Тас жолы ақылы болады
Қостанай облысында халықаралық «Алматы-Екатеринбург» жолы ақылы болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Нұрбек Темірхановқа сілтеме жасап.
Жыл соңына дейін Қостанай облысында 422 шақырымға созылған тасжол ақылы болады. Бұл аралыққа халықаралық «Алматы-Екатеринбург» жолы да кіреді. Ақылы бекеттер 2019 жылы қойылады. Бір жылдан соң көлік жүргізушілері ақы төлей бастайды.
«Қазіргі уақытта Астана қаласынан басталатын «Астана-Троицк» бағытын ақылы ету шаралары талқыланып жатыр. Бұл бағыт Қостанай облысы шекарасындағы «Қайрақ» өткізу бекетінде түйінделеді. Жол ақысы негізінен жүк көліктерінен алынады. Ақша сомасы көліктің салмағына байланысты болады», – деді Нұрбек Темірханов.
Мамандардың сөзінше, мұндай шара республикалық бюджетке түсетін ауыртпалықты азайту үшін енгізілді. Нұрбек Темірханов нақты тариф құнын айтқан жоқ. Өйткені, бұл мәселе әлі қаралу үстінде. Әзірге белгілісі, ақылы жол екі бөліктен тұрады. Біріншісі – «Алматы-Екатеринбург М-36» тасжолы. Ал екінші бағыт – «Қостанай-Әулиекөл-Қорған». Аталған жолдарда жол ақысын есептейтін бекеттерде автоматты таразылар орнатылады. Ақылы жолдан түскен пайда облыстағы жолдарды жөндеуге жұмсалады. Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл Қазақстандағы үш жол учаскесінде ақылы жүйе тестілік режімде іске қосылады.