Балалар ауруханасы жабылмасын!

Рудный қалалық балалар ауруханасында Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Оған түрткі болған негізгі себеп – Рудный перинаталдық орталығы мен балалар ауруханасын қалалық ауруханаға қосу туралы облыс әкімінің Қаулысы.DSC_0032
Оқиға былай өрбіген: 10 тамыз күні ата-аналар мен балалар ауруханасының қызметкерлерінен құралған бастамашыл топ Тұтынушылар құқығын қорғау орталығына шағымданады. Кейін облыс әкімі мен денсаулық сақтау басқармасы басшысының атына медициналық мекемелерді біріктіру себебін түсіндіруді сұрап, ресми сауал жолдайды. Сондай-ақ белсенділер ҚР Премьер-Министрінің атына петиция әзірлеп, оған қол жинауды бастап кетті. Осылайша, мәселе БАҚ пен әлеуметтік желілерді шулатып, Тобыл өңірінде қоғамдық резонанс тудырды.
Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Екатерина Слободенюк алдымен бастамашыл топпен жабық кездесу өткізді. Бірер минуттан соң талқылау журналистердің қатысуымен жалғасты.
Бүгінде қалалық балалар ауруханасының тәуліктік стационарында 130, ал күндізгі бөлімінде 35 жатын орын бар. Жұмыскерлердің саны штаттық кестеге сай 259 адамды құрайды. Егер екі медициналық ұйым қалалық ауруханаға қосылатын болса, 600 жатын орны бар көпбейінді кешен пайда болуы тиіс. Алайда бастамашыл топ өкілдерінің айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігінің жобасында аурухананың қуаты 450 орыннан аспайды деп көрсетілген. Бұл, өз кезегінде, жатын орындардың қысқаруына алып келеді. Науқас балалар тек шұғыл жағдайларда ғана емдеуге жатқызылатын болады. Бұл мәселе, әсіресе, мүгедек балалары бар ата-аналар үшін өткір. Өйткені олар бүгінде балалар ауруханасының қалпына келтіру бөлімінде сапалы қызметті тұтынып келеді. Бөлімше заманауи физиотерапиялық жабдықтармен, жүзу бассейнімен, сумен емдеу және ингаляциялық терапия кабинеттерімен, галокамерамен тағы басқа қызмет түрлерімен қамтылған. Бұрын осы ем-шараларды қабылдау үшін кейбір ата-аналар бауыр еті баласын Астанаға жиі апаратын. Қазір мұнда барлық жағдай қарастырылған. Ал қайта ұйымдастырудан кейін бұл қызметтердің қатары азаймайтындығына кім кепіл?DSC_0031
Екатерина Борисовна кездесуде бірде-бір медицина маманы қысқармайтынын айтып, шаруашылық қызметінің жұмыскерлері қысқартылып жатса, басқа жұмыспен қамтылатынын тілге тиек етті.
– Бұл Қаулыны біздің басқарма жазған жоқ, бұл – Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы. Біз қолдан келгенше жағдайды сол қалпында сақтап қалуға тырыстық. Бірақ та жоғары тарап қайта ұйымдастыруды 2019 жылға дейін аяқтауды тапсырып отыр, – дейді ол.
Кездесуде қайта құруға деген өз қарсылығын балалар ауруханасының бас дәрігері Елена Полусмяк, осы мекеменің бөлім меңгерушісі Николай Маркашов пен басқа да қызметкерлер білдіріп, өз ойларын ортаға салды. Олардың сөзін Рудныйлық №1арнайыландырылған мектеп-интернатының директоры Ирина Дмитриева мен қала әкімінің орынбасары Елена Скаредина да жақтап, мәселені бей-жай қалдырмайтындығын уәде етті.
Әзірге рудныйлықтардың үміті – Үкімет басшысында. Басқосудың соңында жиналғандар «қайтсек те балалар ауруханасын сақтап қалу керек!», «аурухана жабылмасын!» деп ұрандап жатты. Егер Сіз де бастамашыл топтың көзқарасын қолдасаңыз, балалар ауруханасының анықтамалар үстеліне келіп, петицияға қол қоюларыңызға болады.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓