Көш тізгіні – жастарда
Сарыкөл ауданына облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Кенеш Әлімжанов арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында сарыкөлдік бастамашыл жастар мен еріктілер орталығының жұмыстарына шолу жасап, колледжді аралап, ондағы студенттермен сөйлесті.
Биылғы жылы өңірде жастарға ерекше назар аударылған. Оларды қолдау мақсатында арнайы жобалар ұйымдастырылып, түрлі шаралар өткізілген. Бұл туралы бастамашыл жастар орталығының жетекшісі Елена Данилова баяндады.
Әсіресе, мұндағы жастардың жетістігі мәртебелі мейманның көңілін марқайтты. Ол өз сөзінде, келер жылы да келісті де жемісті істерді осылайша жалғасытра беруді жүктеді.
Сондай-ақ, дәл осы күні аудандық мәдениет үйінде аудандық ішкі саясат бөлімі мен жастар ұйымдарының ұйымдастыруымен жас еріктілерге арналған семинар-тренинг өтті.
Мақсат– жастардың ұйымдастырушылық, көшбасшылық және ойлау қабілетін арттырып, әртүрлі деңгейдегі қиындықтар мен мәселелерді шешу жолында еңбектенуге жұмылдыру болды.
Алдымен, тренингтің мән-мазмұны, мақсат-міндеті түсіндірілді Сосын жиналған жастар мен студенттер екі топқа бөлініп, командалық жұмыс жүргізді. Олар өз-өздерін таныстырып, орамды ой-пікірлерін ортаға салды. Түрлі тартысқа толы әрі қызықты ойындар ойнап, қысқасы, бер серіпіліп қалды.
Уәлихан ЗАЙКЕНОВ, студент:
-Мен, Сарыкөл агробизнес және құқық колледжінің 1-курс студентімін. Мұнда келгелі көптеген шараларға куә болып жатырмын. Ал бүгінгі шара маған қатты ұнады. Өте жақсы әсер алдым. Бәрі де тамаша өтті. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Дәл осындай тренингтер көбірек ұйымдастырыла берсе екен.
Дмитрий ШКАЛЕНКО, Барвин орта мектебінің мұғалімі:
-Бүгін бәріміз үшін ерекше күн болды. Бір серпіліп қалдық. Тіпті, қуанышымыз да қойнымызға сыймай тұр. Қазіргі кезде көп жастар ғаламтордан бас алмай қалды, бір-бірлерімен сол арқылы тілдесетін болды. Ал, бүгінгі шара нағыз пікірталас алаңына айналып, жүзбе-жүз кездесіп, емін-еркін тілдесуге мүмкіндік сыйлады. Жалпы, жастарға арналған осындай шаралар ауылдық жерлерде де жиі өткізілсе ғой. Сонда олардың болашаққа қадам басуларына бір септігін тигізер еді.
Иә, айтса айтқандай-ақ, аталмыш шара жастардың санасына жаңашыл ойлар салып, ішкі мүмкіндіктерін ашуға зор септігін тигізеді. Сондай-ақ, біліктіліктерін арттырып, игі бастамаларға жетелейтіні сөзсіз.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.