Нұртөре ЖҮСІП, «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы: «Біз, бүгінгі ұрпақ, қазақтың өткені мен келешегін жалғайтын буынбыз»

Қазір қару алып соғысқаннан, қалам алып тайталасу қызып тұр. Журналистика жай жаңалық жаршысы емес, саяси фигураға айналғалы қай заман. Әлемдік аренадағы алпауыт мемлекеттер өзінің зор әлеуетін көрсету үшін әуелі бұқаралық ақпарат құралдарына жүгінеді. Өз нысанасын ақпарат нөпірі арқылы жаулап алуды көздейді. Сондықтан, қорғану үшін де ақпарат қалқаның мықты болуы шарт. Осы тақылеттес мәселелерге белгілі журналист, «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп жауап берді.   Нурторе Жусип (1)-Аға, қазір журналистер көрінген дүниені жазып жүр. Тізбектеп тауыспаймыз, анығы – ұсақталып бара жатқанымыз жасырын емес. Осы орайда сіздің жуырдағы «ақпарат алаңындағы негативті азайту керек» деген пікіріңіз еске түседі. Қоғам қызу талқылады. Жақтағандар да, жақтырмағандар да болды. Жалпы, бұл ұсыныстың мәнінде не жатыр?
-Журналистиканың міндеті ауыр, жұртшылықты жаңалықпен қарық қылып, қоғамды дұрыс жаққа бағыттауы керек, адамзатқа пайдалы болғаны абзалырақ. Бірақ, рейтиниг деген нәрсе бар. Бұл күндері кімнің көрермені көп соның беделі биік. Мысалы, Қазақстанның түкпір-түкпірін толық қамтитын – «Қазақстан» ұлттық арнасы, ал жаңағы рейтингке қарасаңыз, Астанадағы немесе Алматыдағы бір кабельдік арна одан жоғары тұрады. Сонда бұл қаншалықты әділ дүние? Әрине, бұны сапалы контентпен, ел қарайтын жақсы жаңалықпен жасауға болады, десек те арзан әдісті қолданатындар төбе көрсетіп қалады.
Мен сол сөзімде тек теледидардың жұмысын ғана емес, жалпы халықтың қамын, денсаулығын, бас амандығын ойлау керектігін айтқым келген. Мысалы, Қазақстан суицидтен әлем бойынша алдыңғы қатарда келеді. Жастар қыршын кетіп жатыр. Өзі ат төбеліндей аз халықпыз. Ал оған не әсер етіп отыр деп ойласаңыз, бірінші кезекте, өрт алды, су басты, ананы өлтірді, мынаны тонады, апат болды деген сықылды суық хабарлар. Оған қоса, әлемдік ақпарат та біздің әлеуметтік желіні жаулап алды. Сонда онсыз да тығырыққа тіреліп, жүйкесі жұқарып жүрген адамға бұл қосымша соққы болады емес пе. Мені солардың обалына қалып отырған жоқпыз ба деген ой мазалайды. Айта берсек, көп, тіпті, бұдан да сорақылары өріп жүр. Біржыныстылар, кісі өлтіргіштер, педофилдер, жан-жануармен жыныстық қатынасқа түсетіндер, соның бәрін жариялап не таппақ? Соны пайдалы деп ойлай ма бұлар? Әрине, сырттан келіп жатқан саяси шабуыл деп те қарауға болады. Бәз біреулер қазақ халқының болашағы бұлыңғыр болғанын қалайтын шығар.
Осы сөзімді кейбіреулер әлеуметтік желіде сан-саққа жүгіртті, баспасөз бостандығына қарсылық немесе бұрынғы цинзураны көксеушілік деп түсінді. Бәлкім, біреулердің жанды жеріне тиіп кеткен болармын. Дұрыс, сөз еркіндігі, пікір алуандығы қала бермек. Кім не айтады, не жазады оған Қазақстан заңнамасында рұқсат етілген. Десек те шегі болу керек қой.
Меніңше, Парламент депутаттары осы мәселеге назар аударып, тым болмаса, жағымсыз жаңалықтарды белгілі бір уақытқа шегертсе қайтеді. Мысалға, қазір көп телеарна қазақ тіліндегі хабарларды, концерттерді, айтысты түнгі мезгілде көрсетеді. Сол сияқты суық хабарды бәлкім ел жатқанда, балалар ұйықтағаннан кейін көрсетсе қалай болады? Осы ұсыныстарды ойластырып көрсе деймін. Өйткені, жаман жаңалық жасөспірімдерге теріс әсерін тигізеді. Бұл – менің жеке пікірім.
Қазір еліміздің жетістігі, табысы мол, шүкір. Әлеумет аяғынан тұрып келеді. Жұрт еңбекке ұмтылып, жақсы өмір сүруге, өзгеден кем қалмауға тырысып-ақ жатыр. Бұл қуанарлық нәрсе. Ал соны қаралы хабармен күйіттеп, жұрттың еңсесін түсіргеннен не ұтамыз? Осынау факторды неге назардан тыс қалдырамыз? Қазақ «жақсы сөз жан семіртеді» дейді, ал жаман сөз қайтпек? Ол жанды аздырады ғой. Сол себепті, қазіргі журналистика салиқалы, сындарлы бағытқа көшуі тиіс. Азаматтарға зияны тимегені жөн. Әрине, мен тосын хабарларды айтпаңдар деп отырғаным жоқ. Олай дей алмаймын, өйткені өзім де журналиспін, бәрін түсінемін.
Айталық, бізде кешегі Құрбан айттағы қойдың қанын немесе жол апаты болса, адамның қанын ашық көрсете береді. Мысалы, Түркияда ондайды көрсетуге заңменен тыйым салынған. Теледидардан темекіні де көрсетуге рұқсат жоқ. Тіпті, осы заң шыққанға дейін түсірілген түрік киноларындағы темекіні көрерменнен жасырып қойды. Неге? Себебі, халық темекіге әуес болмасын дейді, қып-қызыл қанға бойы үйренбесін дейді. Ал солар бізден кем өмір сүріп жатыр ма? Міне, біз әуелі ұлт денсаулығын ойлауымыз керек. Жалпы, БАҚ деген – ұлтты тәрбиелейтін, бағыт-бағдар беретін құрал. Идеологиялық міндетті мойнына алып отырған сала. Сондықтан, телеарна, баспасөз, сайт басшылары бір мезет ойланғандары жөн.
Сенсация қуудың төңірегінде тағы бір сауатсыздық жүреді. Қолдағы ақпараттың рас-өтірігін ажыратпай жатып, жариялай беретіні бар бүгінгілердің. Мәселен, қандайда бір қылмысқа қатысы бар күдікті қолға түссе, күдікті емес, «қылмыскер ұсталды» деп жазады. Айналайын-ау, ол әлі күдікті ғой. Сот кінәсін анықтап берген соң «қылмыскер» деп жаз, мейлі. Былайша айтсақ, журналист әлі жазықсыз адамға жала жауып отыр. Оған қоса, «қылмыскер осындай ұлт өкілі» деп жазады. Қылмыскерде ұлт болмайды, қалқам. Оның ұлтын жазып керегі не? Араға іріткі салу ғой бұл деген. Сондықтан, қаперге ала жүретін мәселе жетерлік.
-Елге танымал бір ағамыз: «Шынымен, Қазақстанда журналистика төртінші билік саналады, бірақ орыс журналистикасы ғана» деген. Бұл сөз қазақтілді тілшілердің шымбайына батқаны рас, дегенмен, кейде келісуге де тура келеді. Өйткені, біраз атқамінердің әуелі солардың сауалына иіліп тұратындығын көріп жүрміз…
-Біз енді-енді ес жиып, тәуелсіздіктің уығын бекітіп жатырмыз. Бірақ, өз басым бұлайша бөлуге қарсымын. Қазақстан журналистикасы деп алу керек. Қазақстанда орыс журналистикасы деген әңгіме жоқ. Орыс журналистикасы Ресейде ғана бар. Иә, біз отарланған елміз, сондықтан орыс тілінің тұрмысымызға қалай енгенін жақсы білеміз. Қазір заман құбылып барады. Мәселен, ертең елімізде ағылышын тіліндегі немесе басқа да тілдегі басылымдар мен телеарналар жарық көреді делік. Сонда біз ағылшын журналистикасы, орыс журналистикасы, италян журналистикасы, қытай журналистикасы деп айтып отырамыз ба? Жоқ. Мемлекет біреу. Қазақтың мемлекеті біреу болған соң оның ақпараттық саясаты да біреу болуы керек.
Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында ақпарат саласына қатысты айтқан сөзі бар: «Қазақстанның ақпарат кеңістігі заман талаптарына сай алға жылжып отыруы керек». Бұны қалай түсінеміз? Мен бұны 2015 жылы Шымкентте өткен бір жиында мәселе етіп көтердім. Мысалы, Қазақстанда қазақ және орыс тілінде бірдей шығатын, республикалық басылымдарды қоспағанда, аудандық, қалалық деңгейдегі газеттер бар. Біздегі «Алматы ақшамы» мен «Вечерняя Алматы» газеттері сияқты. Астанада да солай. Тіпті, кезінде жүз пайыз қазақтар отырған аудандарда орыс тіліндегі газеттер қосарласа жүрді. Бұл Хрущёвтің саясаты болатын. Ертеректе сол Хрущёв: «Романовтардың үш жүз жыл жасай алмағанын мен үш-ақ жылда жасадым» деген еді. Сол уақта «біз, Кеңес халқы 1980 жылдары толықтай коммунизмге жетеміз. Сол кезде біз қай тілде сөйлейміз? Әрине, орыс тілінде сөйлейміз. Қаптаған қазақ отырмыз, балаларымыз орыс тілін білмейді, келешекте олардың күн көруі қиын болмақ. Сондықтан, біздің қаламызда, ауданымызда орыс тілінде газет ашуларыңызды өтініп сұраймыз» деген сарында қолдан ұйымдастырылып, Коммунистік партияның орталық коммитетіне жер-жерден хаттар келіп түсіп жатты. Соның негізінде орыс тілінде газеттер ашылды. Әлі күнге дейін шығып жатыр.
Енді, 2025 жылға дейін Қазақстандағы аудандық және қалалық газеттердің негізгі нұсқасы қазақ тілінде шығуы керек, орыс тіліндегі соның қосымшасы болып қалсын. Өйткені, орыстілді басылымдардың жарнамасы көп. Түгелімен жауып тастағысы келетін әріптестер де бар. Меніңше, пайда әкеліп тұрған нәрсені жабудың қажеті жоқ, тұра берсін. Тек тізгін қазақ тілінде болса жетіп жатыр.
Шымкентте өзбек тілінде шығатын облыстық «Жанубий Қозоғистон» дейтін газет бар. Сол газетіміз Қазақстанда шығып тұрып, қазаққа қарсы біраз материал басты. Бұл қалай сонда? Менің ұсынысым тек орыс тілі емес, өзге тілді газеттерге де қатысты. Басымдық қазақ тілінде, өзбек және орыс тіліндегілер қосымша болып, соның қолтығына кіруі керек. Бұл саясат республикалық деңгейге дейін көтерілсе, Тәуелсіздікті бекітудің ақпарат саласындағы нақты қадамы деп есептеуге болады және Президентіміз айтып отырған ақпараттық ілгерлетуге мейлінше жақын нәрсе деп ойлаймын.
Егер мемлекеттік тілдегі ақпараттық сала өзінің іргесін бекітіп, беделін көтермесе, онда жағдайымыз қиын болады. Өйткені, біз ақпараттық тасқынның астында қалып отырмыз. Әсіресе, солтүстік облыстарда іргеден соғатын ақпарат дауылының қалай ұйытқып тұрғанын жұрт сезіп отыр. Ол үшін жоғарыдағы мен айтқан ұсынысты әуелі оңтүстік және батыстағы ауыл-аймақтарға енгізіп, кейін ақырын солтүстікке көшу керек.
Әрине, мұндай нәрселердің солтүстік аймақтарда, яғни өзге ұлт өкілдерінің үлес салмағы басым жерлерде орындала қоюы қиын. Дегенмен, болашақтың келбеті осындай болуы тиіс. Қалай болған күннің өзінде мемлекеттік тілге басымдық берілуі керек. Өйткені, Ата заңда қазақ тілі деп бекітілген ғой. Егер соның орнына қарашай тілі, құмық тілі немесе өзге аз ұлттардың тілі бекітілсе, сол тілде жазып-сызуға һәм сөйлеуге міндетті болар едік. Сондықтан, халық Конституция деген заңдардың төресінде жазылған тілде сөйлеуге міндетті.  
-Аға, манадан ақпарат ағыны, жалпы журналистика жайлы айтып отырмыз. Енді осы салада арқа еті арша болып, сабылып жүрген жандар туралы әңгіме қозғасақ деймін. Қазір Қазақстандағы тілшілердің саны оның әскерінен көп деген ақпар бар. Санынан саспаймыз, ал сапасынан ше?  
-Бірде Арман Шораев деген бауырым әлеуметтік желіде журналистика факультеттерін жауып тастау туралы ұсыныс айтқан-ды. Оған қарсы шыққандар да көп. Мен бұл сөзге түбегейлі қарсы бола алмаймын. Жалпы, бұрын тілішлерді Қазақ мемлекеттік университеті мен Қарағанды мемлекеттік университетінде ғана оқытатын. Қазір университет көп. Жеке меншігі де бар. Міне, солар да журналист даярлап жатыр. Бірақ саны көп болғанымен, сапасы қандай деген мәселе бәрібір алдымыздан шығады.
Кезінде Арманның сол ұсынысына орай менен пікір сұрағандарға айтып едім, жұмыс істеп тұрған нәрсені жауып тастау оп-оңай, оны кейіннен қайтып аша алмайсың. Жарайды, Қазақстандағы барлық журналистика факультетін жауып тасталық. Сонда бізден кейін тілші болмау керек пе? Басты мәселе – жабу емес, білім сапасын жақсарту. Төрт жылдың ішінде студенттерді таза маман ретінде даярлап шығу туралы әңгімені қозғау керек шығар.
Иә, бізге кейде не хабар жаза алмайтын, не тақырып қоя алмайтын студенттер келеді. Егер журналистика факультеті мүлдем болмаса не істемекпіз? Бір ғана мысал, студенттер Қазақстан баспасөзінің тарихын жақсы білгені жөн. Әйтпесе, қазір «Қазақ» газетін кім шығарғанын білмейтін журналистер бар. Олар да қарағайдай дипломын ұстап, журналистпін деп келеді редакцияға. Кінә студенттерде емес, үйрете алмай отқан оқытушыларда.
Екіншіден, оны жазуға ешкім машықтамайды. Егер адам жастайынан жазуға қабілетті болса, кейін басқа салада жүрсе де бәрібір жазуға қайтып келер еді. Ондай мысал жеткілікті. Құрылыста, яки жол саласында жүріп-ақ оқтын-оқтын түртіп тұратын, тіпті кейбір журанлистерден артық жазатындар бар. Бұрын Қызылорда облысында әкім болған, қазір дүниеден озып кетті, Сейілбек Шаухаманов ағамыз кәнгі тілшіден кем жазбайтын.
Сол себепті, бұл мамандыққа сөздің парқын түсінетін балаларды тарту керек. Бұрын біз оқыған тұста іріктеу болатын. Шығарма жаздыру арқылы қарым-қабілетімізді, бетпе-бет отырып сұхбаттасудан сауатты сөйлеуіміз бен дауыс екпінімізді байқайтын. Міне, әуел бастан-ақ кімнің қайда ыңғайы бар сонда, яғни не телевидение, не газет, не радио кафедрасына жіберетін. Қазір қазақ тілі мен әдебиетінен тест тапсырып, екі алмаса жетіп жатыр. Ол жаза ма, жазбай ма бәрібір, журналистикаға қабылдай береді. Сосын оқып жатқан студент көп, ал журанлист іздегенде дұрыс жазатын біреуін таппайсың.
Көп студенттің газетке келіп жұмыс істегісі келетіні кемде-кем. Мен үш жыл мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы болдым. Сонда студенттерден «газетке барғысы келетіңдер, қол көтеріңдер?!» дейміз. Бір-екеуі көтерсе қуанасың. Біразы тележұлдыз болғысы келеді. Болмаса, баспасөз қызметтеріне, жарнама немесе қоғаммен байланыс бөлімдеріне кетеді. Бұнын артында өкініш те жатыр. Өйткені, қаншама керемет жазатын бала оқуға түсе алмай далада қалып қояды. Сол себепті, қайталап айтамын, таңдау керек, қатаң іріктеу болу керек. Негізінен, ірі қалаларда іргесіндегі өңірлерді қамтитын 4-5 аймақтық журналистка факультеті болса да, жетіп жатыр ғой деп ойлаймын.
Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында болашақта көптеген мамандық керек болмай қалатындығын ашық айтты. Міне, қазақ баласы осыны ойлауы керек. Сәл ертеректе бәрі балаларын жаппай заңгер, экономист мамандығына жіберді, ал биыл қарап отырсам, IT-мамандарына өте көп грант бөлінген екен. Енді нөпір сонда ауды. Кімнің қабілеті бар, жоқ, оған көңіл бөліп жатқаны шамалы. Кейін алдағы он жылдың бедерінде сол IT-шылар қазіргі «заңгер» мен «экономисттердің» кебін киіп қалмай ма?
Жалпы, бұнын бәрі білім саласына келіп тіреледі. Сондықтан, Білім және ғылым министрлігі әр өңірге, ауданға барып, қанша мұғалім, қанша дәрігер, қанша инженерь, қанша журналист қажет, негізгі өміршен мамандықтардың тізімін жасап, анықтап алуы керек. Өйткені, басқаларын айтпағанда, мұғалім қаптап кетсе, тағы жұмыссыз жүреді ғой. Бізде осының есебі бар ма?
«Серпін» деген жақсы бағдарлама басталды. Ал шәкірттер кейін қала ма сол қалада? Қаламын деп бек шешкен балаға баспана, жұмыс тауып беру керек. Бұл – үлкен саяси мәні бар бағдарлама. Әйтпесе олардың оқуын оқып алып, ауылына қайтып кеткенінен не пайда? Негізгі мақсат – Қазақстанның демографиялық ахуалын дұрыстап алу. Халқы аз облыстардың санын арттыру. Ұлтын, елін, жерін сүйетін жастармен іргені бекіту. Сол себепті, «Серпін» бастамасы жақсы, ал жұмыс барысы әлсіз.
-Сөз соңыда бір сұрақ, аға. «Рухани жаңғыру» деп жүргенімізге де жылдан асты. Сіз осы мәселе жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі екеніңізді білеміз. Меніңше, кейде рухани жаңғырудың мәнісін түсінбей, бетімізбен кетіп жататын кездеріміз көп. Не болмаса соған «Рухани жаңғыру» деп айдар тағып, босқа жалаулататын болдық…
-Ол мақаланы байыптап, зер салып оқыған адам көп нәрсені көреді. Өкінішке қарай, бізде науқаншылық деген жаман әдет бар. Сенің айтып отырғаның соған ұрынып қалып жатқанымыздың кесірі ғой. Меніңше, рухани жаңғыру сәл ертеректе көтерілуі тиіс еді. Тәуелсіздіктің елең-алаң уақытында басталып кеткенде біраз нәрсені еншілеп қалар ма едік. Дегенмен, ештен кеш жақсы дейді. Елбасы айтқандай біздің ұлттық кодымыз бар. Ол біздің тарихымыздан, мәдениетімізден, салт-дәстүрімізден бастау алады.
Жер бетінде 8 млрд-қа жақын адам бар делік. Әлемнің түкпкір-түкпірінде жүрген қазақты қоса есептейтін болсақ, 14-15 млн-ға жетіп қаламыз. Ал Қазақстанда тұратыны 11 млн. Егер бізді жапон, кәріс, филиппинмен қатар қойса, өзгелер ажырата алмай қалуы әбден мүмкін. Бізді ерекшелеп тұратын: тіліміз, мәдениетіміз, рухани байлығымыз. Мәселен, қазақтың мың мағыналы мақал-мәтелін ағылшын тіліне аударып берсе де өзгелер түсінбейді. Өйткені, олардың ұғымында ондай нәрсе жоқ. Мысалы, «малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы». Мен осы мақалды көп шетелдікке аударып беріп ем, олар түсіне алмады, қабылдай алмады. Міне, ұлттық код дегенді Елбасы текке айтып отырған жоқ.
Қазақтың ежелден келе жатқан қалпы, ұлттық ұғымы Тәуелсіз заманда қайта жаңғыруы тиіс. Ол арзан көріністерден құралмауы керек. Мысалы, кезінде «Мәдени мұра» бағдарламасымен көп шаруа атқарылды. Қазақтың мың күйі мен мың әні шықты. Бірақ, сол жобалардың іс жүзінде жүзеге асуы кемшін. Өйткені, Қостанайдың қоғамдық көлігінде немесе көшесінде қазақтың күйі ойнап тұра ма? Жоқ. Ол түгілі, Алматыда ести қоймаймыз. Жарайды, ән мәтіндері біреуге ұнайды, біреуге ұнамас. Ал күйге аудармашының керегі жоқ қой. Қорқыттан бастап Құрманғазы, Секен Тұрысбекке дейінгі күй өнерін асқақтатып, эфирге шығаруға не кедергі? Өйткені, қазір қазақ баласы домбырадан жерінді. Соны Елбасы сезіп, 1-шілдені Домбыра күні етіп жариялады. Өте орынды шешім. Сонымен елді бір қайырып алды десе де болады. Атадан қалған бай мұраны қабылдамасақ, тұтынбасақ ешқандай жаңғырудың өзегі болмайды.
Бұдан кейін қазақтың киелі жерлерінің тізімі жасалды. Бұл да үлкен жұмыс. Сол сияқты осы бағдарламаның ішінде «Туған жер» дегені бар. Қазір жақсы жүріп жатыр. Азаматтар ауылына барып он тал көшет отырғызса да пайдасын тигізеді. Арзан жиындардан осының пайдасы көбірек. «100 жаңа есім» жобасын алайық. Елдің бетке ұстар азаматтарын көрсетіп, жастарды үлгі алуға шақырады. Бұдан бөлек, қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі жауһарларды шет тілдеріне аударып, жұртшылыққа жария ету жөнінде жақсы жобалар қолға алынды. «100 жаңа оқулық» туралы да айтып өткім келеді. Әзірге 18 кітап шықты, соның біреуіне редактор болдым. Болашақта осы мәселелерге көбірек көңіл бөлінсе, бұның қайтарымы мол болады. Батыстың ұлы ойшлыдарының, ғылым-білімінің ең үздік кітаптары қазақ тіліне аударылып жатыр. Ғажап емес пе. Қазақ жұрты әлемнің тыныс-тіршілігімен жіті танысады. Ал керек болса, сол кітаптарды түпнұсақадан оқы. Қазақтың балалары қазір үш-төрт тілден біледі.
Үш тіл дегеннен шығады, біз кейде осыны дұрыс түсінбей, негізгі мәселеден ауытқып кетеміз. Елбасының айтуы бекер емес, қазақ көштен қалмауы тиіс. Жылдам дамып жатқан мемлекеттерден қалыспау қажет. Үш тілді біл дегені, мемлекеттік тілді ұмыт дегені емес қой.
Мысалы, ағылшын тілінің қырдағы қойшыға аса қажеттігі жоқ. Тек заман өзгерді, соның ағымынан қалып қоймаңдар, жұрт не істеп жатыр соны үйреніңдер деген ниеттен туған ұсыныс. Тіл білген еш уақытта артық болмайды. Ал жиналып алып, ұлардай шулап флешмоб өткізу рухани жаңғыру емес. Осы рухани жаңғыру басталғанда алғашқы жиында сөз сөйлеген ҚР Президенті әкімшілігінің бұрынғы басшысы Әділбек Жақсыбеков науқаншылыққа салынбайық деп еді. Өте орынды талап болатын, бірақ шаш ал десе, бас алып кететін халықпыз ғой. Міне, сондықтан, кейбір жерлерде әттеген-ай деп қалатын жағдайлар болады.
Ұлтымыз кезінде кемел болған. Дала дарыны еді. Сол кемел ұлтқа неше түрлі кесел-кесепат тиді. 1929 жылы Қазақстан бойынша азы 10 мың, көбі 20 мың жылқы біткен, елім-жерім деген, халқым деген 500 байды барынан тәркілеп, бала-шағасымен итжеккенге айдап жібеді. 1932 жылы бай кеткесін мал кетті, мал кеткесін жан кетті. Елді аштық жалмады. 1936-38 жылдардағы репрессияда қазақтың қаймақтары, асыл азаматтары қыршын болды. Одан соң 1941-45-те майданға жіберді. Міне, содан қалған шал-шауқан, бала-шағамен бүгінгі күнге дейін әлсіреп жетіп, көктеп-көгеріп келеді. Осы аралықтарда өткенмен байланыс үзілді. Бар байлығымыздан айырылып қалдық. Ұлттық кодымыз осы тұста бел ортасынан морт сынған. Бірақ, шүкір, қазір қираландап, жаралы арыстандай орнымыздан тұрып келеміз.
Тағдыр бізді таңдады. Біз, бүгінгі ұрпақ, сол ата-бабамыздан үзіліейін деп жеткен ұлттық кодты сақтап, дұрыстап, келер ұрпаққа жалғайтын буынбыз. Көпір десе де болады. Осынау ата-баба байлығын келешекке аманат ете алсақ, қазақ бағзы қалпына, рухани кемеліне жетеді.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓