Арқалықта атқарылар жұмыс көп
Арқалыққа өткен сенбі күні арнайы жұмыс сапарымен келген облы сәкімі Архимед Мұхамбетов алдымен құрылысы енді қолға алынған ет комбинатының жай-жапсарымен танысты. Қала әкімі Елдар Күзенбаев жаңа нысанның заманауи қондырғылармен қамтылып, шетелдік мамандардың көмегімен қажетті орындарына орнатылып жатқанын хабарлады.
Жобаның қуаттылығы жылына 16 мың 200 ірі қара мен 20-30 мың ұсақ мал етін өңдеуге лайықталған. Алдатұрған мақсат – ет комбинаты толық қуатына енген шақта өңдейтін өнімнің жетіспеушілігінен істің тежеліп қалмауы.
Құрылыс мердігері "Алюминстрой" ЖШС бас директоры Абай Мұқанов: "Комбинат қажеттілігін қамту үшін жақын жерден 3 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын салу жоспарланғанын айтты.
Жоба жүзеге асса 50 адамды жұмыспен қамтитын болады. Комбинатқа қажетті мамандарды ескергенде бір ғана ет өңдеу саласында 200-ге жуық адам іске жұмылдырылмақ.
Облыстың оңтүстік өңірлеріне экономикалық тың серпін әкеледі деп күтілген маңызды жоба аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов өткізген жиында сөз етілді. Бірнеше өзекті мәселелерді қараған жиынға облыстық мемлекеттік органдардың, екінші деңгейдегі банктердің және қаржы институттарының басшылары, облыс әкімінің орынбасары, облыстық басқарма басшылары сондай-ақ, көршілес аудандардың әкімдері қатысты.
Жиынның күн тәртібінде: "Арқалық қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының 8 айлық көрсеткіші", "Қостанай облысында етті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту"," Облыстың оңтүстік өңірлерінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту", "Арқалық қаласын дамыту" мәселелері қаралды.
Арқалық қаласының әкімі Елдар Күзенбаев мәлімдегендей, қала өндірісінің жалпы көлемінде өнеркәсіптің үлесі 50%-дан астам, қолданыстағы бағамен 5 млрд 26 млн тұрады. Нақты көлемнің индексі – 94%. Аталған индикатор 100% орындалады.
Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 4 млрд 971 млн теңгені құрады. Нақты көлемнің идексі – 104%. Қаланың экономикасына 1 млрд 469 млн теңге инвестиция құйылған. Нақты көлем индексі – 137%.
Мемлекеттік бюджеттік кірістер 100% орындалды. Есептік кезеңге бюджеттік қаражаттың игерілуі 100%- ды құрады. Жалақыны төлеу бойынша берешек жоқ. Орташа жалақы 5%-ға көбейді.
Халықты әлеуметтік қамсыздандыру аясында қала бюджетінен 45 млн теңгеден астам сомаға "Атаулы әлеуметтік көмек" және "Тұрғын – үй көмегі" төленді. Жұмыспен қамту бойынша әлеуметтік қолдау шараларымен бір мыңнан астам адам қамтылды. Ресми тіркелген жұмыссыздықтың деңгейі 1,8%-ды құрады.
Баяндама барысында қала әкімі қордаланған баспана мәселесін де қаузап, облыс басшысына өтініш те жасады.
– Құрметті, Архимед Бегежанұлы! Сізден, мемлекеттік жекеменшік әріптестік шеңберінде Ш.Жәнібек көшесі, №107 мекенжайында орналасқан 126 пәтерлі, жалпы алаңы 7200 ш.м. үйді қалпына келтіру бойынша жұмыстарды іске асыруға қолдау көрсетуіңізді сұраймыз.
Алдағы уақытта аталған іс-шараның жүзеге асуы тұрғын үй алуға кезектілік, оның ішінде халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының тізім көрсеткішін азайтуға мүмкіндік береді, – деді Елдар Қонысбайұлы.
Жиынның күн тәртібіне сай келесі кезекте облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев, облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Жансұлтан Тәукенов, Аманкелді ауданының әкімі Әмірхан Асанов, Жанкелдин ауданының әкімі Шота Оспанов, Науырзым ауданының әкімі Талғат Карбозов және "Қазақстан Алюминиі" АҚ вице-президенті Бекзия Ысқақова есеп берді.
Облыстың оңтүстік өңірлері кәсіпкерлікті дамытуда көрсеткіштерін жақсарту керек. Шағын және орта бизнесті дамытуда республикалық және өңірлік дамыту бағдарламаларының пайдасы зор. "Бизнестің жол картасы", "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту", "Бизнес бастау" бағдарламалары аса тиімді. Халыққа түсіндіру қажет.
Облыста шағын кәсіпкерлікке төменгі пайызбен несие беретін "Қос қолдау", "Атамекен – Қостанай" жобалары жұмыс істейді.
Шаруа баққан ағайындар үшін үлкен проблема болып келген екінші деңгейлі банктерден несие алу кезінде банкке қоятын кепілдіктің болмауы ескерілген. "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 85%-ға дейін кепілдеме алуға болады.
Оңтүстік аудандар "Сыбаға" бағдарламасына мейлінше көп көңіл бөлгені жөн. Уақыт тым аз қалды.
Өз кезектерінде көршілес аудандардың әкімдері Арқалықтан ет комбинатының ашылуын – өңір тұрғындарының қуана құптап отырғандықтарын жеткізді. Жолдың қашықтығы, өнімнің өтпеуі ата кәсіпті дамытуға тұсау болып келгені ақиқат.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қала және аудандардың әкімдеріне бірқатар тапсырмалар берді.
Жол мәселесі жолға қойылмайынша – оңтүстік өңірлердің мәселесі шешілмейді. Инвесторлардың қызығушылық танытпауының басты себебі осы. Тозығы жеткен "Арқалық – Астана" автомобиль жолын жөндеуді қолға алу керек.
Бірінші кезекте халыққа жұмыс орындарын құру қажет. Торғай боксит кенбасқармасының жұмысын тоқтатуы тосын құбылыс емес. Жұмыс орындарына алдыңғы кезекте кеншілерді тарту тапсырылды.
– Ескі вагонды жолға қойып, "Бизнес бастадым" деуге болмайды. Бұл өткен заман емес, жаңғырған заман. Жан-жаққа қарау керек, – деді аймақ басшысы.
Ақаулы үйлерден арылу шараларын аяқтау керек. Қала таза болуы қажет. Мемлекеттік жекеменшік аясындағы тұрғын үйдің құрылысы қолдау табады. Сол үйден дәрігерлерге пәтерді көптеп беру қажет. Бұл күнде Арқалыққа 37 дәрігер жетіспейді. Жылына 3-4 маман тартқанмен іс өнбейді.
Арқалықта өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың міндетті зейнетақы жарнасын аудару көрсеткіші – 83%. Ілгерілетуді қажет етеді. Мал басын тексерук ерек. Қағаз жүзінде бір басқа, іс жүзінде бір бөлек болып жүрмесін. Есептің дұрыс болуы – діттеген ісіміздің жүзеге асуы үшін де айрықша маңызды.
Жайылымдық жерді игеріп, мал басын көбейту керек, – деген Архимед Бегежанұлы сөзінің соңында таяуда ет комбинаты іске қосылғанда Арқалықта ауыл шаруашылық қызметкерлерінің қатысуымен кеңейтілген кеңес өтетінін мәлімдеді.
Мұрат Жүнісұлы,
Арқалыққаласы.