Арқалық ажарланып келеді
Аталған өңірге арнайы атбасын тіреген облыс әкімі шаһарда атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, күрделі жөндеуден өтіп жатқан бірнеше әлеуметтік нысандарды аралады.
Әкім ең алдымен қаланың 9-шы шағын ауданындағы аппаты жағдайда тұрған тұрғын үйлердің жай-күйімен танысты. Арқалық қаласы әкімдігінің ТКШ, жолаушылар тасымалы және автомабиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жұмағали Мәмбетовтың айтуынша, бүгінде қалада жалпы көлемі 389 мың шаршы метрді құрайтын 117 апатты үйлер бар көрінеді. "Моноқалаларды дамыту" бағдарламасы аясында өткен жылы республика бюджетінен бөлінген 100 млн. теңгеге 17 үй бұзылыпты. Соның ішінде 12 үй "Стальстройтехнология" ЖШС, ал 5 үй "Аллюминстрой" ЖШС арқылы жүзеге асырылған. Биыл 250 млн. теңгеге 27 үй бұзылады деп жоспарлануда. Бұл жұмыстарды "СтройСпецсвязь К" және "Мейір-М" ЖШС жүзеге асыратын болады. Бүгінге дейін бөлінген қаржының 104 млн. теңгесі игерілген. Мұның сыртында "ENRC" компаниясының демеушілігімен 100 млн. теңгеге тағы 13 үй бұзылатын болады. Бұзылған үйлердің қалдықтары қала сыртында арнайы қазыл-ған қоқыс алаңдарына төгілуде.
Облыс әкімі жергілікті билік басшыларына қаланың бас жоспарын тездетіп жасап, бос жат-қан иен даланы пайдаға жарату керектігін қадап тапсырды.
– Бұзылған үйлердің құрылыс материалдарының кейбірі жарамды болса, босқа лақтыра бермей, оны да бір іске жарат-қан жөн. Бөлінген қаражат та уақытылы игерілуі тиіс. Мемлекет қыруар қаржыны босқа бөліп жатқан жоқ, мына босаған жерлерді пайдаға жарату қажет. Не үй саламын дегендерге беріңіздер немесе орта және шағын бизнес алаңына айналдырыңыздар. Сіздерде атқарылатын жұмыстар жетіп артылады, мал шаруашылығы саласы бойынша да қар-қынды ілгерілеушілік байқалмайды, ал өңірдің мал өсіруге аса қолайлы екенін естен шығармаңыздар. Сондықтан, үкіметтен беріліп жатқан мүмкіндіктерді барынша пайдалану қажет. Апатты жағдайдағы бұл үйлерді қайта қалыпқа келтіру мүмкін емес, ондай мүмкіндік болса қалдырар едік қой. Қыс кездерінде мұндай жұмыстарды жүзеге асыру мүмкін емес, сондықтан тездетіп қимылдаңыздар. Тағы да қайталап айтамын, бөлінген қаржыны мерзімінде игеріңіздер, ал дұрыс жұмыс істемейтін мердігерлерге қатаң шара қолданыңыздар, – деді облыс әкімі Н.Садуақасов.
Мұнан кейін әкім қала орталығында күрделі жөндеуден өтіп жатқан "Золотой ключик" балабақшасына да барды. Іргетасы 1976 жылы қаланған бұл бүлдіршіндер үйінің күрделі жөндеудің қарасын көрмегеніне біраз уақыт болыпты. Балабақша меңгерушісі Раиса Хажиеваның айтуынша, күрделі жөндеу жұ-мыстары екі кезең бойынша жүргізілуде, 2012 жылы ғимараттың төбесі, кәріз жүйелері мен су құбырлары жөнделсе, биыл ішкі жұмыстары жалғасуда. Бүгінде 240 орынға арналған балабақшаның құрылыс жұмыстары аяқталып қалғанымен, әлі де атқарылар жұмыстардың жетіп артылатындығы көзге көрініп-ақ тұр. Сондықтан, нысанды 1 қыркүйекте тапсырамыз деген мердігерлердің сөзіне сенімсіздік таныт-қан облыс әкімі оларға шала-шарпы бітірген істе береке болмайтындығын жеткізіп, жанталаспауды ескертті. Ең бастысы, құрылыс жұмыстарының сапалы болуына баса назар аударуды қадап тапсырды. Сондай-ақ, балабақша ғимаратының алаңын абаттандырып, балаларға лайықты ойын алаңдарын салып, қолайлы жағдай жасау керектігін де жеткізді.
Бүгінде шағын қалада тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы мықтап қолға алынуда. Өйткені, пәлен жыл бойы жөндеу көрмей, әбден ескірген үйлер бұл шаһарда жетіп артылады. Әкім атбасын бұрған Бай-тұрсынов көшесінің бойында орналасқан 80 пәтерлік тұрғын үй де күрделі жөндеуден өтуде. Бағдарламаның арқасында бөлінген 40 млн. теңгеге жуық қаржыға үйдің төбесі жөнделіп, жылу және кәріз жүйелері жаңартылмақ. Сондай-ақ, тұрғындардың өті-нішімен автоматтандырылған жылу пунті де орнатылады. Тұрғындар пәтердің көлеміне қарай, яғни әр шаршы метрі үшін 55 теңгеден, ал сайын 3500-4500 мың теңге аралығында несие төлейтін болады. Мердігерлер жөндеу жұмыстары 30 қыркүйекте аяқталады деп отыр.
– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының арқасында қазір көптеген үйлер күрделі жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енуде. Бұл мақсатқа үкіметтен Арқалық қаласына қомақты қаржы да бөлінді. Жөндеуден өткен соң, үйлердің бағасы да көтерілетіні сөзсіз. Мұндай бағдарлама әлемнің ешбір елінде жоқ, сондықтан 2020 жылға дейін бұл мүмкіндікті барынша пайдаланып қалған жөн, – дейді облыс әкімі Н.Са-дуақасов.
Арқалық қаласында бүгінде есік-терезелері бітеліп, бос тұрған ғимараттар саны да жетіп жығылады. Міне, сондай нысандарды қайта қалыпқа келтіріп, халықтың игілігіне жаратып жатқан кәсіпкерлер де баршылық. Солардың бірі өңірге танымал "Аллюминстрой" ЖШС кезіндегі шағын отбасылық жатақхананы 60 пәтерлік тұрғын үй ретінде қайта жаңғыртуда. ЖШС директоры А.Мұқановтың айтуынша, үстіміздегі жылдың ақпан айында басталған құрылыс жұмыстары қараша айында аяқталып, ипотекалық тұрғын үй ретінде тапсырылатын болады. Қайта қалпына келтіру жұмыстарына серіктестік өз қалтасынан 250 млн. теңгеден астам қаржы салыпты. Облыс әкімі Арқалықтың ажарын ашып, дамуына үлес қосып жатқан мұндай кәсіпкерлерге қашанда қолдау көрсетілуі тиіс екендігін тілге тиек етті.
– Кезінде болашағы жоқ деп есептеліп келген Арқалық өңірінің тамырына қайта қан жүгіріп, қаншама игілікті істер жүзеге асырылуда. Енді бұл өңірді де заманның көшіне ере алады деп зор сеніммен айта аламыз. Қысқа мерзім ішінде іске қосылған жаңа теміржолдың өзі шаһарды қайта тірілтіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашары сөзсіз. Сондықтан, Арқалықты қайта түлету үшін сіздерге әлі де көп жұмыс істеуге тура келеді. Әсіресе, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы мен қаржының игерілуі басты назарда болсын, – дейді Н.Садуақасов.
Қарлығаш
ОСПАНОВА
Арқалық қаласы.