Батыр Барақ кесенесі басында
Ата-баба рухына тағзым жасап, зиярат ету – кейінгі ұрпақ міндеті. Марқұмдар разы болмай, тірінің береке таппайтыны қашаннан қазақтың наным-танымында бар. Демек, күні бүгінге дейін бұл үрдістің бұлжымай келуі – халықтық сана-салттан ажырамағанымыздың бір дәлеліндей. Өйткені, аруаққа құран бағыштауды "дінсіздік" деп танитындар көбейді қазір. Дұрысында, артына өріс қалдырған ата-тектің аты ардақталып, ұрпақ жадынан ұмыт болмағаны керек. Сарыкөлдік ағайындар соны бір дәлелдеп, қауымдасып, жергілікті қорым маңына ескерткіш қойып, Барақ батыр кесенесі басында ас берді.
Рухани шара осы өлкедегі уақ руы ұрпақтарының бастамасымен ұйымдастырылды. Алматы, Астана қалаларынан және облыстың әр түкпірінен Сарыкөлде туып-өскен екі жүзден астам адам жиналды. Ең негізгі мақсат – осы топырақта жатқан ата-бабалар рухына зиярат ету, жер-бесікке бөленген есімі мәшһүр тұлғаларды еске алып, құран бағыштау. Көпшілік ең әуелі жергілікті қорым басына жиналды. Бұны сарыкөлдіктер бұрыннан бері "Әйет тамы" деп атайды екен. Ақсақалдардың айтуынша, бұл жерде аты айрықша ардақты Кенжеқұл, Қоңырбай, Жанқұтты аталар, сондай-ақ өңірден шыққан белгілі тұлғалар жатыр. Бірінші жалпы аруақтарға құран шалынып, ізін ала, қорымның кіреберісіне орнатылған жаңа мәрмәр ескерткіштің ашылу рәсімі болды. "Бұл белгі тастың қойылуы – әуелі, өскелең ұрпақ алдындағы рухани өнеге, кейінгі буын үшін ата-бабалары мәңгілік тыныштық тапқан қорым қадірлі болуы тиіс,өткенін біліп жүруі шарт", – десті сөз алған үлкен кісілер. Ескерткіш жамағаттың қалталарынан қосқан қаржыға әзірленген.
"Бұл мәжіліс, бәрінен бұрын, ауызбірлік, ынтымақтың нышаны. Өйткені бұл жерге руластар ғана жиылған жоқ, ауыл болып ауқымды шараға атсалысып жатырмыз. Осынау ортақ міндетті бәріміз бірлесе көтеріп, өзгелерге өнеге боларлық сауапты іс жасадық деп ойлаймын, – деді осы шараның өтуіне мұрындық болған зейнеткер Сағидолла Ғалиев . – Мына ескерткіш белгіні қою да сол бірліктің арқасында мүмкін болып отыр. Мұның сыртында, осы маңға Ұлы Отан соғысынан қайтпаған жерлестеріміздің есімдері жазылған көлемді тақта орнату жоспарда бар".
Мұнан соң барлығы Барақ батыр кесенесін бетке алды. Осы киелі орынға да зиярат жасалып, қасиетті құран аяттары оқылды. Қазынакеуде қарттар жас буынға Барақ Жанұзақұлын таныстырды.
Ол – 1717-1810 жылдары аралығында ғұмыр кешкен тұлға. Кесене сыртында осы дата жазылулы тұр. Дегенмен, басқа тарихи деректерге сүйенсек, оның 1696 жылы туғаны көрсетіледі. Батырлығымен, емшілігімен, көріпкелдік қасиетімен халыққа танылған екен. Деректерде осы Қарабалуан Барақтың 1740-1758 жылдары қазақ жерін қалмақ басқыншыларынан азату ету жолындағы шайқастарға қатысқаны айтылады. Одан бөлек, нақты аса көп мәлімет жоқ, көбі – ел аузындағы дәйексіз әңгімелер. Қазіргі айшықты кесенесі батырдың 300 жылдық мерейтойы қарсаңында салынған екен (демек, оның 1696 жылы туғандығы қисынға жақынырақ).
Жергілікті жұрттың айтуынша, содан бері ауданда өтетін рухани шаралардың бәрі Барақ ескерткішіне тағзым етусіз өтпейді. Сондай-ақ, жол-жөнекей өткендердің өзі осы қасиетті кісінің басына келіп, бет сипап, аруағынан медет тілеп жататын көрінеді… Осы жолы да үлкен мәжіліске жиылған көпшілікке батыр кесенесі маңында ас берілді. Тағылымды әңгімелер айтылып, қатысушылардың бәріне естелік сыйлықтар үлестірілді.