Жаңа теміржол – ғасыр жобасы “Жезқазған-Бейнеу” және “Арқалық-Шұбаркөл” теміржолы іске қосылды

IMG_62742012 жылдың 3 шілдесінде өткен жалпы ұлттық телекөпірде Елбасы "Жезқазған-Бейнеу" және "Арқалық-Шұбаркөл" жаңа теміржол  құрылысын бастауға рұқсат берген болатын. Ал, былтырғы жылдың желтоқсан айында бұл желілердің негізгі жолдары түйісіп те үлгерді. Енді, міне, өткен аптада Елбасының қатысуымен өткен телекөпірде ғасырлық жобаның тұсауы кесіліп, алғашқы жүк тиеген вагондар діттеген бағыттарына аттанды. Біз де ел тарихында ойып тұрып орын алатын осы бір маңызды оқиғаның куәсі болып қайтқан едік.
Қазақстанның шығысы мен батысы, солтүстігі мен оңтүстік бағыттарындағы халықаралық көлік дәліздерінің бағытын оңтайландыратын бұл шойын жолдардың іске қосылуы ел үшін елеулі оқиға болғаны рас. Орталық пен батысты жалғайтын "Жезқаз-ған-Бейнеу" теміржолы мен тұйық жолда тұрған Арқалықты орталықпен байланыстыратын "Арқалық-Шұбаркөл" теміржолдары енді шетел нарығын игеруге,Таяу-Шығыс, Парсы шығанағы, Әзірбайжан, Грузия, Түркия елдеріне жол ашатын болады. Жаңа теміржолдың арқасында 56 жаңа станция мен бекеттер, өндірістік-техникалық ғимараттар, тұрғын үйлер мен әлеуметтік мақсаттағы нысандар көптеп салынуда. Ең бастысы, үш мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Аталған теміржол желілерінің салтанатты ашылуына қатысқан Елбасымыз да телекөпір арқылы барша қазақстандықтарды стратегиялық маңызы бар жобаның іске қосылуымен құттықтап, осының бәрі болашақ үшін жасалып жатқан игі істер екендігін тебірене жеткізді.
– Біз бүгін тәуелсіздігіміздің шежіресінде алтын әріппен жазылатын тарихи оқиғаның куәсі болдық. "Жезқазған-Бейнеу" және "Арқалық-Шұбаркөл" теміржол желілері бір күн ішінде іске қосылып отыр. Осыған ерекше атса-лысқан теміржолшылар, құрылысшылар, мыңдаған еңбек еткен жастар мен мамандарға зор алғысымызды білдіреміз. Тәуелсіздігіміздің биыл небәрі 23 жылдығын атап өтеміз. Осы жылдар ішінде Қазақ елінің экономикасы 17 есеге, халықтың әл-ауқаты 15 есеге өсті. Қазақстанның картасына қарасаңыз, біздің теңізге шығатын жолымыз жоқ. Құрғақта тұрған елміз. Екі жағымызда екі алып мемлекет тұр. Жердің көлемі үлкен болғаннан кейін елдің ішінде тасымалдау болмаса, экономика да өркендемейді. Сондықтан, біз осыны қолға алдық, мемлекет қыруар қаржы жұмсады. Төрт облыстың бес ауданын басып өтетін теміржол бірнеше елді-мекендерге серпін беретін болады. Мынау үлкен дағдарыс әлі аяқталған жоқ. Қазірдің өзінде қиыншылық жағдайлар баршылық. Біздің шетелге шығатын тауарлардың бағасы да төмендеп тұр. Біз осындай жағдайдың алдын алып, қорымызды да жинап алдық. Қазір еліміздің қорының ауқымы 100 млрд. доллардан асады. Осының бәрі қиыншылықта халықтың әл-ауқатын төмендетпеу үшін жасалып жатқан істер. Осындай қиындықтарды болашақта болдырмау үшін индустриялық бағдарламаларды қолға алып, іске асырып жатырмыз. Бұл алға қойып отырған үлкен мақсаттарымыздың бірі. Жеріміздің байлығы бар екені рас. Теміріміз де, көміріміз де, мұнайымыз да, газымыз да бар. Бірақ, мұның бәрі таусылатын дүниелер. Сол кезде не істейтін боламыз? Сондықтан, бүкіл Қазақстанның әр IMG_6346облысында индуст-риялық зауыттар салып, жаңа кадрларды дайындап, сол зауыттардан тауар шығаратын болсақ, болашақта солардың ауқымы мына жер қойнауларынан шығатын тауарлардан да көп болады. Сонда ғана біздің еліміз мықты, экономикамыз тұрақты болады, – деді Елбасы Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы бес жылдың ішінде 900 кәсіп-орын іске қосылыпты. Ендігі бес жылдық жоспар ішінде одан да көптеген инновациялық жобалар іске қосылатын болады.Сондай-ақ, телекөпірде еліміздің индустрия, білім, ғылым, денсаулық, ауыл шаруашылығы салаларында ат-қарылып жатқан игі істерді тілге тиек еткен Елбасымыз ең бастысы Қазақ жеріндегі бірлік пен татулықты, бейбітшілікті де естен шығармауымыз керектігін жеткізді. 
Сондай-ақ, телекөпірдің салтанатты ашылуында "Қазақстан теміржолы" АҚ Президенті Асқар Мәмин де  еуразиялық көлік кешенінің дамуына үлкен үлес қосатын бұл жобалардың тарихи маңызына тоқталды.
– Елбасымыз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап теміржол саласына ерекше көңіл бөліп келеді. Міне, Мемлекет басшысының қолдауымен теміржол саласы қарқынды дамып жатыр. Елбасының тікелей бастамасымен тепловоз, электровоз және жолаушылар тасымалдайтын вагондар шығаратын өндіріс тәрізді бұрын-соңды болмаған машина жасау саласы құрылды. Сонымен қатар, биыл Ақтөбеде рельс шығаратын, ал Астанада дизель қоз-ғалтқыштарын шығаратын зауыттарды іске қосамыз. Міне, осындай тарихи оқиғаларға атсалысу, үлес қосу теміржолшылар үшін зор абырой және үлкен жауапкершілік, – деді А.Мәмин.
Маңызды шара кезінде еліміздің бірнеше аймағынан теміржолшылар мен көкірегі қазына, түйгені мен жиған тәжірибесі мол теміржол саласының ардагерлері де сөз сөйлеп, шойын жол шаруасында ауыз толтырып айтырлықтай, жар салып мақтан етерліктей қаншама игілікті істердің атқарылып жатқандығын тілге тиек етті.
– Дербес мемлекет болып құрылғалы елімізде, жерімізде күрделі, ауқымды өзгерістер болып жатыр. Бұл өзгерістер еліміздің түпкір-түпкірінде, қалада да, далада да, ауылда да орын алып жатыр. Мынау сайын даламыздың құс ұшпайтын жерлерінен теміржолдар салынуда. Айдалаға қан жүгіртіп, жан бітіріп жатырсыздар. Көптеген стансалар, бекеттер тұрғызылып, жол бойлары елді-мекендерге айналды. Мыңдаған дала адамдары жұмыс тауып жатыр. Осындай игі істерді көріп отырған көрші елдердің де  бізге қызыға да, қызғана да қарайтындығын ішіміз сезеді. Бұл жол мынау Арқаның астығын, Қарағандының темірін, Шұбаркөлдің көмірін аз уақытта белгілі өзінің баратын уақытында жеткізеді. Міне, сондықтан да бұл жолдардың біз үшін, еліміз үшін маңызы орасан зор, – дейді теміржол саласының құрметті ардагері А.Селбаев.
IMG_6235Телекөпір барысында сөз алған "Арселормиттал теміртау" АҚ бас директоры Виджа Махадеван да жаңа магис-тральдің ашылуы жаңа мүмкіндіктерге жол ашатындығын ерекше атап өтті. Елбасының көрегендік саясатымен жүзеге асырылған ғасырлық жобаның іске қосылуына куә болған арқалықтықтар да шыжыған күннің ыстығына қарамастан телекөпірге біркісідей атсалысып, тарихи маңызы зор бұл оқиғаны көпшілікпен бірге тамашалады. "Қазақстан теміржолы" АҚ Қостанай облыстық филиалының басшысы Ермек Темірбаев телекөпір арқылы барша қазақстандықтарды айтулы оқиғамен құттықтап, "Арқалық-Шұбаркөл" теміржолының Елбасының тапсырмасымен аз ғана уақыттың шінде салынғандығын, жаңа жоба өңіріміздің ғана емес, еліміздің дамуына да оң әсерін тигізетіндігін жеткізді.
Міне, көптен күткен сәт те келіп жетіп, Президенттің қатысуымен өткен телекөпірде Қазақ елінің игілігіне 1200 шақырымнан асатын жаңа теміржол желілері іске қосылып, осы күні "Арқалық-Шұбаркөл" теміржолы арқылы Соколов-Сарыбай кен байыту бірлестігінің темір рудасы концентратын тиеген жүк вагондары Қытайға аттанды. Осылайша, Арқалық, Шалқар, Бейнеу, Сексеуіл және Жезқазған стансалары тікелей байланысқа шыққан телекөпір сәтті аяқталып, маңызды шараға жиналған арқалықтықтар да арқа-жарқа болып тарқасқаннан кейін орталық алаңда ұйымдастырылған концерттік бағдарламаға бет алды. Осы жерде қала тұрғындарын айтулы оқиғамен облыс әкімі Н.Садуақасов та құттықтады.
– Бүгінгі күн облысымыз үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін маңызы зор тарихи оқиға саналады. Екі жылға жуық салынған құрылыс өз мерзімінен бұрын аяқталып, іске қосылып отыр. Бұл жобаға 43 млрд. теңге жұмсалды. Әрине, мәселе ақшада емес, ең бастысы жаңа темір жол тармағы Арқалық қаласын транзиттік қалаға айналдырды. Жаңа жолдың ұзақ жылдар бойы дағдарысқа ұшыраған Арқалық сияқты өңірдің тынысын ашып, әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеретіні сөзсіз. Соңғы жылдары бұл өңірге мемлекет тарапынан көп көмек көрсетіліп келеді, мемлекеттік бағдарламалардың дені де осы өңірде жүзеге асырылуда. Осының арқасында әлеуметтік нысандар жөнделіп, тұрғын үйлер жаңғыртылуда. Бүгінде қалада теміржолшыларға ар-налған 45 пәтерлі тұрғын үй бой көтерді. Алдағы уақыттарда жаңа теміржол тармағы тың серпін беріп, шағын қаланың шырайын аша түсетініне сеніміміз мол. Сондықтан баршаңызды айтулы оқиғамен құттықтаймын, – деді облыс әкімі Н.Садуақасов.
Қарлығаш
     ОСПАНОВА
Арқалық қаласы.
СУРЕТТЕРДЕ: Ғасыр жобасының жүзеге асуына арналған салтанаттан көріністер.
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.
 

You may also like...

1 Response

  1. тайыр айтты:

    когда именно запуск пасажирского поезда алматы-мангышлак через Бейнеу-жезказган 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓