Талапқа бағынған маңызды
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігерінің орынбасары Юрий Севостьяновтың қатысуымен брифинг өтті.
Қостанай облыснда 3 сәуірден бері коронавирус инфекциясын 5639 адам жұқтырған. 3 желтоқсандағы жағдай бойынша аурудың таралу қарқыны тәулігіне 1,5% жетіп отыр. Ал 54 адамда ауру белгілері бар.
Қостанайлықтар Жаңа жылды қалай қарсы алмақ? Журналистердің мұндай сұрағына санитарлық дәрігердің орынбасары былай деп жауап берді:
– Бәрі эпиджағдайға байланысты. Қазіргі уақытта барлық мәдени іс-шараларға тыйым салынған. Егер жағдай жақсарса, карантинді жеңілдету үшін кейбір шаралар қабылдануы мүмкін. Алайда, көпшілік біз қойған талаптарды бұзып жатыр. Карантин тектен-тек ойлап табылған нәрсе емес, ережеге бағыну керек! Мониторинг топтарының жұмысына шағым айтып жатқандар бар. Егер ереже бұзылмаса, олар жұмыс істемесе еді, – деді Ю. Севостьянов.
Сондай-ақ, департамент өкілінің мәлімдеуінше, оларға тұрғындар үнемі хабарласып, көп сұрақ қоятын көрінеді. Сауалдардың дені бетперде кию-кимеуге қатысты.
– Маска туралы талап Бас санитар дәрігердің қаулысында жазылған. Егер сіз науқаспен жақын араласып жүрсеңіз, маска сізді вирустан көп жағдайда қорғайды, – деп қорытындылады сөзін Ю.Севостьянов.