Білім парасыз берілуі шарт
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті өкілдері білім беру саласындағы заңсыздықты бақылау туралы өңір тілшілеріне ақпарат берді.
Білім беру саласы – жемқорлық тәуекелдері басым сала. Әсіресе, жаңа оқу жылы қарсаңында "бармақ басты, көз қысты" әрекеттер көп кездеседі. ЖОО мен колледждерде түлектерден емтихан қабылдау, грантқа үміттілерді іріктеу кездерінде ала жіп жиі атталып жатады. Сондықтан да осы білім науқаны тұсында заңдылықты қадағалайтын арнайы комиссия жұмысты барынша күшейте түседі. Биылғы бақылау жұмысы артық құқықбұзушылықсыз өткен. Мұны білім беру саласындағы мониторингтік топтың мүшелері айтты.
– Ел бойынша 5415 білім гранты бөлінді, соның біздің облысқа тиесілісі біздің есебімізден өтіп, өзінің заңды иелерін табуы қадағаланды. Айталық, студенттердікін есепке алмағанның өзінде облыс бойынша магистранттарға 299 грант еншіленді. Емтихандардың тәртіппен өтуі де жіті назарда ұсталды, – деді өз баяндамасында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Рүстем Болатов.
Сондай-ақ, брифингте комиссияның бақылау жұмысы толықтай электронды форматқа көшуі керектігі айтылды. Емтихандарды жаппай дыбыс және бейнетаспаларға жазу ұсынылды. Бұған қоса, келер жылдан бастап қадағалаушылар автоматтандырылған режиммен жұмыс істемек.