Ел сөзінен (жалғасы)

* Бір күні есек пен қасқыр бір шөптің түсіне бола айтысып қалады. Есек шөптің түсін сары десе, қасқыр жасыл дейді. Екеуі біраз пікір таласып ымыраға келе алмай, ақыры аң патшасы арыстанға барып төрелік етуін сұрайды. Әрқайсысы өз дәлелдерін айтып, өз пікірлерін алға тартады. Арыстанның үкімі шығар кезде барлығы әділ шешім күтеді. Ал арыстан болса, қасқырды бір айға абақтыға жабады да, есекті босатып жібереді.
Қасқыр таң қалып:
– Мырзам! Шөптің түсі жасыл емес пе еді? – деп сұрайды.
Арыстан:
– Әрине, – дейді.
Қасқыр:
– Ендеше менікі дұрыс болса да не үшін маған қарсы үкім шығарып абақтыға жаптыңыз? – дейді.
Сонда арыстан:
– Есекпен бірге есек болып, тартысқаның үшін! – деп жауап берген екен.
* Қатты ашуланып тұрып, шешім қабылдама, қатты қуанғанда уәде берме.
* Жаманға  қылған жақсылық құмға шашқан сумен тең.
* Мың жерден дарынды, бірегей қолбасшы деген күннің өзінде де халықты қанға бояғандарды ақтап алу әсте мүмкін емес. Сондықтан да Александр Македонский де, Шыңғыс хан да, Наполеон да, Темірлан да, Гитлер де, Сталин де – ақтауға тұрмайтын тарихи тұлғалар.
* "Ұрғанда  құлатпасаң – опық жейсің, сұрағанда бермесе  – сағың сынады"
* Бас иілсе де, жүрек иіле ме?
* "Қыбын тапса, тамшы тас теседі, жіп ағаш кеседі"
* Қазақ бола тұра әлі де тәуелсіздіктің мән-мағынасын ұғынбайтындар, әлі де қазақ тіліне мұрын шүйіріп қарайтындар кездеседі. Солардың ішінде жастардың – ел келешегінің бар екенін сезгенде көңіл құлазиды.
* Асылы Османдар қазақ тілі үшін  жан ұшырып жүргенде қазақтардың "аузын ашып, көзін жұмып" отырғанын қалай түсінесіз?
* Ұлтжанды азаматтарымыз қазақтың ұсқынын емес, жанын қазақ етуге тырысып-ақ жүр. Бірақ биліктегілер  орысша сөйлеп, орысша іс-қағазын жүргізіп отырса, қара халық қайда барады?!
* Баршаға аян, суретшілік өнерімен талайды таңғалдырған Әбілхан Қастеевтен "Сен мұндай өнерді қайдан үйрендің?" – деп сұрағанға:
"Таудың бұлағынан,
Қойдың құлағынан,
Апамның киізінен,
Ешкінің мүйізінен
үйрендім", – деген.
* Қанымызға сіңісті, жанымызға жұғысты, ой-санамызға нұрлы шуақ сыйлап, сілкіндіріп серпілтетін, марқайтып қанаттандыратын өзіміздің мемлекеттік тіліміз.
* Өмір тозған көпір секілді, қанша абайлап, сақтанып жүрсең де, бір күні опырылып  түседі.
* Өмірдің бір күнәсіз рахаты – ол біреу үшін өмір сүру.
* Махаббатта, саясатта, медицинада адамдарды алдай алармыз,  бірақ өнерде алдауға болмайды (Чехов).

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓