Облыс әкімдігінің білім гранттары талқыланды

грантҚостанай облысының әкімдігі еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау үшін биыл 200 білім грантын бөлді. Соның 100-і медицина саласына беріліп отыр. Сейсенбі күні облыстағы конкурстық комиссиясының арнайы отырысы өтіп, грант иегерлерінің тізімі қаралды. 
2017 жылы «Білім туралы» ҚР заңындағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiмi бар мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру бойынша жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың құзіретіне бірқатар өзгерістер енгізілген болатын. Сол өзгерістерге сәйкес, жергілікті әкімдіктер еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау үшін мемлекеттік білім гранттарын тағайындап келеді. Биыл Қостанай облысының әкімдігі 200 білім грантын бөліп отыр. Соның жүзі медицина саласына бұйырыпты. Өйткені, өңірде дәрігерлердің тапшылығы анық байқалады. Қалған гранттар білім, өнер, техника, ауыл шаруашылығы салаларына үлестірілген. 
Жергілікті бюджет есебінен бөлінген гранттарды тағайындау конкурстық негізде жүргізіледі. Ол үшін арнайы екі комиссия құрылған. Комиссиялардың құрамына білім басқармасының басшысы, білім беру ісіне қатысы бар лауазымды тұлғалар енгізілген. Комиссия төрағасының орынбасары Марат Жүндібаев кеше облыстық әкімдікке комиссия мүшелерін жинап, кеңес құрды. Отырыста білім гранттарын тағайындау мәселесі қаралды. 
Байқау кезінде үміткерлердің ҰБТ немесе КТ (кешенді тестілеу) көрсеткіштері басты назарға алынды. Комиссия мүшелері ҰБТ немесе КТ сертификаттарындағы балл бойынша, грант иегерелерінің толық тізімін құрастырды. Нақты тізім 17 тамыздан бастап білім басқармасының және денсаулық сақтау басқармасының ресми сайтына және «Учительская +» газетіне жарияланатын болады. 
Биылғы конкурсқа қатысушылардың балдық көрсеткіштері өте жоғары. Мысалға медицина мамандығында оқығысы келетін жастардың алды 123 балмен көш бастап тұр. Сондай-ақ шет тілдері мамандығы бойынша білім алуды қалайтын үміткерлердің саны көп болып шықты. Бұл мамандыққа не бары үш грант бөлінген. Ал үміткерлердің саны – 23. 
– Бакалавриат, магистратурада оқитындарға шәкіртақы берілмейді. Тек қана резидентурада оқитын азаматтарға тағайындалады. Өйткені, резиденттер нағыз бізге қажетті мамандар. Біз болашақта резидентура түлектерін баспанамен қамтамасыз ететін боламыз,-деді М.Жүндібаев.  
Комиссия мүшесі Еркін Әбіл игерілмеген гранттарды басқа мамандықтарға бөлу туралы ұсыныс айтты. Білім басқармасының басшысы Батима Даумова келесі жылы гранттарды тағайындау кезінде жетім балалар мен мүгедектік санатын енгізуді сұрады. Биылғы жылдың талабы бойынша үміткерлердің сертификаттағы көрсеткіштеріне басымдық беріліп отыр.
 
Қымбат ДОСЖАНОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓