Байбосыновтарды қуантқан күн
Алты баланы бағып-қағып отырған Алтыншаш Байбосынова «Харекет» қоғамдық қорының көмегімен баспаналы болды. Бүгін Затобол кентінің «Алтын дән» мәдениет үйінде жанұяға пәтердің кілті салтанатты түрде тапсырылды. Бұдан былай Байбосыновтар Қостанай қаласының Қобыланды батыр даңғылы бойындағы үйде тұратын болады.
Бүгінде Алтыншаш Байбосынова екі студент пен төрт оқушы асырап отыр. Екі жылдан бері Затобол кентінде біреудің ауласындағы шошаласын жалдап келеді. Жалғызбасты ана Қостанай аудандық әкімдігінің, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының есігін тоздырумен келдім дейді:
– Қуанышымда шек жоқ. «Харекет» қоғамдық қоры жергілікті жомарт азаматтардың қаржылай қолдауымен бізге баспана алып берді. Алғашында осы қуанышты жаңалықты естігенде, көзімдегі жасты тия алмадым, – деді Алтыншаш апа.
Өңіріміздің бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет сахнада пәтердің кілтін тапсырып тұрған сәтте жергілікті азаматтардың бірі аты-жөнін атамауды сұрап, көрімдікке деп теледидар беріп жіберген екен.
Айта кетейік, «Харекет» қоры көп балалы мұқтаж отбасыларын баспанамен қамту қайырымдылық шарасын өңірімізде осымен екінші рет ұйымдастырып отыр. Алғашқысы өткен жазда Әулиекөл ауданындағы жанұяны үйлі еткен шара көптің есінде болар. Ал мұндай игі бастама әлі де жалғасын таба береді дейді қордың облысымыздағы өкілі Әсия Иманғалиева.
Суреттерді түсірген Б.Ахметбеков.