ВИРУСҚА ҚАРСЫ ҚОРҒАН

 
Вакцинаның вирустан қорғаныш тәсілі екенін түсінгендер алдымен өзінен бастап, кейін балаларына да салғызып жатыр. Айта кету керек, балалар вакцинациясы 15 қарашада басталды. Медициналық мекемелерге, вакцина салатын арнайы бөлімшелерге өз еркімен келген оқушыларға екпе салынуда.
Бүгін біз Қостанай қаласындағы №115 жалпы білім беретін мектепте болып, екпе алған оқушылармен тілдесіп қайттық. Негізінен, вакцина алуға ата-анасының келісімі бар балалар ғана шақырылады. Қазіргі уақытта барлық санитарлық талаптарға сәйкес білім беру ұйымдарында егілгендерді медициналық бақылау үшін егу кабинеттері дайын. Бүгін 9, 11 сыныпта оқитын 12 оқушы екпе алуға ынта білдірген.
Қостанай қалалық білім бөлімінің баспасөз қызметкері Ұмсын Сүлейменқызы барлық мектептерде балалар мен олардың ата-аналарына вакцина жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
   -Жалпы, осы тақырып төңірегінде жалпы мектептер арасында жиналыс өтті.  Қазір жеке-жеке білім ошақтарында арнайы санитарлық-эпидемиологиялық дәрігерлермен бірлесіп, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Дәрігер ата-аналарға вакцинаның қажеттілігі мен оның пайдасы, артықшылықтары туралы түсіндіруде, – деді Ұмсын Сүлейменқызы.
 Гүлбану Жұмабаева №115 жалпы білім беретін мектептің медбикесі:
    – Бүгін бізде 12 бала Comirnaty Pfizer вакцинасын алуға ынта білдірді. Біз оларды емханаға жібермедік, мектеп қабырғасында алып жатыр. Бұған дейін 11 бала екпе алған болатын. Жыл басынан бері 19 жеткіншек коронавируспен ауырып шықты. Салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін бізге ұжымдық иммунитет қалыптастыру қажет. Біз ата-аналарға өз балаларының денсаулығы үшін нақты шешім қабылдауға шақырамыз.
  Вакцина алып шыққан 11 сынып оқушысы Әмина Базарбаева өзін жақсы сезінетінін, ешқандай ауырсыну болмағанын айтады. Ол қасына анасы Жаңылхан Мүслімованы ертіп келіпті.
   – Қазіргі таңда тұмау өршіп тұр. Айналамыздағы туыстарымыз, құрбы-құрдастарымыздың барлығы қатты ауырды. Сондықтан біз өз отбасымызбен ақылдаса отырып, вакцина алуға шешім шығардық. Жолдасымыз екеуіміз екпенің үш компонентін алдық. Қызым 11 сынып бітіргелі отыр. Балаға вакцина салдыруға шешім қабылдадық. Достарыма, туыстарыма айтарым, екпені алса екен. Біріншіден иммунитет қалыптастырады. Бұл ауруды тек вакцина арқылы жеңіп шығамыз, – деді Ж.Мүслімова.
     Айта кету керек, өңірде 12 жастан бастап тұрғындарды коронавирустық инфекциядан вакцинациялау жұмыстары жалғасуда. 11 ақпандағы жағдай бойынша вакцинаның бірінші дозасын алған балалар мен 12-17 аралығындағы жасөспірімдер саны – 7 963, екінші компонентті 5050 бала алған.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓