Тегің тегін емес
"Көргенсiз дегенде арланба, тексiз дегенге арлан" – депті бабаларымыз. "Ел адамымен сөйлессең – ауыл-аймағын айтады, қала адамымен сөйлессең – үйіндегі жиған-тергенін айтады, қыр адамымен сөйлессең – бота менен тайлағын айтады, ал тексізбен сөйлессең – қайдағы-жайдағы аузына келгенін айтады." Дуалы ауызды шешендерден қалған, әсіресе, соңғы жеті сөздің мазмұны осы бүгінгі күнде алдыңды кес-кестеп тұр. "Ұялмас бетке, талмас жақ береді". Қазір білмеймін дейтін жан қалған жоқ. Әр нәрсенің байыбына барып, ой-таразысына салып, осы үнсіз қала тұрайыншы. Алды-артына қарап, осы менікінің реті қалай болар екен деп, имене ізет сақтап, тоса тұрса – тектілігіне тәнтісің. Ондай марқасқа, жампоз жандарды көргенде көзің тойып, көңілің қуанып, жүрегің жылып қоя береді. Сонда мұндай бекзаттық қайдан келген деп ойлана бастайсың.
"Адам заты, тіршілігі, тоғалығы, мінсіз бітістігі әуелде ата-анада жаралмақ, одан туылған ұрпаққа жалғаспақ. Алланың адам затын жаратқандағы берген ең зор бағы, бақыты, дәулеті – тек қана мінсіз бітістік". (Ө.Ті-леуқабылұлы. Шипагерлік баян.). Яғни, тектілік тегі тінімізде, ата-анамызда, ата-бабамыздан екен. Ғалымдар кісінің жақсы қасиеттерінің 75-80%-ы тегінен дейді. Жас ғалым Айсұлу Молдабекованың пайымдауына сүйенсек: ажырасу, ішімдікке салыну, психологиялық ауытқушылық, бедеулік, ер азаматтың отбасын тастап кету жағдайлары, жеңіл жүрістікке салыну және т.б. әлеуметтік мәселелердің тек арқылы берілетіндігін ғалымдар байқаған. Француз ғалымы Анна Шутценберг "Ата-баба синдромы" кітабында кезінде ата-бабаның, әке-шеше басынан өткен небір жағдаяттарды жылдардың жылында, күндердің күнінде, дәл сол жасында ұрпағының қайталайтындығын жазады. Айталық, қуғын-сүргінге ұшыраған ұрпақтың бойында, жетер жасына жеткенде отбасынан ажырасуға бейім тұратын көрінеді. Ал Эрнест Хемэнгуейдің өзіне қол жұмсауы тегінен қалған "мұра" болса керек. Өйткені, қаламгердің әкесі де кезінде өзін-өзі өлтірген. Қасірет мұнымен тоқтамай, Хемэнгуейдің інісі Лестер, немересі Маргоның да суицид жасауымен тынады. Ал, көне тарихтан белгілі: Мысырдағы перғауындар, Испания корольдігіндегі Габсбург әулеті Адамзат тарихында байлығы мен билігін әулетінен шығармау үшін бір-біріне некелесіп, ақыр соңы ұрпақты да, елді тоздырып, аздырып кетті. Керісінше, Абылай ханның ұрпақтары тектіліктің үлгісін көрсетті: Кенесары мен Әлихан Бөкейханов, Шоқан Уәлиханов, Шота Уәлиханов сияқты жампоздарды берді. Әбілқайыр ханның тұқымынан оннан аса генерал шыққан. Бұл – қан тазалығы, яғни тектің тектілігінен. Майқы би: "Тұлпардан тұлпар туады, сұңқардан сұңқар туады, асылдан асыл туады, соқырдан көрмес туады, сараңнан бермес туады, мылжыңнан езбе туады, қыдырмадан кезбе туады", – деген. Бірақ, Майқы атамызға "түзету" енгізген де қазақтың өзі: "Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз. Жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз. Адам туа жаман болмайды, жүре жаман болады". Ендеше, "Қанына тартпай қоймайды", "тегі жібермеді" деген сөздерге де қазір күмәнмен қарауға тура келеді.
Жалпы, "тек" деген ұғымды сан-саққа жүгіртіп, жан-жақтан қарастыруға, жік-жікке бөлуге болады. Біз айтар едік: тектілік – тілде. Ең тәтті де, ең ащы да , ең жұмсақ та, ең қатты да – тіл. Ол – бар қадір-қасиетің. Қазақы асыл, ардаемген қасиеттің бәрі тіл арқылы дарыған. Тілің болмаса, тарихыңды, ата-тегіңді қалай білесің, қалай түгендер едің? Тілің болмаса, салт-дәстүріңді қалай үйретіп, ұғындырар едің? Тілің болмаса, мiнез-құлық, сана-сезім қалай түзелер еді? Тілің болмаса, қалай түсіндіріп, қалай құлағына құйып берер едің?
Қалада, көшеге шыға қалсаң ерсілі-қарсылы, ағыла жүріп жатқан адамдарды көресіз. Қай тілде сөйлесіп барады, құлақ түріп көріңізші?..
Жанұзақ Аязбеков
Жанұзақ ағаның жазғандарын қызыға, ойлана оқимын. Көп рахмет. Шығармашылық шабытта бола беріңіз.