Мемлекеттік қызметтегі жаңа жүйе

Қостанайға Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аппаратының басшысы Саян Ахметжанов келді. Ол тиісті органдардың басшыларымен кездесіп, факторлық-баллдық шкаламен мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын төлеуді енгізу туралы баяндады. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов, облыстық департаменттің басшысы Салауат Мүксімов және аудан-қалалардың әкімдері, басқарма басшылары қатысты.IMG_5674

С.Ахметжанов мемқызметкерлердің жалақысын екі есеге арттыру және орталық пен өңірлер арасындағы жалақы айырмасын 70%-дан 10%-ға дейін төмендетудің оң нәтижесін атап өтті. Соның арқасында бүгінде бір бос мемлекеттік лауазымға екі үміткердің орнына алты адам келетін болған.
Аталған оңтайландыруды ескере отырып, енді Ұлттық бюро орталық аппаратының офицерлері 232 мың теңгенің орнына – 410 мың теңге, ал аумақтық департамент қызметкерлері 152 мыңның орнына 350 мың теңгеге жуық еңбекақы алатын болды.
– Біз басқарушылық лауазымдарды екі есе қысқарттық, бұл атқарушы билікті 25%-ға нығайтты. Артық құрылымдарды қысқарттық, оның ішінде ауданаралық басқармалардың үштен екі бөлігін қоса алғанда. 26 басқарма бөлімдерге, 34 бөлім топтарға өзгертілді. Орталық басқаруды күшейте отырып, ішкі қауіпсіздік аумақтық департаменттерін оңтайландырдық, – деді Саян Ахметжанов.
Сондай-ақ, жоғары тиімділік көрсеткіштері бар қызметкерлер жыл сайынғы жалақы мөлшерінде сыйақыға үміттене алады. Бұл өз кезегінде ипотека рәсімдеуге немесе автокөлік сатып алу үшін жақсы мүмкіндік.
– «Өзгерісті өзіңнен баста» принципі бойынша, агенттік мемлекеттік аппаратта оңтайландыру процесін жүргізеді. Мысалы, егер біз барлық мемлекеттік органдардың кадрлық процестерін орталықтандыратын болсақ, сол арқылы жылына 5,5 млрд теңге үнемдейміз, – деді ол.
IMG_5709
Қостанай облысы әкімдігінің жастар саясаты жөніндегі басқарманың басшысы Марат Жұрқабаев жалақы төлерде неліктен еңбек өтілінің ескерілмейтіні сұрады.
– Негізі әр мемлекеттік қызметшінің жалақысы өзінің тиімді жұмысына байланысты болуы керек. Оңтайланыдру деп отырғанымыз сол. Еңбек өтілі біліктілікті арттыру кезінде қажет, – деді аппарат басшысы.
Қазір персоналды басқару қызметтері 14 есе тиімді жұмыс істейді. «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінің арқасында бір күнде 30 адамның орнына 400-ден астам адамға қызмет көрсетіледі. Жыл соңына дейін жалақы есептеу функциясы беріледі. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алулар мен заң қызметтері орталықтандырылған.
Қазіргі уақытта Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері 1 қазаннан бастап жаңа жүйеге ішкі резервтер есебінен өтуге дайын екендігін білдірді.
 
Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓