Тархан мұражайы облыс орталығына көшуі мүмкін
Торғайдағы Шақшақ Жәнібек музейі мен Арқалық қаласында Дала өлкесі тарихы музейіне күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттамалар дайын. Бұл туралы аймақтық әкімдікте өткен жиында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов аталған саладағы осы және өзге де атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде баяндады.
Шақшақ Жәнібек демекші, облыс әкімі елдің зиялы азаматтарынан, ақсақалдардан Тархан мұражайын облыс орталығына қарай көшіру туралы ұсыныс түсіп жатқанын жеткізді.
– Әрине, музей көшіру оңай жұмыс емес. Ол қаншалықты тиімді, соны ескерген жөн. Мәдениет басқармасы басшылығына бір айдың ішінде осы жөнінде ұсыныс енгізуге тапсырма беремін. Жәдігерлерді Қостанай қаласына ма, бәлкім Затобол кенті немесе маңайдағы аудандарға көшіру керек пе, осыны қарап шығыңыздар. Алдымен мұражай жасақтайтын бос ғимарат іздеу керек. Қазіргі Шақшақ Жәнібек ескерткіші маңында болса, өтетін шараларға тиімді. Одан кейінгі мәселе – бұл науқанға жұмсалатын шығын есептелсін, – деді А.Мұхамбетов.