Жаңа жоба – жаңа жұмыс орны
Елімізде жұмыссыздарды еңбекпен қамту, халықты әлеуметтік қорғау жолында көптеген мақсатты шаралар қолға алынған. Дегенмен, соңғы жылдары әлемді жайлаған падемия көптеген елдерде жаппай жұмыссыздық мәселесін тудырды. Оның салқыны біздің еліміздің де экономикасына кері әсерін тигізбей қойған жоқ, жаппай карантин еңбек нарығына да әсер етті. Алайда, мемлекет адамдарды табыссыз, жұмыссыз қалдырмаудың алдын алуға барынша тырысып бақты. Бұл бағытта біраз бағдарламалар мен жобалар да қолға алынды. Соның бірі кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба. Халықты тұрақты және нәтижелі жұмыспен қамту мақсатында құрылған бұл жобаның арқасында екі қолға бір күрек табу өз алдына, сұранысқа ие мамандықтарға қайта оқытуға, шағын несие алып, кәсібін ашамын деушілерге мол мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ, жобада жеке кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, жастар тәжірибесі, қысқа мерзімді курстарда оқыту, зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдарды жұмыспен қамту да қарастырылған. \Әулиекөл ауданында да халықтың аз қамтамасыз етілген топтарын қолдау бағытында жасалып жатқан шаралар аз емес. Әсіресе, жұмыссыздық мәселесін шешу жолында биыл да біршама жұмыстар атқарылыпты. Соның арқасында ауданда жұмыссыз жүрген жандар екі қолға бір күрек табуда. Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Бақытгүл Жақсылықованың айтуынша, бірінші жартыжылдықта жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шараларымен 708 адам қамтылды, жоспар бойынша 1506 адам, оның ішінде 467 адам бос жұмыс орындарына орналастырылды. Ал, еңбекақыны ішінара субсидиялаумен әлеуметтік жұмыс орындарына 27 жұмыссыз азамат жолданды. Бұл мақсатқа 8 млн 606 мың теңге бөлінген көрінеді. Жыл басынан бері қоғамдық жұмыстарға 146 жұмыссыз азамат қатысып, жоспар 94,8 пайызға орындалған.
– Бүгінде жұмыс істеп, еңбек еткісі келген жанға жұмыс бар. Елімізде қолға алынып жатқан бағдарламалар мен жобалардың басты мақсаты да сол, халықты жұмыспен қамтып, жұмыссыздардың білімі мен біліктілігін арттыру. Жастар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды да жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлінуде. Жұмыссыздықпен күрес жалғыз біздің ауданда ғана емес, еліміз бойынша қолға алынып, бұл жолда қаншама игілікті істер тындырылуда. Жаңа жобаның игілігін біздің ауданның тұрғындары да көріп жатыр. Осы орайда, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандарға қолдау білдіріп, жұмыспен қамтуға жәрдемдесіп отырған кәсіпкерлерге де айтар алғысымыз шексіз, – дейді Б.Жақсылықова.
Биыл жоба бойынша қысқа мерзімді курстарда 13 адам оқытылмақ. Әулиекөл ауыл шаруашылығы колледжінде мал шаруашылығы шебері мамандығы бойынша (бөлінген сома 2 млн 920 мың теңге) жаңа тәсілге сәйкес оқытылған адамдарды жұмысқа орналастыруға кепілдік беретін жұмыс берушілердің сұраныстары бойынша жүзеге асырылады. “Жұмыс орнында оқыту” жобасы, яғни жұмыссыздарды жұмыс орнында кәсіптік оқыту барлық нысандағы кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылады. Оқу мерзімі 1 айды құрайды. Оқуды аяқтаған жұмыссыздарға жұмыс беруші кәсіптік дағдыларды меңгергені және тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналасқаны туралы сертификат береді. Осы жоба бойынша Әулиекөл АЭЖ-не “электромонтер” мамандығы бойынша 6 адам, “Г.н. Калиева” жеке кәсіпкерлігіне “шаштараз” мамандығы бойынша 3 адам жіберілді.
Еңбек ресурстарының ұтқырлығы шеңберінде ағымдағы жылы ауданға еңбек күші артық өңірлерден 30 қоныс аударушыны (5 отбасы) қабылдау көзделген. Қазіргі уақытта квотаға 6 отбасы, яғни 27 адам енгізілді. (Аманқарағай ауылында 2 отбасы, Чернигов, Новонежин, Тимофеев және Первомай ауылдарында 1 отбасыдан).
“Күміс жас” қандай жоба?
Елімізде зейнет жасына тақаған жұмыссыз адамдарды жұмыспен қамту үшін “Күміс жас” арнайы жобасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында зейнеткерлікке шығуға 2 жыл қалған азаматтар уақытша жұмыспен қамтылады. Бұл жобаға қатысушылардың жалақысының жартысын мемлекет, жартысын жұмыс беруші төлейді. Қатысу мерзімі 12 айдан аспайды. Ай сайынғы субсидия мөлшері жалақы мөлшерінің 50%-ын құрайды, бірақ экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыларды және банк қызметтерін ескере отырып, 30 АЕК-тен (2022ж.=3063 теңге) аспайды. Қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші жұмыссызды зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналастыруға міндеттеледі. Аталған жоба бойынша ауданда 5 адамды жолдау жоспарланған, ағымдағы күнге 4 адам жіберілді.
Ал, “Ұрпақтар келісімшарты” жобасы шеңберінде, жұмыс беруші, ниет танытушы азаматты кейін зейнетке шығатын адам босататын жұмыс орнына қабылдайды. Шарт 6 ай мерзімге жасалады. Осы уақыт бойы мемлекет жас маманның жалақысын 30 АЕК (2022 ж. – 91890 теңге) мөлшерінде субсидиялайды. Осылайша жобаға қатысушы тәжірибе жинақтайды және тәлімгер зейнетке шыққанға дейін оны толығымен ауыстыратын жағдайға жетеді. Келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші оны бұрынғы жұмысшының жалақысымен тұрақты жұмысқа қабылдайды. Аталмыш жобаға аудан бойынша 1 қатысушы жіберілді.
“Жастар тәжірибесі” жастарға жол ашуда
Оқу орнын бітірген түлектер үшін бірден екі қолға бір күрек табу оңайға соқпайтыны рас. Осы орайда “Жастар тәжірибесінің” маңызы зор. Бұл бағдарлама білім беру ұйымдарының түлектері үшін алған кәсібі, яки мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатында ұйымдастырылады. Оған өткен үш жыл ішінде оқуын аяқтаған және 29 жастан аспаған алған мамандығы бойынша білім беру ұйымдары түлектерінің қатарындағы жұмыссыздар қатыса алады. Ағымдағы жылы ауданда аталған бағдарламамен жоспар бойынша 18 адам жұмыспен қамтылуы тиіс болса, бүгінде соның 9-ы есепші, экономист, заңгер, инженер-бағдарламашы мамандықтары бойынша жұмысқа орналастырылды. Олардың еңбекақысы 35 АЕК немесе 107 205 теңгені құрайды. Бұл мақсатқа 16 млн 220 мың теңге бөлінген көрінеді.
Мемлекеттік қолдауға ие болғандардың бірі – Марина Стешенко. Ол А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-тін биология пәні мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдапты. Жұмыспен қамту орталығына жұмысқа орналасуға жәрдемдесу үшін жүгінген көрінеді. Ағымдағы жылдың ақпан айында аудандық білім бөліміне әдіскердің көмекшісі болып жұмысқа орналасады. Маринаның айтуынша, тұрақты жұмыс іздеу кезеңінде жастар тәжірибесі тәжірибе жинаудың жақсы мүмкіндігі болып табылады, жас мамандарға арналған бұл мемлекеттік бағдарламаның берері мол.
-Бұрын осы бағдарлама пайда болмай тұрғанда қаншама жастар жұмыс таба алмай, әр мекеменің есігін тозыдырушы еді. Өйткені, көп ұйымдардың біз сияқты жастарды тәжірибесіз деп жұмысқа алмайтыны рас. Ал, жастар тәжірибесінің арқасында бүгінде қанашама жас маман жұмыспен қамтылуда. Әсіресе, біз тәрізді колледж бітірген жастар үшін өте тиімді, сондықтан бұл бағдарламаның жастарға берері мол. Мен де осы бағдарламаның шарапатын сезініп отырғандардың бірімін. Жұмысым жақсы, жалақым да көңілімнен шығады, – дейді Марина.
Кәсіпке қолдау бар
Жаңа бизнес-идеяларды іске асырудың ұлттық жобасының екінші бағыты аясында 24 адамға 400 АЕК-ке дейін гранттар қарастырылған, оның ішінде 12 адам жастар арасынан және 12 адам халықтың әлеуметтік осал топтарынан (аз қамтылғандар, көп балалы отбасылар және мүгедектігі бар адамдар). Бүгінде ауданда мемлекеттік гранттың арқасында кәсіп ашып, тәп-тәуір табыс тауып отырғандар да баршылық. Соның бірі – жеке кәсіпкер Елена Жүсіпова былтыр “Еңбек” бағдарламасына қатысып, тігін цехын ашуға 583 мың 400 теңге мемлекеттік грант ұтып алған көрінеді. Үй шаруасындағы әйел өз бизнесін ашу туралы шешімнің кездейсоқ болмағандығын айтады. Телеарнадан бағдарлама туралы жүгіртпе жолды көрген келіншек аталмыш бағдарламаға қатысып, грант алған ауылдастарынан да кеңес алып, ақыры аудандық жұмыспен қамту орталығына жүгінеді. Ол өз бизнесін дамытуға және өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін бағдарламаға риза.Көктал аулының тұрғыны Василий Ольховский да БАҚ арқылы “Еңбек” бағдарламасы туралы оқып біліп, мемлекеттік грантты алу мәселесі бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінген көрінеді. Ондағы мамандардан кеңес алып, “Бастау Бизнес” жобасы бойынша оқудан өтті. 2021 жылғы 14 қыркүйекте үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық комиссия В.Ольховскийдің бизнес жобасын мақұлдап, осылайша дәнекерлеу қызметіне 583 мың 400 теңге сомасында мемлекеттік грант алды. Қазіргі уақытта өз бизнесін дамытумен айналысуда.Осылайша, өмірге енген жаңа жобаның маңыздылығы Әулиекөл ауданында да нақты істерімен көрініс табуда. Жалпы, жобаға кез-келген тілек білдіруші қатыса алады, бұл туралы ақпаратты жергілікті жерлердегі жұмыспен қамту орталықтарынан алуға болады.
Қарлығаш ОСПАНОВА
Әулиекөл ауданы