Өңірде қандай хабар бар?
Жаңа жылда жылу құны өседі
Облыста. Қаңтар оқиғасынан кейін коммуналдық қызмет тарифтерін көтеруге мораторий енгізілген еді. Соған сәйкес ҚЖЭК бекітілген тарихпен қызмет көрсетіп келді. Енді 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап құн қымбаттамақ. Ұзақ мерзімді тарифпен жұмыс істейтін барлық субъектілерде жылу құны 8,8% өседі.
Мұз қалашығы бой көтереді
Қостанай. Қаланың қақ ортасына шаршылап кесілген мұз бөлшектер төселе бастады. Ал Ахмет Байтұрсынұлы атындағы университет алдында биік сырғанақ салынғалы жатыр. Бұларға бюджеттен 16 млн теңге бөлінген. Жұмыстармен «Сотрудничество-2» ЖШС мердігерлік ұйымы айналысып жатыр.
Бес жыл күттірген жаңалық
Лисаков. Осыдан бес жыл бұрын 6-шы шағын аудандағы 29-үйде ескі лифттің ақауы салдарынан 15 жасар бала қаза тапқан еді. Содан бері тұрғындар жоғарғы қабаттарға жаяу көтеріліп жүрді. Бұл мәселе бес жылдан кейін шешімін тауып отыр. 11,620 млн теңгеге жаңа жеделсаты сатып алынды. Енді оған бейнебақылау камерасы да орнатылмақ.
Балабақша неге салқын?
Федоров. Тұрғындар мекеменің салқындығына шағым айтты. Кейін бұл келеңсіздіктің себебі анықталды. Биыл балабақшаны жылыту қатты отыннан газға ауыстырылған. Алайда жауапты мердігер қазандықты орнату жұмысын созбаққа салыпты. Кемшілік таяу күндері толығымен жойылмақ.
Ел мұңы – қатынас қиындығы
Майлин. Варварин ауылы тұрғындарын ауданішілік автобустың жоқтығы алаңдатып отыр. Олар таксимен қатынау қалтаны қағатынын айтады. Белгілі болғандай, «Лисаков-Варварин-Қостанай» маршрутына 2017 жылдан бері қызмет көрсеткен «Мухин» ЖК келісім-шарт мерзімі аяқталыпты. Оның орнына екі рет конкурс жарияланған. Бірақ әлі күнге ниет білдірушілер табылар емес.
Жас өлкетанушылар жарысы
Рудный. Туристік-өлкетану слет-байқауына 6 өңірден 40 шақты оқушы қатысты. Олар өз өңірлерін аралап шығып, ерекше нысандарын, көрікті жерлерін насихаттаудан сайысқа түсті. Топтарға туристерге тән түрлі тапсырмалар берілді. Қорытындысында рудныйлықтар жеңімпаз атанды. Меңдіқаралықтар екінші орын иеленсе, үшінші орынға Қостанай ауданының тобы лайық деп танылды. Оларға сый-сияпат табысталды.
Рудный. Туристік-өлкетану слет-байқауына 6 өңірден 40 шақты оқушы қатысты. Олар өз өңірлерін аралап шығып, ерекше нысандарын, көрікті жерлерін насихаттаудан сайысқа түсті. Топтарға туристерге тән түрлі тапсырмалар берілді. Қорытындысында рудныйлықтар жеңімпаз атанды. Меңдіқаралықтар екінші орын иеленсе, үшінші орынға Қостанай ауданының тобы лайық деп танылды. Оларға сый-сияпат табысталды.
Жойқын жол апаты
Әулиекөл. Қостанай-Әулиекөл-Сурған тас жолының 139-шақырымында жол апаты болды. «Газ» автокөлігі «Volvo» жүк көлігімен соқтығысты. Салдарынан алғашқы машинада болған 35 және 26 жастағы екі жолаушы қаза тапты. Ал оның жүргізушісі ауруханаға жеткізілген. Жүк көлігіндегілер аман-сау.