Айттық бізден!
Ертең жер бетіндегі күллі мұсылман қауымы үшін ұлық саналған Құрбан айт мерекесі келіп жетеді. Бұл – Алла разылығы үшін құрбандыққа мал шалынынатын мейрам. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ғ.с.) үмбеттері жыл айналып келетін қасиетті қажылық сапарын өтейтін, Қағбаға жүзін қаратып, Арафат тауында тілек тілейтін қастерлі мереке. Бұл күні әлемдегі ислам діні тараған барлық мемлекеттердегідей, біздің еліміздің мешіттерінде де айт намазы оқылып, мұсылман қауымы бірін-бірі құттықтап, құрбан шалуды бастайды.
Тобыл-Торғай өңірінде де Құрбан айт жыл салып маңызы артып келе жатқан мейрам. Соның бір айғағы – аймақ мешіттерінде өтетін қайырымдылық шарасының жалғас табуы. Елімізде құрылғанына аз уақыт өтсе де, көптеген жақсылық істерге мұрындық болған республикалық «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қоры мен облыстық мешіттің ұлық мереке қарсаңында тағы бір игі ісіне куә болып отырмыз. Биыл өңірімізде аз қамтылған отбасылардан шыққан 400 балаға оқуға қажетті құрал-жабдықтар таратылып берілді.
– «Мектепке жол» жалпыхалықтық акциясы аясында Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың тапсырмасымен «Мектепке сөмке» қайырымдылық шарасынан Қостанай өңірі де шет қалған жоқ. Облыстық Аймағанбет қажы Спанұлы мешітінде 80 балаға мектеп құралдарын тапсырсақ, қалғаны аймағымыздың аудан-қала мешіттерінде беріліп отыр. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мұсылмандарды бір-біріне сыйлық беруге шақырады, себебі сыйлық адамдар арасындағы сүйіспеншілікті оятып, сыйластықты арттыратыны жайында хадисі бар. Сол себіпті, ұлық мереке Құрбан айт қарсаңында бұл игі шараны ізгі адамдардың сіздерге берген сыйлығы деп қабыл алыңыздар. Ал жылдағы дәстүр бойынша облыста өтетін осы игі шараға тұрақты қол ұшын созып келе жатқан барша демеушіге, соның ішінде, айрықша, «Қостанай жолдары» ЖШС басшылығы мен ұжымына шексіз алғыс білдіреміз, – деді ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Бахытбек қажы Тәжімбет.
Биыл да Қостанай қаласы мен оның аумағына жақын елді мекен тұрғындары құрбандыққа шалынатын малдарды Қостанайдан Федоров ауданына шығатын тас жолы бойындағы «Амиго» ат клубы мен Затобол кентінің «5-ші дүкен» ауданындағы «Ақ ниет» базары аумағынан сатып ала алады. Биыл екі орында 600 қой-ешкі, 40 сиыр сатылмақ. «Құрбандығыңды шалып – мұқтаждарды қуант» акциясы өтіп, айттың алғашқы күнінен өңірдегі барлық мешіттер ет қабылдайды. Мереке соңында жылдағы үрдіс бойынша оны мұқтаж жандарға тарату жұмыстарын бастайды.
Сонымен қатар, биылғы мейрам жылдағыдай түрлі шараларға толы болмақ. Тамыздың 21-22 күндері «Амиго» ат клубы аумағында екі күн бойы ас беріледі. Осы бағытқа қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымен 4 автобус тегін қатынамақ. Ал айттың соңғы күні облыстық мешіт алаңында ұлттық күрестен жарыс өтіп, дастархан жайылады.
Үстіміздегі жылы республикадан 3 мың, соның ішінде біздің өңірімізден 27 адам қажылыққа аттанды. Бас имам Бахытбек қажы Тәжімбет сапаршыларымызбен ұдайы байланыста екенін, олардың денсаулық жағдайынан үзбей хабар алып отырғанын айтты. Алла амандығын берсе, Меккеде жүрген жерлестеріміз бас-аяғы төрт күнде қажылықтың негізгі шарттарын орындап шығады деді.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ