Білімнің керемет кешені Қостанайда Назарбаев зияткерлік мектебі ашылды
Еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында Қостанай қаласында көптен күткен физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебі ашылды.
– Өздеріңіз көріп отырсыздар, республикамызда осы мектепті қосып санағанда 17 Назарбаев зияткерлік мектебі жас өркендерімізге есігін айқара ашып отыр. Алдағы жылдары Алматы, Ақтау, Петопавл қалаларында ашылады. Ең алдымен осы мектеп республикамыздағы барлық мектептерге қазақстандық және халықаралық оқу жүйесінің озық, жаңа инновациялық тұрғыдағы іс-тәжірибелерін, әзірлемелерін, мониторинг пен зерттеулерді, сараптама мен үлгілерді тарататын алаң болмақ. Оқыту жүйесін Кембридж университетінің оқыту мен халықаралық баклавриаттың оқыту бағдарламасына сәйкестендірдік. Оқушылардың сапалы білім алуларына барлық жағдай жасалынған, Бүгінгі таңда экономиканың дамуы үшінбілім мен ғылымда, медицина саласына жаңа технологиялар, техникалық бағдарламалар қажет, сондықтан да мектеп Физика-математикалық бағытта болып отыр. Мектеп сонымен бірге еліміздің келешегіне салынған инвестиция деп айтуға болады. Оқыту блогы елу сегіз кабинетті құрайды, оқушылар физика, математика, химия пәндерімен қоса «Қазақстан жаңа әлемде», «Өңір экономикасы» секілді жаңа пәндер оқиды,-деді бізге «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова.
Назарбаев зияткерлік мектебінің салтанатты ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Нұралы Садуақасов, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова, мектеп директоры Думан Сапақов және осы мектепте сабақ беретін шетел педагогтары сөз сөйлеп жиналған педагогтар қауымын, қонақтарды, оқушылар мен ата-аналарды құттықтап, өздерінің жылы лебізін білдірді. Жаңа мектеп болған соң сый-сияпат та болары сөзсіз. Аймақ басшысы мектепке автобус сыйға тартты. Ал, астаналық қонақтар облыстық білім басқармасына еліміздегі зияткерлік мектептің педагогтары мен оқушыларының әзірлеген озық жаңа оқыту оқу-құралдары мен аудио-хрестоматияларды, Таран ауданындағы қазақ орта мектебіне және Қостанай қалалық техникалық шығармашылығы мектебіне «Роботтехника» элективті курсының бағдарламасын, роботтарды сыйлады.
Содан кейін мектепке оқушыларды, педагогтарды қабылдау рәсімі болды.
-Мектепте жіті конкурстық іріктеуден өткен педагогтармен қатар информатика, биология, химия, өнер, ағылшын тілінен АҚШ, Австралия, ОАР-дан келген мұғалімдер де сабақ береді. Мектепте сонымен бірге 120 орынды интернат та қарастырылған. Физика, химия, биология, кабинеттерінде шағын уақыт талабына сай зертхана, телестудия, роботтехника мен нанотехнология кабинеттері, жылыжай, кітапхана бар, оны аралағанда көрерсіздер,-деді өз әңгімесінде Күләш Шәмшидинова.
Облыс әкімі астаналық қонақтармен бірге оқушылардың білім алатын Назарбаев зияткерлік мектебінің ішін аралап шықты. Сапалы білім алуға бар жағдай жасалған, мысалы, сабаққа дайындалып болған соң, денеңді шынықтырамын десең, үлкен, кіші спорт, тренажер залы, құзға шығу секілді арнайы қабырға, өнер, техникалық дәрісханалар, асхана, медициналық кабинеттер бар екен.
Гүлназым САҒИТОВА
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ