлық ұлт-аспаптар ансамблі мен филармония өнерпаздары тойға шашуды бастап береді. Аймағымыздың өнер ұжымдарының гастрольдік сапары тамыз айында да жалғасатын болады.
Мерейтойға өңіріміздің тағы бір үлкен сыйы – Астана көшелеріне 21 шақырымнан асатын веложол төсеп бермекші. Көктемде басталған жол салу жұмыстары 1 шілдеде аяқталады. Бір жолдың ұзындығы 19, екіншісі 2,4 шақырымды құрамақ. Оның сыртында 600 метрлік тротуар салу да осы жұмыстардың ішіне кіреді. Бұл мақсатқа жарты миллиард теңге жұмсалып отыр.