Жаңа талаптар күтіп тұр
Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында конституционалист ретінде мен ең алдымен, белгіленген терең конституциялық реформаларға назар аударғым келеді. Өз көзқарасым бойынша ең маңызды тұжырымдамалық бағыттарға тоқталамын. Атап айтқанда, "күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет" формуласын іске асыра отырып, суперпрезиденттік жүйеден мықты Парламенті бар президенттік республикаға көшу мәселесіне назар аударды.
Бұл ретте Конституциялық реформа аясында республика Президентінің өкілеттігі шектеледі, ол өзінің саяси партияға мүшелігін президенттік өкілеттігін орындау мерзімінде тоқтатуға міндетті. Ел Президентінің облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдерінің актілерінің күшін жою немесе оларды тоқтата тұру жөніндегі құзыреті алып тасталады; Президенттің аудан, қалалар, ауылдық округтер әкімдерін қызметінен босату құқығы жойылады; Сенаттағы президенттік квота 15-тен 10 депутатқа дейін қысқартылады; Президент енді облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін оның келісімімен баламалы негізде ғана тағайындайтын болады. Президент Конституциялық Соттың Төрағасын және Жоғарғы Сот Кеңесінің Төрағасын тағайындауы үшін Парламент Сенатының келісімі талап етіледі.
Сот және құқық қорғау жүйелері саласында Конституциялық Кеңесті Конституциялық сотқа айналдыру ұйғарылып отыр. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге Конституциялық сотқа жүгіну құқығы берілетін болады. Азаптау туралы істерді тергеу ісі Бас прокуратураға жүктелетін болады. Прокуратура туралы, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заңдарға конституциялық заңдар мәртебесі берілмек. Бұдан бөлек, алқабилер қатысатын істерді соттың қарау санаты кеңейтілетін болады. Өлім жазасы жазаның бір түрі ретінде Республика Конституциясынан алынып тасталады.
Республика Президентінің саяси және конституциялық реформалар саласындағы Жолдауында атап көрсеткенінің бәрі Конституцияға, конституциялық заңдарға, өзге де заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді, жаңа конституциялық заңдар мен заңнамалар қабылдауды талап ететіні сөзсіз. Мұның бәрі, менің ойымша, тұтастай алғанда Қазақстанның саяси жүйесін де, сот және құқық қорғау жүйелерін қоса алғанда, құқықтық жүйені де одан әрі демократияландыруға ықпал ететін болады.
Сымбат УКИН,
А. Байтұрсынов атындағы ҚӨУ П.Чужинов атындағы экономика және құқық институтының мемлекет және құқық теориясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, заң ғылымдарының кандидаты, доцент.