Бақылаушылар бағасын берді

Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сайлау процесін бақылаған ресейлік бақылаушылар өз пікірлерімен бөлісті. Олар өңірдегі барлық сайлау учаскелерінің талапқа сай жасақталғанын, саяси науқанның жоғары деңгейде өткендігін айтады.
наблюдатель
Челябі облысы үкіметінің қоғамдық байланыстар басқармасының бастығы, делегация басшысы Дмитрий Семеновтің пікірінше, сайлау халықаралық заңнамаға сай әділ әрі ашық өтті. Айтуынша, ол саяси науқан басталмас бұрын қаладағы сайлау учаскелерін аралап, дайындықтарын тағы бір пысықтап, өз көзімен бақылап қайтқан көрінеді. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі адамдарға дауыс беру мүмкіндігінің қалай қамтамасыз етілгеніне ерекше назар аударып, халықтың бұл санатына да жақсы жағдай жасалғандығына көз жеткізгендігін айтады.
"Сайлау учаскелерін қадағалау барысында бір нәрсеге көзім жетті, сайлау процесінің әділ және ашық өткендігі. Сондай-ақ, мені қостанайлықтардың үлкен мақтанышпен өз таңдауларын жасап, дауыс бергендігі таңқалдырды. Тіпті, қарт кісілердің де дауыс беріп, ел болашағына үлес қосуға ниетті екендіктерін байқадық. Таңертең де, күндіз де, тіпті кешке де дауыс берушілер сайлау учаскелеріне келіп жатты. Жалпы, сайлау процесінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына тәнті болдым. Ең бастысы, біз сайлау процесінің тыныш өткенін айтқымыз келеді. Және сайлаушылар үшін, олардың өз таңдауын жасауына барлық жағдайдың жасалғанын да атап өткен жөн. Сондықтан, өз басым саяси науқанды ашық әрі әділ, жоғары деңгейде өтті деп сеніммен айта аламын", – дейді Дмитрий Семенов.
Саяси науқанды бақылауға ықылас танытқандар қатарында Магнитогор қалалық округі депутаттар ұжымының заң бөлімінің басшысы, делегация мүшесі Люмила Кузьменкова да бар.
"Мен мұндай саяси науқанға бірінші рет қатысып отырған жоқпын, бұған дейін де халықаралық бақылаушы ретінде ТМД елдері арасында үш мемлекеттің сайлауына қатыстым. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, сіздердің елдеріңіздегі сайлаудың ең жоғары деңгейде өткендігін айтуға болады. Сайлау комиссиясының мүшелері де өздерінің сауатты екендіктерін көрсете білді, ешбір сайлау учаскесінде бірде-бір ескерту көрмедім. Ең бастысы, адамдар тамаша көңіл-күймен дауыс берді. Бұл шын мәнінде мереке болды", – дейді Людмила Викторовна.
Ал, “Азамат” Қазақ қоғамдық орталығы" Челябі облыстық қоғамдық ұйымы кеңесінің төрағасы Қанат Сейтеков Әулиекөл ауданындағы сайлауды бақылапты. Айтуынша, бұл өңірдің тұрғындары да саяси науқанға белсенді әрі көтеріңкі көңіл-күйде  қатысқанға ұқсайды. Комиссия мүшелері де ар-ожданға жұмыс істеді дейді ол.
"Мен Әулиекөл ауданының Новонежин ауылындағы сайлау учаскесінде болдым. Ауыл халқының сондай ұйымшылдықпен белсенділік танытқанына таң қалдым. Тұрғындарының да көңіл-күйі көтеріңкі болды. Дегенмен, кейбір қызықты жәйттердің орын алғаны да рас. Бір кісі өзінің туысының куәлігін де ала келіпті, ол кісінің ауырып жатқандығын, сондықтан соның атынан дауыс бергісі келетіндігін айтты. Біз ол кісіге тек өзі үшін ғана дауыс бере алатындығын, ал сырқаттанып жатқан кісінің өтініш жазуы керектігін айттық. Тіпті, төлқұжатсыз келгендер де болды, бірақ олар кері қайтып, құжаттарын алып келіп, дауыс берді. Таңғы жеті болмай дауыс беруге келген кісілер де болды. Ал, Головкиннің жекпе-жегінен кейін халық сайлау учаскелеріне ағылып, өз таңдауларын белсенділікпен жасады. Ең бастысы, жүйелі жұмыстың бар екендігі көрініп тұрды.  Сондықтан, мен де сайлаудың жоғары деңгейде өткендігін айтқым келеді", – дейді Қ.Сейтеков.
Магнитогор қалалық округі депутаттар ұжымының заң бөлімінің басшысы Люмила Кузьменкова да мұндай жәйттердің Рудный қаласына қарасты Перцов ауылында да орын алғандығын айтады. Туыстары үшін дауыс беруге тырысқандар жиі кездескен көрінеді. Алайда, комиссия мүшелері мұның бұзушылық екендігін айтып, түсіндірген. Тіпті, бір азамат өз куәлігінің фотосуреті бойынша дауыс беруге тырысқан. Әрине, оған бұлай дауыс берудің дұрыс еместігі, бұзушылық болып табылатындығы түсіндірілген.
Жалпы, ресейлік бақылаушылардың сөзінше, Қостанай облысында сайлау жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓