Техникалық жаңарту – даму кепілі
«ССКӨБ» АҚ автопаркі екі арнайы техникамен толықты. «КамАЗ» маркалы манипулятор мен кенжар көлігі кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасының аясында сатып алынған және негізінен Сарыбай мен Соколов кеніштерінде қолданылатын болады.
Мәселен, манипулятордың кузовында бұрғылау қондырғыларын қауіпсіз тасымалдауға мүмкіндік беретін қосалқы жабдықтары бар. Жүк көтерімділігі 5 тонна келетін көлік Бұрғылау және жару басқармасы қызметкерлерінің сенімді серігіне айналары сөзсіз. «ТрансРудныйАвто» ЖШС №1 автоколонна басшысы Дмитрий Дычконың айтуынша бүгінде рудныйлық кеніштерде «Краз» және «КаМАЗ» базасында жабдықталған екі манипулятор бар. Оның біреуі әбден ескіріп, істен шығуға келген.
– Кәсіпорындағы кенді аршу, тасымалдау және дайын өнім шығару процесі мыңдаған адам мен техниканың күшін қажет ететін үлкен технологиялық тізбек құрайды. Тізбектің бір бөлігінде жұмыс ақсаса, барлығына кері әсерін тигізеді. Сол себепті техниканың дайындық коэффиценті үнемі жоғары деңгейде тұруы тиіс. Уақыттың сынанан өткен камаз көліктері өндірістік жоспарларды орындауға тиісті үлесін қосады деген сенімдемін, – дейді ол.
Автопарктегі екінші техниканың атқарар қызметі де маңызды. «КаМАЗ-43118» базасында жасақталған кенжар көлігі тығындауыш материалдарды тасымалдауға арналған.
– Кеніште жару жұмыстарына дайындық барысында ұңғымалар қазылып, оған жарылғыш заттар салынады. Кейін жарылыстың әсері жоғары болу үшін сол ұңғыманы арнайы қатты қалдық заттармен толтырады. Аталмыш техникамен салмағы 10 тоннаға дейін келетін басқа да қатты материалдарды тасымалдауға болады, – дейді Дмитрий Дычко.
Айта кетейік, соңғы бірнеше айдың ішінде кен алыбының барлық бөлімшелеріне көптеген негізгі және қосалқы техникалар келе бастады. Солардың ішінде CAT маркалы алып самосвалдар, Hitachi экскаваторлары, CAT, Dressta, Liebher бульдозерлері, БелАЗ, КаМАЗ, К-700 базасындағы кабельтасығыш, су сепкіш, тіркеп сүйрегіш, қар тазарту техникалары бар. Осылайша «ССКӨБ» АҚ-ның инвестициялық бағдарламасы өндірістің тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, жұмыскерлері үшін жайлы жағдайлар жасай бермек.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ