“Борышкер” операциясы: бір күнде – 600 150 теңге
14 тамызда Қостанай қаласы аумағында "Борышкер" жедел алдын алу шарасы бастау алды. Рейдтің алғашқы күні-ақ полицейлер, қала прокуратурасының өкілдері және жеке сот орындаушылар бірлесе жұмысқа кірісті. Алғашқы сағатта-ақ "Автоураган" жүйесіне тіркеліп қалған екі автокөлік иесі ұсталды. Олардың төлеуден жалтарып жүрген қомақты сомадағы айыппұлдары бар.
Қостанай қаласы ІІБ әкімшілік практика бөлімінің бастығы Серік Әбдіхалықовтың айтуынша, бұл шара борышынан қасақана жалтаратын азаматтарды жауапкершілікке тартуға бағытталады.
"Борышкер" операциясын өткізу кезінде тәртіп сақшылары құқықбұзушыларды тұрғылықты мекенжайы бойынша іздеп барады. Ескерту салынып, сот шешімін орындамаған жағдайда дүние-мүліктері тәркіленеді, – дейді ол.
Айта кетейік, сот орындаушылар борышкерлердің айыппұлын мәжбүрлі түрде талап ету ақпаратын жұмыс орндарына да жолдайды.
Ереже бұзғыш борышкерлермен күресуге "Автоураган" аппаратты-бағдарламалық кешенінің көмегі көп тиюде. Ол жылдамдық режимін тіркеуге алады.
Сонымен, рейдтің алғашқы сағатында "Пежо" және "Шкода" көліктерінің жүргізушілері ұсталды. Екеуінің де мойнында "Автоураган" анықтап берген төрт айыппұлдан бар. Сомасы 60 мыңнан асқан.
Полицейлер оларға 30 күн ішінде төлемесе, заң күшімен мәжбүрлі түрде еселеніп қайтарылатынын ескертті. Сондай-ақ, олар жүргізуші куәлігінен айырылып, жылжымайтын мүліктері тәркіленіп, тіпті ел аумағынан тысқа шығу мүмкіндіктері шектелуі де ғажап емес. Айыппұл сомасының 25%-ын сот орындаушыларға да төлеуге міндеттеледі.
Бұған қоса, әкімшілік айыппұлдың хаттама толтырылған күннен апта уақыт өткенге дейін 50%-ын төлеуге құқы бар. Бұл мерзімнен кешіксе, толық өтеуге мәжбүрленеді.
Әр қостанайлық өтелмеген айыппұлының бар-жоғын әкімшілік полицияға немесе ХҚКО-на жүгіну арқылы біле алады.
"Борышкер" шарасының алғашқы күнінде 600 150 теңге әкімшілік айыппұл өндірілді.
Жыл басынан бері қалалық ІІБ қызметкерлері 23 878 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтап, жалпы сомасы 189 060 380 теңге болатын айыппұл салып, 9 587 дерек бойынша 106 943 845 теңгесі өндірілген.