400 тонна тауар апарады
Қостанай облысы қыркүйек айының басында Астана қаласында өтетін ауылшаруашылық жәрмеңкесінде 400 тонна өнім ұсынады. Бұл жөнінде облыстық әкімдікте өткен кеңес барысында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Астананың 20 жылдығы аясында биыл 1-2 қыркүйек аралығында елордада Қостанай облысының ауылшаруашылық кәсіпорындарының қатысуымен ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді. Облыстың 14 ауданы мен 3 қаласының кәсіпорындары 400 тонна өнімді өткізуді жоспарлап отыр», – деді Ғ. Нұрмұхамбетов.
Қостанай облысында жыл басынан бері 165 жәрмеңке ұйымдастырылған. Оларда жалпы 998 млн теңге көлемінде 2 205 тонна өнім ұсынылған. Ғ. Нұрмұхамбетов кей өңірлерде ауылшарушылық жәрмеңкелері аз өтетінін айтып, осы орайда жұмысты күшейтуге тапсырма берді.
Облыс әкімінің бірінші орынбасарының айтуынша, облыстық және бірқатар өңірлердегі ауылшаруашылық жәрмеңкелері күзде қайтадан өткізілетін болады.