Үнемделген бюджет қаржысы қайда жұмсалады?
Қостанай облысы мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтті. Отырыста мемлекеттік тапсырыс аясында үнемделген 2 миллиардтан астам бюджет қаражатының қайда жұмсалатыны айқындалды.Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазинаның айтуынша, қаржының басым бөлігін білім саласына жұмсау көзделіп отыр. Бұл — 1 миллиард 10 миллион теңгеден астам теңге. Оның негізгі бөлігін білім беру мекемелерінің коммуналдық қызметтеріне, қалған 10,8 миллионын ауылдық жерлердегі балаларды мектепке тегін тасымалдауға жұмсау жоспарланған.
Мәдениет басқармасына — 340 млн теңге. Нәтижесінде 9 мыңнан астам бала шығармашылық үйірмелерге қатыса алады. Спорт және дене шынықтыру басқармасына — 283 миллион теңге. Оның 273 млн-ы 6 мыңнан астам баланы спорттық үйірлемелермен қамтуға жұмсалады, — деді Гүлбарам Мұсағазина.
Бюджеттік өтінімге сәйкес, құрылыс басқармасына 220 миллион теңгеден астам қаражат бөлінеді. Оның 150 миллион теңгесі Арқалықтағы үшқабатты үйді қайта жаңартуға жұмсалмақ. Соның нәтижесінде 18 пәтер ретке келтіріліп, инженерлік желілер жүргізіледі.
Ведомство басшысының айтуынша, бұл жобаны іске асыру бос лауазымдарға 18 дәрігерді тарту перспективасын тудырады.
Өрт кезінде зардап шеккен тұрғындар үшін салынып жатқан инженерлік инфрақұрылымы мен кірме жолдары бар Әулиекөл ауылындағы тұрғын үйлердегі құрылыс-монтаждау жұмыстарын жалғастыруға 69 миллион теңге бөлініп отыр. Сондай-ақ, өтінім бойынша табиғи ресурстар басқармасына 158 миллион теңгеден астам қаржы бөлінеді. Оның 96,8 миллионнан астамын Әулиекөл ауданындағы орман өртін сөндірген 221 өрт сөндірушінің үстемеақысына жұмсау көзделуде.